Илья Ильин Токио Олимпиадасына жолдама алуға ниетті. Ол Өзбекстанда өткен халықаралық бірлік чемпионатында топ жарды. 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған спортшымыз қоссайыс нәтижесінде 355 келіні бағындырды.
Илья – айтқанынан қайтпайтын спортшы. Психология тұрғысынан да мығым екенін талай жарыста дәлелдеді. Соның бірі – Ташкентте өткен дәстүрлі VI халықаралық бірлік чемпионаты. 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Илья алтын медаль алды. Отандасымыз қоссайыс қорытындысы бойынша 355 келі көтерді. Жұлқи көтеруде 160 келі, серпе көтеруде 195 келіні бағындырып, жеңімпаз атанды. Катар зілтеміршісі Фарес Ельбахқа күміс жүлде бұйырды. Оның көрсеткіші – 353 келі (159+194). Ал өзбек атлеті Умарбек Шохназаров үздік үштікті түйіндеді. Жергілікті спортшы қоссайыс бойынша 341 келі көтерді.
8-12 ақпан аралығында өтетін турнирде құрамамыз құралақан емес. Илья Ильиннен бұрын 61 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Игорь Сон (286 келі) алтын жүлдеге ие болды. Аталған турнир Токио Олимпиадасына іріктеу турнирі есебіне кіреді. Байрақты бәсекеде 47 елдің ауыр атлеттері өзара жүлдені сарапқа салады.
Естеріңізде болса, Ильин 2019 жылы Паттайя қаласында өткен Әлем чемпионатына қатысты. Бұл біріншілікте Илья 96 келі салмақта сынға түсті. Нәтижесінде, чемпионатты 13-орынмен ақтады. Қоссайыс қорытындысы бойынша 363 келіні бағындырды. Бұдан кейін ол Instagram парақшасында ары қарай не істейтінін жазған еді.
Илья үлкен спортта 32 жасқа дейін жүретінін жазды. Сәті түссе, Токио олимпиадасына қатысқысы келетінін атап өтті. Әрі спорттан кетсе де, ауыр атлетика саласында жүретінін айтты. Бастысы ол олимпиадаға баспалдақ ретінде Ташкент пен Нұр-Сұлтан қаласында өтетін турнирді көрсеткен. Яғни, спортшымыз алғашқы баспалдақтан өтті. Бұған салмақ дәрежесін өзгерткені де әсер етті. Өйткені бұрын 96 келіде өнер көрсеткен ол 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне ауысты. Әрі уақытылы жаттығу жасап, психологиялық дайындық жүргізгені көрініп-ақ тұр.
Ауыр атлеттің ендігі мақсаты – Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азия чемпионаты. Аталған сайыс 18-22 сәуірде Jekpe-jek сарайында өтеді. Бұл да Токио Олимпиадасына жол салар турнир. Егер Илья топ жарып жатса, олимпиадаға қатысу үміті қайта тұтанады. Бәрі сәтімен орындалса, айбынды ұлдың әлемдік аренадағы атағын қайтаруға мүмкіндік туады.
Айбике ЖАНАСЫЛ