Мессенджерлер өзара бәсекеге түскен дәуірде бірін үздік деп айту қиын. Десе де ішінде WhatsApp басымдыққа ие. Танымал мессенджер қолданушысы 2 миллиардқа жеткен. Бұл туралы WhatsApp әкімшілігі Twitter-де хабарлады. Компания енді жеке ақпаратты қорғауға көңіл бөлетінін жазды. Алдағы уақытта WhatsApp арқылы жіберілген хабарламаның бәрі шифрланады. Арнайы блогта хабарлама тек телефонда сақталатынын, оны үшінші бір адам оқи алмайтынын жазған. Қоңыраудың да тыңдалмайтынын, тіпті бұған мессенджер әкімшілігінің де мүмкіндігі жоқ екенін атап өткен. Мессенджерде орындалған бар пәрмен қолданушы мен әңгімелесуші арасында қалатынын көрсеткен. WhatsApp-тың мұндай мәлімдеме жасауына БҰҰ қызметкерлерінің мәлімдемесі себеп болды. БҰҰ бас хатшысының орынбасары Фархан Хақ 23 қаңтарда өткен брифингте қызметкерлерінің мессенджерге күмәнмен қарайтынын айтты. Оның мәлімдеуінше, БҰҰ қызметкерлері WhatsApp-қа кірмейді. Олардың ойынша, WhatsApp қауіпсіз механизм емес. Бас хатшының бұлай деуіне бірнеше жағдай себеп болды. Соның бірі – Amazon компаниясының басшысы Джефф Безостың телефонындағы ақпараттың таралуы. Бұдан бөлек, Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров та WhatsApp-ты сынап жүр. WhatsApp қолданушы жазған хатты, файлды қорғауға қауқары жоқ екенін бірнеше мәрте айтқан. Ол өз тарапынан бірнеше болжам жасады. Мессенджерден ақау шығатыны, мұны хаккерлер өзінше пайдалатынын көрсетті. Тіпті мемлекеттік мекемелер де жеке мәліметке қол сұға алатынын айтты. Десе де жаһан жұрты WhatsApp-тан бас тартқан жоқ. 2017 жылы мессенджер қолданушысы бір миллиардқа, 2020 жылы екі миллиардқа жетті. 2009 жылы шыққан WhatsApp ел арасында жылдам сұранысқа ие болды. Табыс әкелетін бастама екенін білген Facebook компаниясы WhatsApp-ты 2014 жылы 19 миллиард долларға сатып алды. А.ЖОЛДАС