Сырда 9 мектеп пайдалануға беріледі

Сырда 9 мектеп пайдалануға беріледі

Бірер аптадан кейін мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, жаңа  оқу жылы басталады. Қызылорда облысында биылғы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Алдағы міндетті жұмыстардың ауқымдылығы да көз қуантады. Оның ішінде аймақта бірнеше жаңа білім беру ошағы пайдалануға берілмек. Сол сияқты «Мектепке жол» акциясы аясында да қайырымдылық шаралары жолға қойылса, педагогтердің біліктілігін арттыру бағытында да ауқымды істер атқарылады. Қазір Қызылорда облысында әлеуметтік көмекті қажет ететін 31 мың 312 балаға «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында міндетті оқу қоры есебінен бір реттік көмек беру жоспарланған. Мұны атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балақайлар ала алады.

 – «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы 1 тамыздан басталып 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Бүгінгі таңда ата-аналар білім беру ұйымдарына өз өтініштерін тапсырып жатыр. Айта кетейін, жоғарыда аталған санаттарға кірмейтін балаларға демеушілік есебінен көмек көрсетілетін болады, – дейді облыс әкімдігі Білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов.
Бүгінде Сыр өңірінде әлеуметтік көмекті қажет ететін 31 мың 312 отбасы болса, оның ішінде 12 мың 748 атаулы көмек алады. Сондай-ақ күнкөріс көрсеткіші төмен 15 377 отбасы, ал жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 593 бала және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындаған 2 594 бала бар. Қызылордалық бүлдіршіндерден 1-сыныпқа құжат қабылдау науқаны 1-сәуір мен 1-тамыз аралығында жүргізілген. Төрт айға созылған қабылдауда облыс бойынша 17 371 өтініш түсіпті. Осы өтініштердің 93 пайызы электронды форматта болса, қалған 7 пайызы қағаз түрінде тапсырылған.
«Электронды түрде құжат қабылдау 1-тамызда аяқталғанымен, түрлі отбасылық жағдайларға байланысты құжатын уақытылы өткізе алмаған ата-аналар өздері таңдаған білім беру ұйымына барып қағаз түрінде өтініш білдіре алады. Оқу форматы туралы қоғамда түрлі жаңсақ пікірлер тарап жатыр. Айта кетейін, жаңа оқу жылында оқушылар дәстүрлі форматта білім алатын болады. Алайда еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты кейбір шектеу шаралары (қоғамдық орындарда бетперде тағу, күнделікті келушілердің температурасын өлшеу) қабылдануы мүмкін, бірақ онлайн оқу болмайды», – деді Бағдат Камбозұлы.
Негізінен, биыл оқушылардың 89,7 пайызы мемлекеттік тілде оқуға құжат тапсырған. Қазақ тілінде оқуды таңдаған бірінші сынып оқушыларының басым көбі Арал, Жалағаш, Сырдария және Жаңа қорған аудандарына тиесілі. Бұл жағынан Қызылорда облысы республика бойынша көш басында тұр. Нақты уақытта облыста пән мұғалімдеріне арналған курстар өз жұмысын бастаған. Бұл тұрғыда пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарын «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының өкілдері EdCrunch Academy-мен бірлесіп әзірлеген. Мамандар 12 пән бойынша 44 бағдарлама дайындаған. Оған аймағымыздан барлығы 2000-нан астам мұғалімдер, директорлар мен орынбасарлар қатыстырылатын болады. Аймақтың білім саласында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мұнымен шектеліп қалмайды. Жаңа оқу жылында өңірде 4 350 орынға арналған 9 мектеп пайдалануға берілмек. Оның екеуі апаттық жағдайдағы мектептердің орнына ашылады. Жаңадан ашылатын мектептердің алтауы мемлекет қаржысына салынса, қалған үшеуі жеке инвесторлар есебінен бой көтеретін болады. Сонымен қатар облыс аумағында пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан 6 мектепке күрделі жөндеу және 13 білім беру нысаны қазандықтарын газға ауыстыру және 2 мектептің бу қазандықтарын ғимараттан шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірдегі мектептерде ағымдағы күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сай аяқталып, оқушыларға қажетті оқулықтар 20 тамыздан кейін таратыла бастайды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,

Қызылорда облысы