Алматы облысында жолдастарын құтқарған сарбаз ауыр соққыдан қайтыс болды
Алматы облысында жолдастарын құтқарған сарбаз ауыр соққыдан қайтыс болды
Фото: kaz.elorda.info
1,487
оқылды
Алматыда Ұлттық ұлан 5571 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметкері қаза тапты, –­­ деп жазады Tengrinews.kz. Ұлттық ұлан  «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес, 5571 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальон жеке құрамы 2022 жылдың 8 мен 13 тамызы аралығында 5574 әскери бөлімінің оқу орталығында далалық жаттығуда болған. «2022 жылғы 9 тамызда сағат 20.55 шамасында қатты дауыл соққан. Желдің екпінімен сарбаздар орналасқан шатыр қалашығы бүліне бастаған. Қатардағы А.Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп шатырдан соңғы болып шыққан кезде, шатырдың темір жақтауы басына тиіп жарақат алған. Қатардағы А.Шахимовқа жедел медициналық көмек көрсетіліп, санитарлық көлікпен Қонаев қаласындағы қалалық ауруханаға жеткізілген. Алайда қалалық аурухана дәрігерлері сарбаздың қаза тапқанын растады. Қатардағы А.Н.Шахимов өзінің жанқиярлық әрекетімен жолдастарын құтқарып, өкінішке қарай өзі қатты соққыдан қаза болды», -  делінген ресми хабарламада.
Қатардағы А.Шахимов 2003 жылы туған. Ұлттық ұлан қатарында 2022 жылдың көктемінде Ақмола облысы Көкшетау қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен шақырылған.
Оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.