Баршаның сапалы білім алуы мүмкін бе?
Баршаның сапалы білім алуы мүмкін бе?
1,004
оқылды
Білім сапасы өзекті тақырыпқа айналып, жан-жақты талқыланып, мемлекеттік бағдарламаларға кіре бастағанына көп уақыт болған жоқ. Соңғы 30 жылда ғана мамандар білім беру жүйесінің жұмысын зерттеп, оның сапасына ден қоя бастады. Бүгінгі әлемде білім беру сапасына көңілі толатын ел жоқ. Заман талабы солай, барлығы өзгеруге, дамуға ұмтылады. Оқыту мен тәрбие берудің жаңа амалдары мен тәсілдерін іздейді. Өйткені қазір экономиканың әлеуеті, қоғамның сапасы, елдің болашағы адами капиталға барынша тәуелді. Бұған дейін көп жылдар бойы тек халықтың сауаттылығына назар аударылып келді. Мемлекеттің даму деңгейі халықтың сауаттылығымен өлшенді. Мәселен, кезінде Кеңес Одағы біздегі сауаттылық деңгейі 100 пайыз дейтін, соны зор мақтан тұтты. Ал сауаттылық деңгейі төмен елдерді артта қалған қоғам санады. Қазір сауаттылық қоғам дамуының көрсеткіші болудан қалды. Бүгінгі білім беру жүйесі балаға әріп танытып, санап үйретуді мақсат етпейді, міндет санамайды. Ол өзімен-өзі шешіліп жатқан, базалық қажеттілік санатына көшті. Есесіне білім сапасын өлшеу, оны арттыру аса өзекті және күрделі мәселеге айналды. Себебі бүгінгі мемлекет пен қоғамның болмысы, болашағы, бәсекеге қабілеті тек адами капиталмен өлшенеді. Яғни, мемлекеттің қауқары, экономикасының күші, әлеуеті сол ел азаматтарының білігімен, жинаған білімімен, мәдениетімен анықталады. Өйткені білімінің экономикалық өсімге тікелей ықпалы бар екені дәлелденді. Әлемде экономикасы шын мәнінде қуатты, қоғамы ілгері, адамзат өркениеті мақтана алатын елдер көп емес. Себебі сапалы адами капитал өсіру – аса қиын шаруа. Адами капиталды қалыптастыратын құрамдас бөліктердің ең күрделісі – білім сапасы. Білім сапасын көтеру өте қиын әрі қысқа уақытта шешіле салатын мәселе емес. Өйткені оқыту әдістемесін терең игерген, оқушымен жақсы байланыс орнатып, кез келген баланың қабілетін дамыта алатын жақсы мұғалім жеткіліксіз. Ондай ұстаздар қауымын қалыптастыру – өз алдына күрделі міндет. Мұндай педагогтерді іздеп тауып, жас кезінен баулып, оларды кәсіби маман ретінде өсіріп, жұмыс істеуіне жағдайды жасай алатын білім ошақтары болуы керек. Ондай білім ошақтарын жеткілікті мөлшерде құрып, олардың дамуына жағдай жасай алатын мемлекет одан да аз. Сондықтан да сапалы білімге көпшіліктің қолы жетпейді. Бұл Қазақстанға ғана қатысты емес, әлемге ортақ жағдай. Мәселен, танымал Гарвард университеті дүние жүзінің ең қабілетті студенттерін оқыту үшін әлемнің ең мықты мамандарын жинайды, олардың сапалы жұмысына қажетті барлық жағдайды жасайды. Ең мықты деген ғалымдарды тартады, мұнда ондаған Нобель сыйлығының лауреаты жұмыс істейді. Университеттің жеке қорында 50 млрд АҚШ долларынан аса қаражаты бар. Ол қаражатты ғылыми зерттеулерге, білім беруге қажетті жағдай жасауға, білікті оқытушыларды жұмысқа шақыруға тартынбай жұмсай алады. Бірақ осындай мол мүмкіндігі бар білім ордасында бар-жоғы 6 мың студент қана оқиды. Біздің еліміздегі кез келген орташа университеттегі студент саны одан әлде қайда көп. Осындай қыруар қаржы мен мол мүмкіндікті иеленіп отырса да, Гарвард студент санын көбейтуге тырыспайды. Себебі қазіргі әлемдік білім беру жүйесі эксклюзивті логикаға құрылған. Ол тек санаулы, іріктеулі, аз ғана адамға қолжетімді. Тағы бір мысал. Ұлыбританияның «Итон» (Eton College) деп аталатын атақты мектебі балаларды 13 жасынан бастап қабылдап, үлкен өмірге дайындайды. Мұнда ағылшын қоғамының ең ықпалды, ең бай, ең ауқатты деген отбасының балалары оқиды. Бұл мектеп 20-ға тарта Премьер-министр тәрбиелеп шығарған. Мұндағы оқушы саны мыңға да жетпейді. Яғни, шын мәнінде, сапалы білім беретін ұйымдар көп оқушы қамти алмайды. Өз елімізден бір мысал. Мәселен, Назарбаев Зияткерлік мектептері еліміздегі ең үздік мұғалімдерді жинап, әлемде бар ең озық оқу құралдары мен әдістемені қолданады. Мектептерді тамаша жабдықтап, балаларға өте сапалы білім беріп жатыр. Бірақ мұнда оқитын оқушы саны Қазақстандағы барлық оқушылар санының 1 пайызына да жетпейді. Қысқасы, шамасы жеткендер және жолы болғандар ғана сапалы білім алады, ал басым көпшіліктің таңдау мүмкіндігі жоқ. Иә, әділетсіз! Қажет десеңіз, интеллектуалдық сегрегация деуге болады. Баршаға сапалы білім беретін ел бар ма? Барлық мектебінде бірдей сапалы білім беретін Финляндия секілді саусақпен санарлық елдер бар. Ең ауқатты Америка Құрама Штаттарының өзінде бұл міндет жүзеге аспады. Ал оны іске асыру үшін не істеу керек? Қалыптасқан дәстүрлі білім беру жүйесімен жүруді жалғастыра берсек, оған қол жеткізу мүмкін емес. Бізге эксклюзивті емес, инклюзивті, яғни барлығына тең мүмкіндік туғызатын білім беру жүйесі қажет. Арнаулы мектеп пен жай мектеп, қала баласы мен ауыл баласы білім алу мен өмірге қажетті дағдыларды игеруде тең мүмкіндіктерге ие болуы керек. Оны іске асырудың екі жолы бар. Біріншісі, барлық оқушысы бір ауысымда оқи алатын, жақсы жабдықталған, тамаша ұстаздары бар мыңдаған жаңа мектеп салынуы керек. Алайда бізде оған жеткілікті қаражат пен қажетті ұстаздар жоқ. Екіншісі, алдыңғы қатарлы оқу мазмұны мен әдістемені цифрландыру арқылы әр балаға ең озық үлгіде білім алуға жол ашу. Меніңше, білім беру жүйесін жанжақты және терең цифрландыру – қысқа мерзімде іске асуы қажет, біздің алдымызда тұрған ең маңызды міндет.

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ,

Bilim Media Group компаниясының

негізін қалаушы, қоғам қайраткері