Абай сыни ойлауды қазақта ғылыми негізде бірінші қолданушы – абайтанушы Сұлтан Ыбырай
Абай сыни ойлауды қазақта ғылыми негізде бірінші қолданушы – абайтанушы Сұлтан Ыбырай
937
оқылды
Бүгін – Абай күні. Осыдан 3 жыл бұрын хакімнің туған күні Қазақстандағы мерекелік күндер тізбесіне атаулы күн ретінде енді. Содан бері елімізде Абай күнінде Ұлы ақынның мұрасын насихаттауға бағытталған мәдени, ғылыми-ағартушылық іс-шаралар өткізу дәстүрге айналды. Сұлтан Ыбырай, абайтанушы: Хакім шығармаларын қарап отырып,  Абайдың ел мінезін түзету жолында көп ізденгенін, өз заманындағы қолы жеткен батыстың да, шығыстың да әдебиеттерін оқығанын шамалауға болады. Ежелден келе жатқан үрдіспен орта ғасырдағы Декартқа дейін адамзат өзін-өзі тану үшін адамның жанын зерттеу жолын ұстанған ақын адам психологиясын зерттеуге көп күш салған. Бір мысал: Абайдың «Сенбе жұртқа...» деп басталатын өлеңінде «Өзіңе сен өзіңді алып шығар,  Қайратың ақылыңмен екі жақтап» деген жолдың  «Еңбегің ақылыңмен...» деген нұсқамен таласы әлі жүріп жатыр. Ақыл мен қайратың жеткіліксіз болса дұрыс еңбек ете алмайсың, өнімсіз, нәтижесіз болады. Яғни, дұрыс еңбек – ақыл мен қайраттың бірлескен жемісі.  Қайрат – мінездің сипаты. Ақыл мен мінез – Абайдың жантану ілімінің (жалпы психологияның) басты тақырыбы. Тағы бір мысал – «Қырық үшінші қара сөз». Сыни тұрғыдан ойлау психология ғылымында маңызды болып саналады, өйткені сыни тұрғыдан ойлау – сенім мен іс-әрекетке арналған нұсқаулық ретінде бақылау, тәжірибе, рефлексия, пайымдау немесе қарым-қатынас нәтижесінде алынған, жинақталған ақпаратты белсенді және шебер тұжырымдау, қолдану, талдау, синтездеу және бағалаудың интеллектуалды тәртіптелген процесі. Сыни ойлау жүйесі бізден 2500 жыл бұрынғы Сократ хакімге барып тіреледі, Сократ көпшілікке сұрау сала отырып, адамдар өздерінің «білем» деген тақырыбын өз ақылымен негіздей алмайтынына көз жеткізген, шатастырылған мағыналар, орынсыз дәлелдер, теріс сенімдер әдемі сөздің тасасында қалып қоятынын байқаған. Философ ақылға сиятын білім мен түсініктер адамның «беделіне» де байланысты емес екенін анықтаған, ол  билік пен қоғамдағы жоғары орны бар лауазымды адамдар да абдырағыш, ақылға шолақ болуы мүмкіндігін көрсеткен. Сондықтан Сократ хакім бір идеяға сенбестен бұрын, адамдарға ой салатын, терең мағыналы сұрақтарды қоюдың маңыздылығына көзі жеткен. Философ дәлелдерді іздеудің, осы дәлелдер мен пікірлерге мұқият көңіл бөлу, түсініктер мен айтылған, істелген істердің себеп-салдарын сараптаудың маңызын айтқан. Бұл сұрау әдісі «Сократ сұраулары» деген атпен белгілі және сыни ойлауды оқытудың ең белгілі стратегиясы болып табылады. Осы сұрау әдісінде Сократ нәтиже анық болуы үшін, ақылға салып ойланудың және логикалық бірізділіктің міндетті екенін ескерткен. Қара сөздерінде Абай хакімнің ащы сұрақтарды көптеп қоюы  осы сыни ойлау тәсілін жете меңгергенінде жатыр. Сыни ойлау – адам өз ақыл-ойымен сырттан келіп түскен ақпаратқа күмәнмен қарай алу қабілеті. Осы тұрғыда Абай сыни ойлауды қазақта бірінші ғылыми негізде қолданушы. Сыни ойлау үлкен мағынасында – проблемалардың ішкі логикасына үңіле алатын, өзімшілдіксіз, әлеуметтік жіктеусіз шынайы зерттей алатын тұлғаның ой-пікірі, яғни тұлға өзін абстракциялы түрде қоғамнан ажыратып, сол қоғамдағы проблемаларға жоғарыдан, сырт көз болып қарай алу деңгейіне жетуі. Сыни ойлау ақиқатқа жету бағытындағы кездесетін кедергілерден шынайылықпен өтуге бағытталады. Абай шығармаларын атүсті қарасаңыз немесе орысша аудармасын оқысаңыз, хакім қазақты жамандаушы, қисық қырын ғана көрген болып көрінуі мүмкін. Нәтижесінде, бүгін Абай қазақты жек көрген деген ой-пікірлер тарай бастады. Кемеңгер ақын ащы сұрақтарын қоя отырып, берісі қазақ, әрісі бүкіл адамзат қоғамындағы проблемаларды анықтап, оның себеп-салдарын, ақиқаттың не екенін, қайдан іздеу керек екенін «Отыз сегізінші қара сөзі» – «Ғақлиат Тасдиқатта» анықтап берді, қоғамдағы қиындықтар адамның мінезінен (жарым адам) туындайтына көз жеткізді, сондықтан да өзі бұл шығарманы «мінез жайындағы жәдігер» деп атады. Мінез жайындағы жәдігер, яғни адам тәрбиесі неге негізделу керегі жөніндегі сұрақ. Мұнда дін, философия жатыр. Бірақ негізгі тақырып – психология. Қандай адамның мінезі толық болмақ? Үш нәрсе адамның мінезін өзгертпекші, толықтырмақшы, ғылым игерсе, әділетті болса, мейірімді болса. Бұл үш қасиетке ие болған адамнан жамандық шықпайды. Бұл жеке адам түгілі дамыған елдерде мемлекеттік деңгейде іске асыратын идея: шынайы заңға негізделген әділет жүйесін жасау, оқу-ғылымды дамыту, мейірім-денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек жүйесін қалыптастыру. Бұл үшеуі адамды, адамзатты дамыту жолындағы мәңгілік құндылықтар, сондықтан да ескірмейді. Бұл жолды Алашорда арыстары іске асыруға тырысқан. Сол жолды біз де жалғастырғанымыз абзал.

Асыл ТҰМАР