Екінші оқылымда газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет туралы заңдар қабылданды. Қытаймен арадағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім ратификацияланды.
Мәжіліс «Топырақты қорғау туралы» депутаттық заң жобасы мен ілеспе түзетулерін бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобаларын депутат, бастама авторларының бірі Нұржан Әшімбетов таныстырды.
– Заң жобасында «Топырақ» ұғымы реттеудің жеке объектісі ретінде қарастырылған. Осыған байланысты оны сақтаудың бірыңғай ережелері, деградациядан қорғаудың тиімді тетігі әзірленді. Топырақ – жердің бір бөлігі ғана емес, күрделі биологиялық жүйе, тұтастай алғанда бүкіл экожүйенің негізі, оның жағдайы климатпен, сумен және биоресурстармен тікелей байланысты. Топырақты сақтауда ғылымның рөліне ерекше назар аударылады, – деді депутат.
Нұржан Әшімбетов бүгінде ауыл шаруашылығы алқаптарын цифрландыру 100 % аяқталғанын баса айтты. Заң жобасында аграрлық сала мамандарына жер учаскелерінің цифрлық паспортын беру ұсынылады. Онда шекаралар мен өлшемдер туралы мәліметтер ғана емес, сонымен қатар топырақтың сапасы туралы деректер де болады. Кейін шаруалардың өздері топырақтың жай-күйіне тұрақты түрде агрохимиялық талдау жүргізуге міндетті болады. Сапа көрсеткіштерінің төмендеуі оларға қатысты жауапкершілік шараларына әкеп соғады.
Бұдан бөлек, жерді пайдаланушылар жұмыс барысында топырақтың құнарлы қабатын сылып алуға, оның дұрыс сақталуы мен пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндеттеледі, оны басқа жерге шығаруға тыйым салынады. Сондай-ақ ауыспалы егісті қолдануды және ғылыми негізделген жүйеге сәйкес тыңайтқыш себу сынды топырақтың құнарын қалпына келтіру бойынша міндетті шаралар енгізіледі. Қосымша ретінде топырақты су астында қалудан, батпақтанудан, қайта сортаңданудан, тозудан, құрғаудан және тығыздалудан қорғау талаптары, сондай-ақ деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру шаралары бекітіледі.
Талқылау барысында депутаттар баяндамашы мен жауапты мемлекеттік органдардың өкілдеріне бірқатар нақты сұрақ қойды. Олар өңірлердің тыңайтқыштарды қолдану жүйесінің дайындығына, мамандандырылған зертханалардың бар-жоғына, сондай-ақ ауа райы мен климаттық жағдайларды ескере отырып белгіленген талаптардың сақталуын тиімді басқаруға назар аударды. Топырақтың құнарлы қабатын сыртқа шығаруға тыйым салудан бас тарту туралы шешімге және жердің құнарлығын сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған шараларға ерекше тоқталды.
Заң жобаларына қатысты талқылаулар Нұржан Әшімбетов жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.
Сондай-ақ жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша депутаттық түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды. Әріптестерін заң жобасының негізгі ережелерімен Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы, бастаманың авторы, жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева таныстырды.
Депутат жобада жол қозғалысы ережелерінің бұзылғанын анықтайтын және тіркейтін техникалық құралдарды пайдалану тәртібі нақтыланатынын айтты. Құралдар автожолдарға және мемлекеттік органдардың, жедел жәрдем қызметтерінің, сондай-ақ тұрақты жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын тасымалдаушылардың көліктеріне орнатылатын болады.
– Сонымен қатар көлік құралын жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарының қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту ұсынылады. Атап айтқанда, автомектептердің қызметіне рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Рұқсат алған оқу ұйымдарының мемлекеттік тізілімін құру ұсынылады, бұл мектептерді алдағы уақытта да бақылап отыруға жол ашады, – деді Екатерина Смышляева.
Заң жобасында медициналық деректерді Ішкі істер министрлігінің автоматтандырылған дерекқорларымен интеграциялау қарастырылған. Бұл шаралар көлік жүргізуге медициналық тұрғыда теріс көрсеткіштері бар адамдардың көлік тізгіндеу ықтималдығын жояды.
Түзетулердің жеке блогы жеке деректерді қорғау мен киберқауіпсіздік мәселелеріне арналды. Екатерина Смышляева өзгерістер азаматтардың жеке деректерін қорғау туралы конституциялық норманы іске асыру мақсатымен қабылданғанына назар аударды. Атап айтқанда, жеке деректер операторларын шағын, орта және ірі деп жіктеу, сондай-ақ жария болып кеткен жеке деректердің тізілімі енгізіледі. Бұл тізілім азаматтарға өздерінің қандай жеке деректері ашық тарап кеткенін немесе деректердің тарап кеткенінің теріс салдары болуы ықтимал екенін біле алады.
Сонымен қатар жеке деректерді жариялау және алмасу кезінде оларды қорғауға қатысты талаптар күшейтіледі. Азаматтардың өз жеке деректерін көпшілікке қолжетімді дереккөздерде жариялауға беретін келісіміне қойылатын талаптар нақтыланады.
Бұдан бөлек, цифрлық инфрақұрылымның аса маңызды нысандарына мемлекеттік бақылау жасау функцияларын қайта бөлу ұсынылады. Оны басқару саясатын Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құзыретінде қалдыру, ал мемлекеттік бақылау функцияларын Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беру көзделуде.
Талқылау барысында депутаттар жеке деректерді қорғау бойынша қолданыстағы нормалардың тиімділігін арттыру, ақпараттың жылыстауының алдын алу шараларын күшейту қажеттігін айтты. Климаттық ерекшеліктерді ескере отырып, қысқы кезеңде автокөліктерді жылытуға қатысты тыйымды қайта қарау мүмкіндігі талқыланды. Мәжіліс депутаттары жүргізушілерді даярлау саласындағы мәселелерге, соның ішінде автомектептердегі сыбайлас жемқорлық сын-қатерлеріне де назар аударды. Бұдан бөлек, жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі көтерілді.
Барлық ұсыныс Екатерина Смышляеваның жетекшілігімен жұмыс тобының отырыстарында қаралатын болады.
Депутаттар бастамашы болған аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Құжаттың мақсаты – жабайы табиғатты орнықты пайдалануды қамтамасыз ету, биоалуандықты сақтау және осы саладағы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру.
Мәжіліс депутаты, құжат авторларының бірі Дүйсенбай Тұрғанов заң жобасында аң аулауға қойылатын талаптар күшейтілетінін, атап айтқанда, тыйым салу шаралары тізбесі кеңейтілетінін хабарлады. Бұл норма аңшылықпен неғұрлым жауапкершілікпен айналысуды қамтамасыз етуге және жануарлар дүниесіне шамадан тыс жүк түсірудің алдын алуға бағытталған.
– Заманауи техникалық құралдарды, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын, түнде көру құрылғыларын және өзге де құрылғыларды пайдалануға шектеу енгізіледі. Сонымен қатар қорықшылық қызмет институты мен мемлекеттік бақылау күшейтіледі. Қорықшыларды міндетті түрде даярлау қарастырылып, олардың өкілеттіктері кеңейтіледі, – деп түсіндірді депутат.
Қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Аян Зейнуллин биологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін жануарлар дүниесі объектілерінің санын реттеу және сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі төнген түрлерді есепке алу тәртібі енгізіліп жатқанын айтты. Мемлекеттік табиғи қаумалдарда жануарларды өсіруді дамыту бойынша, сондай-ақ заңсыз ауланған жануарларды заңдастыруға жол бермеу мақсатымен қолда және жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарларды тіркеу тәртібін белгілеу бойынша уәкілетті органның құзыреттері айқындалады.
Заң жобасының жеке блогында жануарлар дүниесі және жануарларға қарау саласындағы құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі. Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, ақбөкен дериваттарының заңсыз айналымы үшін санкциялар енгізіледі, құқықбұзушылықтарды анықтау және жолын кесуге қатысты лауазымды тұлғалардың өкілеттіктері кеңейтіледі.

Бұдан бөлек, Президенттің тапсырмасын орындау мақсатымен жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін жауапкершілік айтарлықтай артады. Осыған байланысты құжатта жануарларға қасақана ауырсыну тудырғаны, жарақаттағаны немесе олардың өліміне себеп болғаны үшін әкімшілік жазаны қатаңдату қарастырылған. Мұндай құқықбұзушылықтар үшін айыппұл көлемі ауырлық дәрежесіне қарай сараланып, бірнеше есе артады. Қайталанса немесе ауыр бұзушылықтар жағдайында қылмыстық жауапкершілік күшейтіледі.
Жаза ретінде 2000 АЕК-ке дейінгі айыппұлдар, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту көзделген. Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге шектей отырып немесе онсыз үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Сондай-ақ құқықбұзушылық құралдарын тәркілеу және болашақта жануарларды ұстау құқығынан айыру сияқты қосымша ықпал ету шаралары да қарастырылған.
Жалпы отырыс барысында 2025 жылғы 16 маусымда Астана қаласында жасалған Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім ратификацияланды. Құжат инвестициялық қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасауға, тікелей шетелдік инвестиция ағынын ынталандыруға және екі елдің экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Оны депутаттарға Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров таныстырды.
Қосымша баяндама жасаған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Айгүл Құспан келісім аясында екі ел инвесторлары үшін әділ және тең құқықты режім қамтамасыз етілетінін, сондай-ақ инвестициялық дауларды шешудің ашық тетігі жасалатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл Қытайдағы қазақстандық инвесторлар мен Қазақстандағы қытайлық инвесторлар өз құқықтарын қорғаудың нақты, түсінікті және ортақ кепілдігін алатынын білдіреді, сын-қатерлер азайып, іскерлік ортаның болжамдылығы артады және сенім нығаяды.
Мәжіліс газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Вера Кимнің айтуынша, негізгі нормалар газ есебін цифрландыруды және оның ашықтығын арттыруды, сондай-ақ газ тарату ұйымдарының қызметін мемлекеттік реттеуді күшейтуді қамтиды. Сонымен қатар бағаны белгілеу тәсілдері қайта қаралып, газ саласындағы ұлттық оператор тарапынан газдандырудың бюджеттік жобаларының іске асырылуына бақылау күшейтіледі.
Бұдан бөлек, түзетулер бір газ тарату жүйесі арқылы бірнеше ұйымның тауарлық газды бір мезгілде тасымалдауына тыйым салады. Газ таратушы компаниялар үшін магистральды газ құбырларына тікелей қосылу талабы белгіленіп, газ тарату инфрақұрылымының жекелеген нысандарын салу мүмкіндігі беріледі.
Депутаттардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заңы екінші оқылымда ілеспе түзетулерімен бірге қабылданды. Құжат Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасында айқындалған міндеттерді іске асыру үшін әзірленген. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, жұмыс тобының жетекшісі Айдос Сарымның айтуынша, түзетулер арқылы мүдделер қақтығысының алдын алу және оны реттеу институты жетілдіріледі.
Осылайша, заң аясында бұл жұмыстағы әдеп жөніндегі уәкілдің, комплаенс-қызметтің және персоналды басқару қызметінің рөлі артады. Лауазымдық өкілеттіктерді жеке мүдделер үшін пайдалануға жол бермеу түріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізіледі. Лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет шараларын қолданбағаны үшін жауапкершілігінің құқықтық тетіктері жетілдіріледі.
Сонымен қатар пара талап ету, уәде беру немесе ұсыну қылмыстық сипатқа ие болады. «Тұрмыстық жемқорлықты» жою үшін мемлекеттік қызметшіге немесе соған теңестірілген тұлғаға жатпайтын мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдар қызметкерлерінің ірі мөлшерде немесе бопсалау арқылы заңсыз сыйақы алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қатаңдатылады. Мұндай тұлғаларға сыйақы бергені үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Сондай-ақ заңды тұлғалардың мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғаларды сатып алуға (пара беруге) талпынғаны үшін жауапкершілігі күшейтіледі.
Бұдан бөлек, Мәжіліс Сенаттың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына енгізген түзетулерімен келісті.
Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Ерболат Сатыбалды атап өткендей, Парламент Сенаты қаралып отырған заңға иесіз жануарлардың санын реттеу мәселелерін жергілікті өкілді органдардың деңгейіне беруге қатысты бірқатар нақтылаушы түзетулер енгізді. Сондай-ақ «иесіз жануарлар» ұғымы нақтыланып, ветеринариялық қорытынды негізінде жануарларды жансыздандыру туралы шешім қабылдау туралы норма толықтырылды және басқа да өзгерістер енгізілді.
Жалпы алғанда, Мәжіліс қабылдаған заңның тұжырымдамасы өзгермейді, түзетулер тек нақтылау сипатына ие. Бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделі сақталады.
Жалпы отырыс барысында Мәжіліс «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасын жұмысқа алды, ол бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына мәжілісмендер арасынан кандидатуралар келісілді.
Бұдан бөлек, салалық комитеттер Салық кодексіне енгізілетін түзетулерді, сондай-ақ Қазақстан мен Сингапур арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді және Халықаралық жолмен жүк тасымалдау шарты туралы конвенцияны ратификациялау жобаларын жұмысқа қабылдады.
