Орташа жалақыны ойдан құрай ма?
Орташа жалақыны ойдан құрай ма?
569
оқылды
Қымбатшылық қарқын алған сайын ресми статистика шығарушылар елдегі орташа жалақы мөлшерін де асырып көрсететін әдет тапқандай. Таяуда ұлттық статистика бюросы Қазақстанда орташа жалақының өсіп, оның 312 мың теңге болғанын хабарлады. Бірақ қоғамда бұл дерекке күмәнданған жандар көп болды. Қаржы саласының сарапшылары да аталған дерекке сенгісі келмейді. Шынында, орташа жалақы мөлшері қандай межеде?   ҚИСЫНСЫЗ ЕСЕП-ҚИСАП Сонымен, ресми деректе Қазақстанда екінші тоқсанда орташа жалақы көлемі 312 мың 11 теңгені құрады. Инфляция өсті деп жүрсек, құдды жалақы да одан қалыспай өскендей. Себебі көрсеткіш 1 жыл бұрынғымен салыстырғанда бақандай 24 пайызға өсіпті. Әсіресе, құрылысшылар айлықтың өскеніне қарқ болып жатқанға ұқсайды. Олардың жалақысы 35,5 пайызға өсіпті (!). Көлік және қойма шаруашылығы (34,8 пайыз өсім) мен тау-кен өнеркәсібі де (28,3 пайыз) табысқа батқан. Айтпақшы, биыл бірінші тоқсанның қорытындысында орташа айлық 285 мың теңге деп көрсетілген еді. Статистика бюросы санға келгенде мәрттік танытып, айналдырған 3 айдың ішінде 27 мың теңге қосып жіберіпті. Өңірлер бойынша жіктесек, Атырау облысы (506 мың теңге) мен Маңғыстау облысындағы (458 мың теңге) орташа мөлшері көпшіліктің таңдайын қақтырды. Ең аз деп көрсетілген Солтүстік Қазақстан облысының өзінде орта жалақы 232 мың теңге екен. Мұндағы сан неліктен жоғары болып тұрғаны белгілі. Мәселе мынада, жауаптылар есеп жүргізгенде бір адам 100 мың теңге жалақы алатын болса, келесі бір адамның айлығы 1 миллион теңгеге жетсе, екеуі орташа 550 мың теңге табыс табады дей салады. Демек, орташа жалақы деген ұғым толыққанды халықтың жағдайын ашып көрсетпейді. Мұны экономист Марат Қайрленов те растап отыр.
– Біріншіден, бізде орташа жалақыны есептеу жүйесі жөнсіз. Жағдайды шынайы бағаламайды. Егер медианалық, модульдік түрде есептесе құптар едік. Орташа жалақының дұрыс есептелмегеніне бір дәлел – азық-түлік шығындары. Кезінде қазақстандықтар жалақысының 33 пайызын азық-түлікке жұмсайтын. Яғни, Румыния, Босния елдерімен шамалас болатын. 2021 жылы бұл көрсеткіш 53 пайызға жетті. Африка елдерінде азық-түлікке жалақының 52-56 пайызы жұмсалады. Демек, біз әлемдегі ең кедей елдердің санатына қосылдық. Еуропа елдерінде азық-түлік шығыны 18 пайыз. Елімізбен салыстырғанда 3 есе айырмашылық бар. Екіншіден, таяуда Прьемер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысына есеп беріп, «2 миллионнан астам адамның жалақысы өскенін» айтты. Әрине, аз емес. Бірақ қараңыз, елімізде еңбекке қабілетті 9,3 млн адам бар. Сонда оның 23 пайызының ғана жалақысы өскен. Мүмкін бизнесте қызметкерлерінің айлығын сіргендер бар болар. Дөңгелетіп 25 пайыз деп алайық. Ал 75 пайызының жағдайы не болып жатыр? Осы ситуацияға назар аудармадық. Инфляция деңгейі жуырда 20 пайызға жетті. Азық-түлікті айтпағанда, азаматтар коммуналдық шығын, несие төлейді, балалардың керек-жарағы бар. Осыдан кейін адамдар қалай өмір сүріп жатқанын бағамдай беріңіз, – дейді сарапшы.
Қазақстандықтардың ай сайынғы орташа табысы 312 мың теңге деп көрсетілді, бірақ жұрттың бәрі осындай көлемде айлық алады деген сөз емес. Ал медианалық тұрғыдан қарасақ, еліміздегі әр азаматтың орташа табысы 196 мың теңге мөлшерінде ғана. Орташа жалақы мен медианалық жалақы мөлшерінің арасында 37 пайыз айырмашылық бар. Бұл дегеніңіз, әлеуметтік теңсіздіктің көрінісі, алшақтық неғұрлым көп болса, жалақы теңсіздігі мен аз айлық алатын адамдар саны арта береді. Демек, ірі және орта кәсіпорындарда жұмыс істейтін халықтың 50 пайызы 196 мың теңгеден артық жалақы ала алмай жүр деген сөз. Дамыған Еуропа елдері медиандық көрсеткіштен гөрі модульдік көрсеткішті құп көреді. Яғни, қоғамда қай мөлшердегі жалақы көп кездеседі, соны алады. Сондай-ақ Еуропада медианалық жалақы көрсеткішінің 50 пайызы елдегі ең аз жалақы болуы керек десе, көрші Ресей мединалық жалақының 40 пайызын ең төменгі күн көріс деңгейі ретінде қарайды. Егер бұл көзқарасқа салсақ, Қазақстанда ең аз жалақының өзі 98 мыңнан кем болмауы тиіс. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 78 мыңнан асуы қажет еді.   АҚПАРАТТЫҢ АҚИҚАТЫ БЕЛГІСІЗ Жалпы, елімізде статистикаға қатысты кемшілік көп. Мәселен, ауыл халқының орташа жалақысы жайлы дерек жоқ. Бір-екі мәрте мінберлерден айтылғаны болмаса, жауаптылар осынау статистикалық деректі түзуді қажет деп таппайтындай. Экономист Сағидолла Баймұрат «ол секілді жекелеген статистиканы шенеуніктер қажет санамайтынын» айтты.
– Шынайы жағдайды көрсету жауаптыларға қажет емес дүние. Ауыл халқының орта жалақысын шығарар болса, ел дүрлігер еді. Оларға аула сыпырушының қанша теңге айлық алатынын көрсету тағы керек емес. Статистикаға саясаттың ықпал ететінін білген жөн. «Мұғалімдердің жалақысын көтердік» дейді, ал жас мұғалімдерде айлық төмен. Олар есеп бергенде 1,5 мөлшерлемемен көрсетуі мүмкін. Статистиканы шығарарда жауаптылар enbek.kz-ке кіріп қарасын, шарттарын оқысын. Ондай жалақы таба алмай, сәл шынайы жағдайды көрер еді. Дегенмен бізде «қара касса» деген түсінік бар. 312 мың «қара кассаны» қоса есептесе шындық болуы да мүмкін. Бірақ ешкім ақпараттың ақиқатын растай алмайды. База ашық емес. Кәсіпкерлер әр тоқсан сайын қағаз жүзінде есеп тапсырады. Кімдікі өтірік не шынайы, білмейміз. База жүйелі түрде зерттеуді қажет етеді. Тағы бір мәселе – орташа жалақыны инфляциямен салыстырып отыру керек. Сондықтан мұндай ақпаратқа сенудің қажеті жоқ, – деді сарапшы.
Айтпақшы, жалақы туралы деректерде де түрлі қызық жайттар бар. Мәселен, Қазақстанда барлық жүкті әйелге бірдей төленетін жәрдемақылардан бөлек, әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша жәрдемақы алуға мүмкіндік болды. «Декретке миллионмен шығу» деген ауызекі ұран да жайлап кеткенін білеміз. Бірақ ол миллионды алудың өз шарттары бар. Ол адамның айлық табысы 290 мың теңгеден кем болмауы керек. Дегенмен екі адамның бірінде ондай жалақы жоғы белгілі. Сонан соң азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, патентке 1 пайыз (табыс салығы) – 2 970 теңге. Зейнетақы қоры 10 пайыз – 29 700 теңге, әлеуметтік төлемге 3,5 пайыз – 10 395 теңге төлейді. Осылай 12 ай бойы төлем жасап, бала күтіміне байланысты демалысқа миллионер болып әрекет жасайды. Енді қараңыз, осындай қадамға барғандардың бәрінің жалақысы ресми түрде 290 мыңнан артық саналып кетеді. Бұл фактордың да елдегі орташа жалақы мөлшерінің жоғары болып көрінуіне әсер етіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Қорыта айтқанда, елімізде орташа жалақы 312 мың дегенге көпшілікті күле қарауы тегін емес. Біздің ойымызша, медианалық көрсеткіш (196 мың теңге) шындыққа жақын. Статистика құраушылардың аяқасты бұлай «айды аспанға шығарғанында» бір мән жатқандай. Қымбатшылық халықтың алқымынан алғанда «соған сай жалақы да өсіп жатыр» деген ойды тудыруға ұмтылса керек. Келесі тоқсанның қорытындысында мұндай олқылық қайталанбасына дәмеліміз.