Жері мал бағуға да, егін салуға да қолайлы Жамбыл өңірінде ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Шаруалардың төккен тер, еткен еңбегінің өтеуі болып, қамба астыққа толып, төрт түліктің де саны жыл санап көбейіп келеді. Ауыл шаруашылығын өңір экономикасының драйверіне айналдыру мақсатында инвестициялық жобалар жүзеге асып, тың технологиялар да қолданыла бастады.711 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, ағымдағы жылдың алты айында асыраушы салада 100,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 102 пайызды құраған. Оның ішінде егін шаруашылығында 4,3 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 126,6 пайызға жетсе, мал шаруашылығында 95,7 миллиард теңгенің өнімі шығарылып, өсім 101 пайызды еңсерген. Аграрлық саланың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 14,1 миллиард теңгені құраса, жыл соңына дейін оны 46,7 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған.
Есепті кезеңде ет өндірісі 59,6 мың тоннаны құрап 1,3 пайызға артса, сүт өндірісі 159 мың тоннаға жетіп 1,4 пайызға артқан. Сол сияқты облыстағы мал саны 4,6 миллион басты құрап, 4,5 пайызға өсіп отыр. Жалпы, жыл қорытындысымен 89,4 мың тонна ет, 341,4 мың тонна сүт және 155,3 миллион дана жұмыртқа өндіру жоспарда бар. Жамбыл облысының 2022-2025 жылдары аралығындағы даму жоспары аясында агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 73,5 миллиард теңгені құрайтын 711 кіші жоба іске асырылып, 4301 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Даму жоспары аясында 451 жылыжай, 37 жеміс және көкөніс сақтау қоймасы, 51 мал бордақылау алаңы, 29 қайта өңдеу кәсіпорны пайдалануға берілмек. Мұнан бөлек, 40 су үнемдеу технологиясы, 26 құс, 36 балық шаруашылығы, 9 сүт тауарлы ферма және 31 өзге де шағын жобалар іске асырылады. Осының есебінен еңбек өнімділігі 2,7 пайызға, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10 пайызға артып, ет өндірісі 7,0 пайызға, сүт 0,7 пайызға және жұмыртқа өнімі 2,5 пайызға ұлғаяды.
КЛАСТЕРЛІК ТӘСІЛДІҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ
Елді мекендерде кооперация жүйесін дамыту мақсатында аудан әкімдері ауыл шаруашылығы саласы потенциалын түбегейлі зерделеп, әр ауылдық округтің өнім өндіру, қайта өңдеу және өнімді өткеруде кластерлік тәсілді қолдана отырып жоспар әзірлеген. Кластерлік тәсілді қолдану үшін 10 ауданнан 1 ауылдық округтен және Тараз қаласынан 1 массив таңдап алынып отыр. Жоспарға сәйкес, 2023 жылы 1,9 миллиард теңгеге 1018 аулада (1018 жоба) 94,2 гектарға әр округтің бейімділігіне қарай әртүрлі дақыл түрлері егіліп, 268 адам жұмыспен қамтылады. Сәйкесінше, жаңа кластерлік негізде балық, сүт, шұбат, қымыз және ет өнімдерін өңдеу цехтары құрылмақ. 14 өңдеу цехы оларда томат, ет, балық, жеміс-жидек, қымыз, шұбат сияқты өнімдер шығарылады. Алқаптарға таңқурай, құлпынай, алма сияқты жемістермен бірге көкөністің картоп, пияз, сәбіз, қызанақ, қияр, қырыққабат сынды түрлері егіледі. Нәтижесінде, үй іргесіндегі жерден 1 060 тонна көкөніс және 700 тонна жеміс жиналмақ. Қайта өңдеуші кәсіпорындар арқылы жылына 100 тонна сүт, қызанақтан 10 тонна томат және 10 тонна жеміс шырынын шығарады. Сонымен қатар 1000 тонна ет және 20 тонна балық өндіру жоспарланып отыр. Жоба жүйелі жүзеге асырылғаннан кейін 2024 жылы әр ауданнан 3-5 ауылдық округке кластерлік тәсілді қолдану жалғастырылады.
ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕНІҢ ШАРАПАТЫН КӨРЕДІ
Облыста ағын суды тиімді пайдалану және оның техникалық шығынын азайту бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Мәселен, су үнемдеу технологиялары 2021 жылы 40,5 мың гектарға қолданылса, биыл бұл көрсеткіш 50 мың гектарға жеткізілді.
– Осы бағыттағы жұмысты ілгерілету мақсатында 2022 жылы 4,5 миллиард теңгеге «Valley» компаниясымен 2,6 мың гектар алқапқа 50 жаңбырлатқыш қондырғысы орнатылады. Бұдан бөлек, облыста ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту және қант қызылшасы дақылына қажетті техника базасын жақсартуға шаруашылықтарға облыстық бюджеттен 717,7 миллион теңге жеңілдетілген несие қарастырылды. Сондай-ақ 2022 жылы облыстағы қаржы институттары арқылы ауыл шаруашылығын қолдауға 23 миллиард теңге сомасында жеңілдетілген несие бөлініп, 9,3 миллиард теңгесі шаруаларға берілді. Байқап тұрсаңыздар, биыл агро өнеркәсіп кешені саласындағы мемлекеттік қолдаулар үлесі айтарлықтай ұлғайып отыр. Тағы бір тілге тиек етерлігі, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары облыс бойынша егіс алаңының 756 мың гектарға орналастырылып, 2021 жылмен салыстырғанда 5,4 мың гектарға ұлғайды, – дейді облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов.
ТЕХНИКАЛЫҚ ПАРК ЖАҢАРДЫ
Бүгінде облыстағы агроқұрылымдардың еншісінде 12316 дана ауыл шаруашылығы техникасы бар. Биыл жаңартылған техника санын 11 пайызға жеткізу жоспарланса, есепті кезеңде бұл көрсеткіш 5 пайызға орындалған. Алынған техника саны 611 дана болса, оның 7-і комбайн, 106-ы трактор және 498-і өзге де техникалар.
Асылтұқымды бұқаны табынға қосу арқылы елді мекендердегі мүйізді ірі қараны асылдандыру жұмыстары да жемісті жүргізіліп келеді. Сиыр табандарына «Голштейн», «Қазақтың ақбас бұқасы», «Әулиекөл», «Ангус», «Герефорд» сияқты асылтұқымды 163 бұқа қосылған.
Өңірде ет өнімін тереңдете өңдеумен жылдық қуаттылығы 35933 тоннаны құрайтын 43 кәсіпорын айналысады. 2020 жылы 10 мың 800 тонна ет өңделіп жүктелімі 30 пайызды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 13 мың 500 тоннаға жеткен. Ал 2022 жылы 15 мың 500 тонна етті өңдеп, өндірістік қуаттылықты 43 пайызға көтеру жоспарланған. Сонымен қатар сүт өндірісін дамыту мақсатында облыста жылдық қуаттылығы 79 мың 500 тоннаны құрайтын 24 сүт өңдеуші кәсіпорын жұмыс атқарады. 2020 жылы 65 мың 100 тонна сүт өңделіп жүктелімі 82 пайызды құраса, биыл 70 мың 200 тонна сүт шығарып, жүктелімі 88 пайызға дейін артпақ.
ПАЙДАСЫ МОЛ ПИЛОТТЫҚ ЖОБА
Халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында 2019 жылы бастау алған пилоттық жоба өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсетті. Жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылса, бұл жобаны несиелендіру көлемі 9,2 миллиард теңгеге жеткен. Бес бағытты қамтитын жоба аясында бұқараның басты базынасы 2,5 пайыздық несие мен елді мекендегі мүлікті кепілге қою мәселесі шешілді. Сонымен қатар қосымша 2 282 жеке кәсіпкерлік субъектісі ашылып, үй және жер құжаттары ресми түрде реттеліп, жер мен мүлік салығы жүйеленді. Сондай-ақ жұмыссыздар саны 194 адамға азайып, 589 жаңа жұмыс орны ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 отбасыға немесе 65 пайызға кеміді. Жобаға қатысушылардың орташа айлық табысы 44 мың теңгеден 73 мың теңгеге өсті.
– Жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелер есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан 3 ауылдық округ қосымша енгізіліп, 253 жаңа жоба жанданды. 28 дана ауыл шаруашылығы техникасы беріліп, бір отбасының қосымша табысы 82 мың теңгеге жетті.
Пилоттық жобамен өңірдегі қалған 139 ауылдық округті толығымен қамтуға қажетті қаржы көлемі 75,5 миллиард теңгені құрайды.
Баянды бастаманың екінші кезеңінде 25 мыңнан астам жаңа кәсіпорын ашылып, 7 500-ге жуық жұмыс орны құрылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 16 мың адамға қысқармақ. Сондай-ақ үй іргесіндегі егіс көлемі 109 мың 777 аулаға дейін жетіп, 112 мың тонна көкөніс, бақша дақылдары және 231 мың тонна ет пен сүт өнімдері өндіріледі. 798 мың тонна дәнді дақылдар мен мал азығы дайындалады. Агроөнеркәсіп кешені саласында жүзеге асырылып жатқан жобалар басқарманың тұрақты бақылауында және белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізілетін болады, – дейді облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов.
P.S Әрине, аграрлық саланың алға басуымен ауылдағы ағайынның тұрмысын түзеледі. Бастысы, азық-түлік қауіпсіздігі, импортқа тәуелділік мәселелері кезең-кезеңімен шешіледі. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы қарышты қадам ретінде пилоттық жобаның жалғасын тапқаны қуантады. Енді осы жеткен межеге тоқмейілсімей, жыл аяғында межелі көрсеткіштер асыра орындалып жатса құба-құп.