Студентті сергелдеңге салар кез
Студентті сергелдеңге салар кез
Коллаж: Елдар Қаба
641
оқылды
Жылдағыдай биыл да студенттерге жатақхана жетпейді. Орын таппаған жастар пәтер жалдауға мәжбүр болары анық. Мұндайда пәтер жалдау ақысы да күрт шарықтап кетеді. Былтыр оқу маусымы басталар сәтте жалға берілетін баспана құны 2 есе өсіп, студенттерді сарсаңға салғанын білеміз. Биыл сол жағдай қайталана ма? Ал оқу орындарының әзірлігі қандай?   ЖАТАҚХАНА ЖЫРҒА АЙНАЛДЫ Жатақхана жайы билік үшін күн тәртібінен түскен емес. 2020 жылы мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың орынды қамтитын жатақхана салынуы тиіс екенін айтқан болатын. Сондықтан бұл мәселені назарға алуымыз бекер емес. Бір қызығы, бұл мәселеде Үкімет салғырттық танытқандай. Eйткені 2019 жылы Үкіметте Білім беру мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарамасын бекіту жайы сөз болған. Сонда студенттерді қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына қарай 75 мың орындық жатақхана пайдалануға берілетіні айтылған. Сол жылы 8 мың орындық жатақхана ашылған екен. Әйтсе де, 2020 жылы пандемия болып, студенттер онлайн оқыған кезеңде жатақхана мәселесі әңгімеге арқау болмай қалды. Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша, 10 364 орындық 49 жатақхана салынған. Биыл алғашқы 6 айда 1320 орынды қамтитын 6 жатақханының құрылысы біткен. Демек, 2019 жылдан бері 20 мыңнан астам орындық жатақхана тұрғызылған. Сонда 75 мыңдық меже қайда қалды? Үкімет әрі кетсе жоспардың 30 пайызын ғана орындағанға ұқсайды.   СТУДЕНТТЕРДІҢ 16 ПАЙЫЗЫНА ҒАНА ЖАТАҚХАНА БЕРІЛЕДІ Осы күні Қазақстанда жалпы 1 миллионнан астам студент бар. Биыл олардың қаншасы жатақханамен қамтылатыны әзірге белгісіз. Ал былтырғы дерекке көз жүгіртсек, 1,1 миллион студенттің 174 мыңы, яғни 16 пайызы ғана жатақханамен қамтылған екен. Осыған қарап-ақ жағдайды бағамдай беруге болады. Иә, тапшылықтың барын ешкім жасырмайды. Жылдағы әдет бойынша университеттер бірінші кезекте жатақханаға 1 курс студенттерін орналастырады. Одан кейін университет қабырғасында белсенділігімен көзге түскендерге орын тиеді. Содан соң қалғандарының үлгергені алып, үлгермегені қалады. Студент үйіне орналаса алмаған тәлімгерлер пәтер жалдап тұруға мәжбүр болатыны сөзсіз. Оған сәл кейін ораламыз. Жастарға қатысты мәселелерді жиі көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев қазір еліміздің студенттеріне ең аз дегенде, минималды өлшеммен жатақханадан 85 мың орын қажет екенін айтады. Былтыр 80 мың болған. Қажеттілік жыл сайын өсіп жатыр. Біз алдын ала жағдайды бағамдау үшін еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындарына хабарласып, әзірлігін тексеріп шықтық. Алдымен, Қазақстандағы ең іргелі оқу ордасы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне хабарластық. Университеттің жастармен жұмыс жөніндегі департамент директоры Жұлдыз Есімова жатақханада орын тапшылығы бар екенін жасырмады.
– Былтыр оқу орнында 25 мың студент оқыды. Биыл шамамен 22 мың студент болады. Өйткені биылдан бастап бізге бөлінетін мемлекеттік грант саны азайды. Оқу орны ғылыми зерттеу жағына бағыт алды. Қазір 5840 орынды қамтитын 15 жатақханамыз бар. Министрлік талабы бойынша келісімшарт негізінде студенттерге қосымша 1300 орын таптық. Хостелден 272 орын қарастырдық. Барлығы 7412 орын болмақ. Енді қараңыз, 22 мың студенттің 5 мыңы Алматы қаласында тұрады. Тағы жеті мыңдайы жатақханада тұруға келіспей, әр жерден орын табады. Сонда жатақханаға шын мұқтаж 10 мыңы қалмақ. Оның 7400-ін қамтамасыз ете аламыз. Бірінші кезекте толық жетім, мүгедектігі бар немесе көпбалалы отбасыдан шыққандар орын алады. Одан соң жақсы оқығандардың кезегі, – дейді ол.
Демек, оқу орны шамамен 2,5 мың студентті жатақханамен қамти алмайтын сыңайы бар. Тағы бір дәйек – Қазақ ұлттық университетінің соңғы салынған жатақханасына 50 жыл болған екен. Бізді алаңдататыны, содан бері жауаптылар бір де бір жатақхана салудың жолын қарастырмағаны. Бұдан соң астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне хабарласқан едік. Оқу ордасының баспасөз қызметі «қолдарында нақты дерек жоғын, бірінші курс студенттерінің саны анықталмағанын» айтып, мәселе бойынша ақпараттар 25 тамызда ғана дайын болатынын жеткізді. Алматыда орналасқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің өкілдері де орын тапшылығы болатынын жасырмады. Бірінші курс студенттерін әлі толық қабылдап үлгермегенін айтқан олар, студенттердің санына байланысты нақты дерек 10-15 қыркүйек аралығында дайын болатынын жеткізді. Негізі университетте 5 жатақхана бар. Оған 1287 білім алушы сыяды. Жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Кімдер орын алатынын арнайы комиссия қарастырып, шешеді екен. Әзірге оқу ордасы басқа ғимараттарды жатақхана ретінде жалға алу жолын іздестіріп жатқанын мәлімдеді. Ал Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде жағдай жылдағыдай қиын секілді. 1300 студентті жатақханамен қамти алады, бірақ жыл сайын 1-курсқа түсетін білім алушылардың санының өзі 2 мыңның төңірегінде. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 1368 орны бар 3 жатақхана дайын тұр екен. Оқу орны алдағы уақытта бір оқу корпусын жатақханаға айналдырмақ ниетте. Нәтижесінде, 1 қыркүйектен бастап тағы 350 орын қосылмақ. Міне, жоғары оқу орындарының бәрі де тапшылық барын ашық айтты. Сол себепті биыл да пәтер жағалайтын жастардың саны көп болатындай.   ПӘТЕР ИЕЛЕРІНІҢ ПАЙДАКҮНЕМДІГІ Жатақханадан орын бұйырмаған студенттердің пәтер жағалайтыны онсыз да белгілі. Бірақ нарық заңдылығына сай оқу маусымы басталар алдында сұраныс арта сала пәтер жалдау құны шарықтап шыға келеді. 2021 жылы тамыз бен қыркүйек айларында осы мәселеге қатысты біраз дау туғанын білеміз. Биыл да сол жағдай қайталануы мүмкін. Қазірдің өзінде пәтер иелері мен риэлторлар бағаны өсіруге көшті. Krisha.kzтегі хабарландыруларда «студенттер келетін кез жақындады, сондықтан пәтер жалдау бағасын қымбатсынбаңыз» деген жазбаларды жиі көзіміз шалатын болды. Жаңа оқу жылы таяғанда студенттердің қалаға ағыларын біліп, пәтер жалдау құны қымбаттайтын әдет бұрыннан бар еді. Әйткенмен, соңғы екі жылдағы бағалар шектен шыққандай көрінеді. Пандемия басталмай тұрған жылдары Алматы мен астанадан бір бөлмелі пәтерді 80-90 мың теңгеге жалдауға болатын. Табу да аса қиындық тудырмайтын. Ал былтырдан бері баға 150 мыңнан басталып, екі бөлмелі пәтерлер 200-300 мыңға дейін өсе берді. 20-30 мың теңге шәкіртақы алатын студенттер үшін мұның ауыр екені айтпаса да белгілі. Ақылы бөлімде оқитындардың жағдайы тіпті қиын. Пәтер иелері мен риэлторлар мұның сұраныстан қалыптасқан жағдай екенін айтып ақталғандай болады. Былтырға дейін бәрінің сылтауы пандемия болған. Ал қазір елдегі қымбатшылық басты себепке айналды. Мысалы, биыл елордадағы сол жағалаудан 1 бөлмелі пәтер жалдау құны 140-150 мың, оң жағалаудан 120-150 мың теңге шамасында бағаланып тұр. Дегенмен тамыздың соңы мен қыркүйекке қарай 1 бөлмелі пәтер үшін баға 160-170 мың теңгеге жете ме деген қорқыныш бар. Eйткені былтыр дәл сол кезеңде 170-180 мыңға дейін өскені есте. Ал жылжымайтын мүлік саласының маманы Нұрсұлтан Сафарғалиевтің бағаны пәтер иелері қалай қойса, жағдай солай болатынын айтады.
– Барлығы маусымдық сұранысқа байланысты. Студенттер қалаға келгеннен кейін үлкен мегаполисте сұраныс сөзсіз өседі. Тек студенттер емес, жұмыс істеуге келетін азаматтар бар. Құрылыс заттарының қымбаттағанын алға тартып, пәтер иелері бағаны көтереді. Ал риэлторлықпен айналысатын компаниялар бағаны белгілемейді. Бағаны белгілейтін – үйдің иесі. Олар риэлторлардың ығына көнбейді. Айналып келгенде пәтер жалдаудың қымбаттауы баспана бағасының шарықтауымен байланысты, – дейді ол.
Әзірге қалаға келіп жатқан студент жастардың қарқыны қатты байқалмайды. Дегенмен алдағы аптадан бастап сезілетін болса керек. Өйткені мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі енді шықты. Ақылы оқығысы келетін жастар да университет жағалай бастайды. Сол кезде бұл мәселеге амалсыз айналып соғуымыз ғажап емес.   Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі:
– Жатақхана мәселесін бір емес, бірнеше рет қозғадық. Шамамен, осыдан 2 ай бұрын Үкіметке депутаттық сауал жолдадым. Жалпы, «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында еліміз бойынша 50 мың орынға арналған студенттік жатақханалар салынуы тиіс. Бұл – партия тарапынан қойылған нақты, әрі студент жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған басты шешім. Cтуденттің сапалы білім алуы үшін оның жатақханамен қамтамасыз етілуінің маңызы зор. Елімізде 1 миллионнан астам студент бар. Ал студенттерге жатақхана жетіспеушілігі кем дегенде 85 мыңнан астам орынды құрап отыр. Яғни, 85 мың студент пәтер жағалап, оқуды емес, керісінше пәтерақының қамымен жүр. Әсіресе, cтуденттер жатақханасының ең үлкен жетіспеушілігі Нұр-Сұлтанда – 17 мың, Алматыда – 35 мың, ал Шымкентте – 10 мың орын. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, 10 364 орындық 49 жатақхана салынған. Ал 2022 жылдың жоспарына сәйкес, 35 жатақхана салынуы тиіс. Бірақ бұл процесс те баяу әрі тиімсіз шаралардың кесірінен уақытында орындалмауы мүмкін. Жылдың бел ортасына жетсе де, Үкімет тарапынан, оның ішінде Қаржы министрлігі жатақханалардың құрылысын қолдауға бағытталған жүйелі өзгерістерді қабылдауға даяр емес. Студенттік жатақханалар ең маңызды әлеуметтік нысан екенін ескеретін уақыт жетті. Мысалы, биыл салынуы тиіс 10 мың орындық жатақхананың 6 ай ішінде тек 1320 орынға арналған алтауының құрылысы аяқталған. Жалпы құрылыстың 13 пайызы ғана. Оған қоса, 3,5 мың орынға арналған 9 жатақхананың құрылысы биыл аяқталуы екіталай. Бұл тұста екі проблема бар. Біріншіден, 2021- 2022 жылдардың қорытындысы бойынша, құрылыс материалдары орта есеппен 40-50 пайызға қымбаттауына байланысты мемлекеттік тапсырыс алудың тиімділігі жоғалды. Студенттік жатақхана салуға ынталы инвесторларды табу қиындап, керісінше 5,6 мың орындық 16 жатақхананың келісімшарты тоқтатылды. Сондықтан тез арада студенттік жатақхана салу механизмдерін арттыру тетіктерін енгізу қажет. Яғни, мемлекеттік төлемдерді 8 жылдан 6 жылға қысқартып, қайтарымды қаржының сомасын кемінде 25 пайызға көтеруді ұсындық. Екіншіден, жергілікті әкімдіктер әлі де болса студенттік жатақханаларды салуға мүдделі емес. Мысалы, бүгінге дейін инвесторлар мен білім беру ұйымдарына жер бөлу мәселесі өте қиын жүргізіліп келеді. Сондай-ақ құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстар бюрократизмге айналған. Мәселені шешу мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Үкіметтің қаулысындағы қызметтің басым түрлерінің тізбесіне жатақханаларды әлеуметтік нысан ретінде қосуды ұсындық. Жергілікті әкімдіктерді жатақхана салу бойынша өңірлік куратор ретінде анықтауды, яғни олардың жауапкершілігі мен мүдделігін айқындауды сұрадық. «Еліміздің болашағы – жастар» деп оларға ауызбен емес, нақты іспен қолдау көрсету керек болып тұр.