Атырауда қызмет атқару кезінде әрекетсіздік танытқаны үшін кәмелет жасына толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспектор К.Р. нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды. Атырау қаласы №2 соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, полицейге Н. есімді азамат арызданып, өзінің кәмелетке толмаған балаларын бұрынғы әйелінің көңілдесі ұрып-соғатынын айтқан. Әңгімелесу барысында балалардың бірі әкесінің сөзін растаған, сондай-ақ ол Қ. есімді ер адам үйде оқ-дәрісі бар тапанша сақтап отырғанын жеткізген. Бірақ полицей бұл фактіге назар аудармаған.
"Салдарынан ол қаруын заңсыз сақтағаны үшін жауапкершілікке тартылмайтынын біліп, сол күні сағат 22.30 шамасында Атырау қаласының Авангард-3 шағынауданында заңсыз сақтаған қаруымен азаматтарға бірнеше рет оқ атқан. К., З. және И. есімді азаматтар оқиға орнында қайтыс болды, ал Н. ауыр дене жарақатымен Атырау облыстық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді (осы факті бойынша жеке қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр)", - дейді соттағылар.Күдіктінің кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің жауаптары және бейнежазба арқылы дәлелденді. Прокурор сотталушы К.Р.-ға құқық қорғау қызметімен айналысу құқығынан және арнаулы лауазымынан өмір бойына айыра отырып, төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушы мен қорғаушы ақтайтын үкім шығаруды өтінді. Сот полицейдің ант бұзғанымен, жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайы, яғни кәмелет жасына толмаған балалары бар екенін ескерді. Нәтижесінде, сот оған қатысты өмір бойына құқық қорғау органдарындағы қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сонымен қатар сотталушы полиция капитаны арнайы атағынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.