«Өзім қысқартып аламын деген»: Атырауда 1-сынып оқушысына үлкен адамның жейде-шалбары берілген
«Өзім қысқартып аламын деген»: Атырауда 1-сынып оқушысына үлкен адамның жейде-шалбары берілген
© azattyq-ruhy.kz
1,585
оқылды
Күні кеше әлеуметтік желіде мектеп жасындағы оқушының өзіне өте үлкен шалбар мен ақ жейде киіп тұрған суреті тарады. Фото авторы суреттегі бала Атырауда тұратынын және биыл бірінші сыныпқа баратын оқушы екенін мәлім етті. Ал үстіндегі киімі «Мектепке  жол» қайырымдылық акциясы аясында мектеп тарапынан берілген көмек болыпты. Azattyq Ruhy тілшісі баланың ата-анасы кім екенін және оған неліктен үлкен баланың киімі «бұйырғанын» анықтады. Венера Нұрмолдина – алты баланың анасы. Оның ішінде екі ұлы сабаққа барады, сол себепті көпбалалы отбасы ретінде жергілікті атқарушы органнан көмек алуы тиіс болған. Ағайынды екі бала биыл Жамбыл атындағы №21 орта мектепке барғалы отыр. Көпбалалы отбасы болғандықтан, оған мектеп тарапынан форма немесе форма алуға ақшалай көмек берілуі керек еді. Тиісті көмек берілген. Алайда былтырғы акциядан қалған, баласына әлдеқайда үлкен форма берілген. Атырау облысы Білім басқармасының баспасөз қызметіне хабарласып, 1-сынып оқушысына неліктен үлкен киім берілгенін анықтадық. Баспасөз қызметі болса, киімнің үлкен екенін біле тұра ата-ана оны тігіншіге апарып қысқартып аламын деген оймен өзі сұрап әкеткен дейді. Тіпті, мектеп басшылығына жазып берген қолхатын да көрсетіп отыр.  width= Ресми ақпаратқа сүйенсек, Венера Нұрмолдина жаңа оқу жылы қарсаңында, дәлірек айтсақ, 2-тамыз күні мектепке келіп, «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы арқылы 2 ұлына мектеп формасын сұраған.
«Мектеп 23 тамызға қарай онсыз да көпбалалы отбасыларға мектеп формасын алу үшін ақшалай көмек және «Мектепке жол» акциясы аясында да көмек беретін еді. Мектептің әлеуметтік педагогы оның баласына келетін киім жоқ екенін хабарлады. Алайда, ата-ана мектеп формасы баласына сай келмесе де өзі алып, қысқартып алатынын айтып, қолхат жазып берген», - дейді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіндегі мамандар.
Осылайша, ұлдарына үлкен киімді алған ата-ана оны үйіне апарып, кигізіп көріп, суретке және видеоға түсірген. Ары қарай мәлімет әлеуметтік желіге тараған. Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, қазір ата-анамен келіссөз жүрген және 23 тамызға қарай оған ақшалай да көмек, балаларына сай келетін киім де берілетін болған. Ал мектеп директоры мен әлеуметтік педагог облыстық білім басқармасына түсініктеме жазып беріп, жағдайды түсіндірген. Естеріңізге сала кетейік, биыл «Мектепке жол» акциясы бойынша көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына қаржылай түрде көмек берілмек. Акция 2022 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.