Уақыт өткен сайын музыкалық аспаптардың да түр-түрі шығып, ұлттық аспаптарымыз заман талабына сай түрленіп жатыр. Алайда көне аспаптарымыздан көз жазып, домбыра мен қобыздың қоңыр үнін жоғалтып алуымыз да мүмкін. Осыған орай, ұлттық аспаптарымызды қайта жаңғыртып, қой мен ешкінің ішегінен жасалған аспаптарды қолданысқа енгізіп жүрген шебер Бабыр Арғыновпен әңгімелестік.– Жақында қой мен ешкінің ішегінен Абай Құнанбаевтың үш домбырасының бірінің үлгісін жасадыңыз. Көне технологияны қайта қалпына келтіру қиынға соқпады ма?
– Таяуда Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының тапсырмасымен Абай атамыздың үш домбырасының бірін жасап, қайта жаңғырттық. Бұл домбыраны Алматыдағы «Шертер» шеберханасы жасады. Кейін домбыра дайын болғаннан кейін біз қойдың, ешкінің ішегінен жасалған табиғи ішектерді салдық. Жұмыс нәтижелі аяқталды. Аса қиынға соққан жоқ. Бірақ Ұлы Абайдың домбырасының үлгісін дәл келтіру бізге үлкен жауапкершілік артты.
– Өз шеберханаңызда осындай домбыраға арналған табиғи ішектер өндіріп жатыр екенсіз. Сонда кезінде Құрманғазы, Дина, Тәттімбет сынды күйшілер осындай домбыра қолданған ба? Табиғи ішектердің қолданыстағы ішектерден артықшылығы қандай?
– Иә, шеберханамыз астанада орналасқан. Қазір ұмыт болған қойдың, ешкінің ішегін өңдеп, ұлттық аспаптарымызға ерекше үн беруге тырысып жүрміз. Шыны керек, Құрманғазы, Дина, Қазанғап, Тәттімбет, Әбікен сынды танымал күйшілеріміздің домбыраларында табиғи қой-ешкінің ішектері иіріліп, арнайы жасалған. Соның арқасында қазақ өнерінің тарихында небір тамаша күйлер туды. Өткен ғасырдың 30-40-жылдары Ахмет Жұбанов Қазақ ұлт аспаптар оркестрін құруды жоспарлайды. Сол кезде ол кісі ағайынды Романенколармен бірге қазақ ұлттық аспаптарын зерттеп, акустикалық тұрғыда олар бірдей дыбыс беруі үшін қазіргі қолданыстағы домбыраның пішінін жасаған. Осы зерттеуден кейін домбыраға қойдың, ешкінің ішектерін, кетгуд деген материалдарды қолданып көрді. Өкінішке қарай, қазір шеберханалардың көбі домбыраға балық аулайтын қармақтың жібін салып жүр. Оның 06,07,08 деген өлшемдері бар. Төзімділігі жағынан, жоғары ноталарды алғанда да, домбырамен шетелдің шығармаларын орындағанда да бұл материал жақсы. Бірақ дәстүрлі табиғи ішектер сияқты күйге қоңыр үн беріп, музыканың терең ойын толыққанды жеткізе алмайды. Табиғи ішектердің артықшылығы домбыраның қоңыр әуенін тыңдарманға қалтқысыз жеткізуінде.
– Бұл бағыттағы ізденуіңіз қашан, қалай басталды? Жалпы тарихи деректерді қайдан табасыз?
– Музыкалық колледжде домбыра мамандығында оқып жүргенде басталды. Себебі сол кезде күй шерткенде домбыраның қоңыр үнін жеткізу қиын еді. Содан «Кезінде күйшілеріміз қандай домбыра қолданды?» деген қызығушылық пайда болды. Әр өңірдегі қазақтың жеті күйшілік мектебін зерттей бастадым. Шығыста үш ішекті домбыра қолданылса, Батыс пен Арқа домбыраларының түрлі пішіні болған. Әр аймақтың домбырасы әр түрлі болса да олардың барлығына бірдей қой мен ешкінің ішегі қолданылыпты. Осы ізденісімнің соңы «Қоңыр» шеберханасын ашуға ұласты. Пандемия кезіндегі бос уақытымды тиімді пайдаланып, түркі тілдес елдер мен Еуропада аспаптардың ішегінің қандай материалдан жасалатынын зерттей бастадым. Кезінде Еуропада Барокко дәуіріндегі музыкалық аспаптарының ішектері қой мен ешкінің ішегінен жасалыпты. Олардың жасалу технологиясын да оқып, меңгердік. Дегенмен бұрын домбыраның ішектері 1-2 күй орындағаннан кейін үзіліп қалатын. Біз осының себебін анықтап, түрлі тәжірибе жасап көрдік. Қазір жасап шығарып жатқан табиғи ішектеріміздің төзімділігі жоғары. Мал сойғаннан кейін адамдар ішектерін қоқысқа лақтырады. Біз мал соятын арнайы жерлерге барып ішектерді жуып, тазалатып аламыз. Оны ары қарай шеберханада өз технологиямызбен өңдейміз. Суға бірнеше күн салып, кептіргіш станоктарымызға иіріп, аттың қылымен тегістеп дайындаймыз.
– Мұндай ішектерді басқа аспаптарға пайдалануға бола ма? Өнер иелерінің табиғи ішектерге қызығушылығы қандай?
– Болады. Мысалы, жетіген аспабына табиғи ішектерді қолдануға мүмкіндік бар. Бірақ қазір жетігенге Қытайдағы «гучжэн» деп аталатын аспаптың ішегін салып жүр. Ал тарихта жетіген аспабына не аттың қылын, не малдың ішегінен ішек салған. Қазір біз осы бағытта тәжірибе жасап жүрміз. Жылдың соңына дейін қолданысқа енгіземіз деген жоспарымыз бар. Екінші аспап – шертер. Кезінде шертердің табиғи ішектерден болыпты. Бірақ қазір шертерге нейлонды ішектер салынып жүр. Амандық болса біз шертерге де табиғи ішектер жасауды жоспарлап отырмыз. Тағы бір айта кететін аспап ол прима-қобыз. Оған өнер иелері скрипканың ішектерін салып жүр. Прима қобыздың алғашқы үлгісі қобыз сияқты болған және төменгі жағына малдың табиғи терісін жауып, табиғи ішек салған. Оның дыбысы қазіргі прима қобыздан ерекше болды. Табиғи ішектерді жасап болғаннан кейін ел алдында жүрген танымал күйшілеріміз Жанғали Жүзбай, Секен Тұрысбек, Еділ Басығара ағаларымызға көрсетіп, оң пікірін алдық. Осы бір жыл ішінде халықтың домбыраның қоңыр үнін сағынғанын байқадық. Табиғи ішектермен орындалған күйлердің әсері де ерекше. Сонымен қатар, қой мен ешкінің ішектеріне сұраныс көп. Күніне кемінде 10-15 адам хабарласады. Қазір өзіміз өндіріп, Қазақстандағы шеберлермен серіктестік орнатып жатырмыз. Жақында әлемге танымал «Тұран» этнофольклор ансамблімен үлкен жоба ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ансамбль табиғи ішектерден жасалған домбыра, шертер, жетіген, қобыз аспаптарымен арнайы шығармалар орындамақ.
– Сіздің өнер саласында жүргеніңізге де біраз болыпты. Алайда өнер жолын зерттеушілікпен ұластыратын адамдар аз? Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Әр адамның өз жолы бар. Шығарманы дұрыс орындап, тыңдарманға жеткізудің өзі үлкен еңбекті талап етеді. Біздің зерттеушілікпен айналысудағы басты мақсатымыз табиғи ішектерді жандандырып, жаппай қолданысқа енгізу. Қазір бұл жоспарымыз өз нәтижесін беруде. Тек домбырамен шектелмей, алдағы уақытта көне замандарда қолданыста болған барлық ішек түрін жандандыруды ойлап отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!