Министр Асхат Аймағамбетов ұлына мектеп формасын қанша теңгеге алғанын айтты
Министр Асхат Аймағамбетов ұлына мектеп формасын қанша теңгеге алғанын айтты
Фото: sputnik.kz
1,143
оқылды
Оқу ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің мектепке бір баласы барады, – деп жазды inform.kz. Үкімет кулуарында тілшілер министрден мектепке дайындық туралы сұрады.
«Осы демалыста баламды ертіп дүкенге бардым. Бірнеше ақ жейде, шалбар, костюм, галстук алдық. Бағасына келсек, 35 мыңға жуық ақша кетті. Қайдан десеңіздер, «Гласман» атты дүкенге барып, жұртпен бірге кезекке тұрып, 36-өлшемді киім алып қайттық. Барлық отбасылар секілді біз де мектепке дайындықты бастадық», – деді министр.
Сондай-ақ, министр әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мектепке керек-жарағын алуға көмек көрсетілетінін айтты. «Биыл өте маңызды екі шешім қабылдадық. Бұл мәселені ата-аналар үш жыл бойы көтерген еді. Біріншіден, оқушыларға шақ емес, жеңі салбырап тұратын мектеп формалары таратылатын. Бұл мәселені шешу үшін формаға қажетті қаражатты ата-ананың жеке шотына аударуды ұйғардық. Екіншіден, мысалы Солтүстік Қазақстанда былтыр бір оқушыға 17 мың теңге ғана бөлінетін. Кей өңірлерде 20 мың, кей өңірлерде 25 мың теңге беріліп келген. Енді биыл қаражаттың ең төменгі деңгейін 37 мыңға дейін көтердік. Кей өңірлерде, мысалы Алматы қаласында 43 мың теңгеге дейін көбейтілді. Біз мұны қолдаймыз. Бұл шешімдер 475 мың баланың мәселесін шешуге көмектеседі», – деді Асхат Аймағамбетов.