Жамбыл облысында жыл санап егістік көлемі ұлғайып келеді. Мәселен, облыс әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, 2022 жылы 760 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, егістік көлемі былтырмен салыстырғанда 9,2 мың гектарға ұлғайған. Әрине, егістік алқабының ұлғайғаны жақсы-ақ. Алайда егістік алқабынан мол өнім алып, өнім тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін диқандарға ең бірінші ағын су керек. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, өңірде вегетациялық кезеңде барлық су көздерінен суғаруға қажетті су көлемі 1 284 миллион текше метрді құрайды екен. Айта кетейік, Жамбыл облысына вегетация кезінде жерүсті су ресурстарының 80 пайызы көршілес Қырғыз Республикасынан Шу және Талас трансшекаралық өзендері арқылы келеді. 2022 жылы Шу өзені арқылы жоспарланған көлемнің 48 пайызы ғана жіберілген. Сондай-ақ Талас өзені арқылы 377,4 миллион текше метр су берілген. Жоспарланған көлемнің 75 пайызы алынған. Сондықтан қолда бар су ресурстарын тиімді пайдалануға көңіл бөлінуі керек. Президент тапсырмасына сай Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан сияқты аграрлы облыстарда жаңадан 9 су қоймасы салынады.
– Расында стратегиялық құжат жүктеген міндетке сай Жамбыл облысында су қоймаларын көптеп салу аймақты трансшекаралық өзендердің суына тәуелділіктен құтқарар еді. Жыл санап облыстағы суармалы егіс алқабы ұлғайып келеді. Осы алқаптардың вегетациялық кезеңде судан тапшылық көрмеуі үшін тиісті жұмыстар қолға алынды. Аймақ аумағында 3 су қоймасын салу жоспарда бар. Жаңа су қоймаларының іске қосылуы аймақ шаруаларын вегетациялық кезеңде Қырғыз Республикасына ағын суға тәуелділіктен құтылуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірдегі 34,5 мың суармалы алқап қосымша сумен қамтамасыз етіледі, – деген Қазыбек Қошқарбекұлы апатты жағдайдағы су қоймаларына, каналдарға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. – Су шаруашылығы жүйелерін қалпына келтіру жол картасы аясында «Қазсушар» кәсіпорны тарапынан 183 нысанды Ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының 3-фазасы жобасына енгізу жоспарланған. Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан жобаға қосымша 122 нысанды енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде 305 нысан жөндеуден өтіп, 85 мың гектар суармалы алқаптың мелиоративтік жағдайы жақсарып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 2 есеге ұлғаяды. Соның арқасында өнім жыл сайын 33,8 миллиард теңгеге артпақ. 183 нысанның 123-і республикалық меншікте, 58 коммуналдық және 2 жеке меншік теңгерімінде. Бүгінде республикалық меншіктегі 123 нысанның 115 коммуналдық меншікке беріліп жатыр. Су ресурстары комитетінің келісімі алынған. Енді жоба Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті тарапынан қолдау тапса жеткілікті, – дейді Қ.Қошқарбекұлы.Облыстық филиал директорының айтуынша, биылғы суару маусымына су қоймаларында судың жинақталуы кестеге сәйкес жүргізілген. Вегетациялық кезеңге облыста орналасқан ірі 9 қоймада орташа 90,3 пайыз су, одан бөлек облыста орналасқан 105 кіші су қоймаларында 72,3 пайыз су жиналыпты. Шаруашылықтардың сұранысына сәйкес егіс алқаптарына су күнделікті беріліп отыр екен. Сонымен қатар өңірде жерасты суын тиімді пайдалануға да көп көңіл бөлінуде. Облыста 1 миллиард 715 миллион текше метрді құрайтын жерасты суының қоры бар. Бұл 120 күндік вегетациялық кезеңде 535 мил лион текше метрді құрайтын сумен қамтуға мүмкіндік береді. Жерүсті су тапшылығы бар аудандар жерасты суының потенциалын толығымен пайдалану мақсатында қазылатын ұңғымалар арқылы суару маусымында жетіспейтін 275 миллион текше метр суды осы жерасты суының қорларымен қамтамасыз ету көзделуде.
– Қазір алқапқа су беру бағытындағы жұмыстар жоспарлы жүзеге асып келеді. Халықаралық даму банктері арқылы бүгінде 6 мердігер жұмыс істеп жатыр. Аудандардағы каналдар, ұңғымалар мен лотоктар, арналар жөнделген. Бүгінде 2 су қоймасын күрделі жөндеу бойынша бюджетке өтінім бердік. Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасы бойынша үш ауданда жұмыс жүргізіліп жатыр. Шу ауданында сапалы жұмыс атқарылуда. Қордайдағы шаруалар да аяқталды. «Ынталы» су қоймасын жаңарту жұмыстары басталды. Аудандарда ұңғыма қазу жұмыстары қолға алынды. Бұл шаруа судың көлемін ұлғайтуға септігін тигізіп келеді, – дейді Қазыбек Қошқарбекұлы.Мұндай баянды бастамалар бас бармақпен бағаларлық. Ең бастысы, жобалардың игілігін шаруалар көрсе болғаны.