Соңғы онжылдықта жер жүзінде денсаулық сақтау саласы біршама алаңдатарлық мәселеге ұрынғанын аңғаруға болады. Қазір әлем елдерімен қатар Қазақстанда да аса қауіпті һәм созылмалы аурулардың үдеп бара жатқаны байқалады. Бұрын тек орта жастан асқандарды мазалайтын дерттер жастарға да тие бастады. Мұндай жағдайға не себеп болып жатыр, мамандар қандай пікір айтады? СТАТИСТИКА СЕКЕМ АЛҒЫЗАДЫ Осы күні елде жыл сайынғы адам өліміне себепкер болған аурулардың статистикасы тиянақты түрде назар аударуды қажет етеді. Қазақстанда 2019 жылы, яғни коронавирус пандемиясы басталмай тұрған уақытта 133 мың адам қайтыс болған. Ал 2020 жылы 161 мыңнан астам адам, былтыр 183,4 мың адам көз жұмыпты. Әр жыл сайын Өлім көрсеткішінің артқаны байқалады. Дегенмен бұндай жағымсыз жағдайға тікелей коронавирустың әсері бар деп айтуға болмайтын тәрізді. Мысалы, 2020 жылы наурыздан 2021 жылғы наурыз арасында – тура 1 жылдың ішінде коронавирустан 5 мың адам бақилық болған. Бәлкім, коронавирус басқа ауруларды қоздырды деп айтуға болар. Дегенмен жаңағы айтқан 5 мың өлімнің 3550-і тікелей коронавирустан, ал қалған 1450-і қосымша диагноздар әсерінен болғаны көрсетілген. Яғни, коронавирус тудырған жанама себептерден кеткені айтылады. Шындығында халыққа коронавирустан бетер залал тигізіп отырған дерттер көп. Соңғы 20 жылда қалыптасқан жағдай бойынша жүрек-қан тамырлары аурулары бірінші орыннан түскен емес. 2019 жылы 30,2 мың, 2020 жылы 36,2 мың, 2021 жылы 43,4 мың адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан кеткен. Бұдан кейінгі орында тыныс алу жүйелерінің аурулары тұр. Өкпе аурулары, тұмау, туберкулез, жедел респираторлық инфекциялар мен пневмонияны қосқанда 2019 жылы 16,2 мың, 2020 жылы 23,3 мың, былтыр 20,8 мың адам дүниеден озыпты. Ал бұдан кейінгі орында жыл сайын 14 мыңнан аса азаматтың өмірін жалмайтын қатерлі ісік дерті тұр. Жазатайым жарақат пен уланудан қайтыс болатын адамдар саны коронавирустан асып отыр. 2020 жылы жазатайым оқиға кесірінен 12 мың өлім тіркелген, ал 2021 жылы 11 мыңнан асқан. Біз коронавирустың залалын жоққа шығарғамыз келмейді, алайда вирустан өзге де аурулардың ықпалы артып жатқанын ескерткен жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуіне сенсек, адамдар көбіне инсульт, жүректің ишемиялық ауруы, тыныс алу аурулары, неонатальды бұзылулар, қатерлі ісік, қант диабеті, деменция, диарея және бүйрек ауруларынан қайтыс болады. 2019 жылы әлемде 55,4 миллион өлім тіркелсе, соның 55 пайызының себебі жоғарыда аталған аурулар болған. Мұндай қауіпті аурулардың тізімін 2020 жылдан бастап COVID-19 толықтырды. 2020 жылы ДДСҰ мен еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің деректері негізінде адам өмірін сақтандырумен айналысатын Freedom Finance Life мамандары бүкіл әлемде адамдар жиі қайтыс болатын аурулардың рейтингін жасаған. Осы тізімге көз жүгіртсек, ең қауіпті бес аурудың көшін қатерлі ісік, коронавирус, тыныс алу органдары, жүрек дерті мен қант диабеті бастаған. Ал осы аталған 5 аурудың барлығы қазақстандықтар арасында аз кездеспейді. Мәселен, 2020 жылы қатерлі ісіктен әлемде 10 миллион адам көз жұмған. Қазақстанда жыл сайын жаңадан қатерлі ісікке шалдыққан 36 мыңға жуық адам тіркеледі. Ал 2020 жылы тұмау мен респираторлық аурулардан, пневмониядан көз жұмған қазақстандықтардың саны 7 мыңға жуықтаған. Бұдан бөлек, ДДСҰ әлемде тіркелген барлық өлімнің 16 пайызы жүрек ауруларынан болатынын мәлімдеген. Қазақстанда жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шегетін 2 миллионнан астам адам тіркелген. Жыл сайын 40 мың қазақстандық инсульт алады. Оның 5 мыңы инсульттан кейін 10 күн ішінде қайтыс болады. ЖАСТАРДЫҢ ДА ЖҮРЕГІ МАЗАЛАЙДЫ Соңғы кезде инсульт пен инфарктың себептері, алдын алу жолдары жайлы ескертіп жүрген нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев жүрек-қан тамырлары ауруларынан қарттармен қатар жастар да сақтану керегін айтады. Бір алаңдатарлығы, қазір 30 жастан енді асқандар да инсульт пен инфаркт алады екен.
– Коронавирус инфекциясынан кейін біраз мәселелер шықты. Энергетикалық сусындарды ішетін, темекі шегетін жастар көп. Соның бәрі жүрек ауруларына алып келеді. Сондықтан 30-дан асқан жастар да инфаркт, инсульт алады. Семіздіктің, гиподинамияның салдарынан адамдарда қан қысымы өте жоғары. Қазір салауатты өмір салтын ұстану жайлы жиі айтылады. Саулығына, әрісі тағамына дейін көңіл бөлетін жандар көп. Дегенмен денсаулығына шағымдану шылар азаймайды. Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, бұған экологияның әсері көп. Одан бөлек, мемлекетте және әлемде болып жатқан саяси ахуал қатты әсер ететінін жеткізді. «Адамдар өзінен «аурумын» деп мәселе іздей бастайды. Егер мемлекет сау болатын болса, онда оның азаматтары да сау болады. Сондықтан бұл жерде тек экология емес, тек спорт емес, ақпараттың барлығы адамдардың денсаулығына қатты әсерін тигізеді», – дейді ол.БАУЫР ДЕРТІ БАСЫМДЫҚ АЛДЫ Мамандар елде тағы бір қатерлі дерттің қарқыны үдеп бара жатқанын айтады. Ол – бауыр церрозы. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, бұл аурудан 2019 жылы 3 994 адам, 2020 жылы 4 772 адам, ал былтыр 5 614 адам қайтыс болған. Әр жыл сайын шамамен 800-900 адамға көбейген. ДДСҰ-ның анықтамасында бауыр циррозы – бауырдың қалыпты құрылымында түйіндердің пайда болуымен және өзгеруімен сипатталатын диффузиялық процесс. Бұл созылмалы аурудың қатарына жатады. Алматыдағы Гепатологиялық орталықтың дәрігері Айжан Мұратбекованың айтуынша, бұл ауру асцит (іш қуысына сұйықтықтың мөлшерден тыс жиналуы), бактериалды перитонит (іш қуысындағы асциттік сұйықтыққа бактериалық инфекцияның қосылуы), өңештегі көк тамырлардың кеңеюі, бауыр энцефалопатиясы, көк бауырдың көлемінің ұлғаюына әкелуі мүмкін. Ақырында бауыр жетіспеушілігі, бауырдың қатерлі ісігі пайда болады. Ең қиыны, дерт әбден асқынғанда ғана белгі береді.
«Бауыр циррозының жалпы белгілері симптомсыз түрден, өмірге қауіп-қатер туғызатын жағдайға дейін әкелуі мүмкін. Оған тәбеттің жоғалуы, оң жақ қабырға астының сыздауы, ұйқының бұзылуы, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, ентігу секілді белгілер жатады. Бұдан бөлек әлсіздік, шаршау, бастың айналуы, іш көлемінің ұлғаюы, аяқтардың ісінуі, қан құсу, нәжістің қараюы мен тері қабатының, көз шырышының сарғаюы секілді белгілер де байқалады», – дейді Мұратбекова.Яғни, белгілері тек асқынғанда байқалады. Көп жағдайда басқа сырқаттар бойынша тексерілген кезде немесе биохимиялық қан анализін тапсырған кезде кездейсоқ анықталып жатады екен. Маман бұл ауру түрінен толығымен айығу мүмкін емес екенін айтады. Өңеш пен көк тамырларының кеңеюі әсерінен қан кетуді уақытылы тоқтатпаған жағдайда жедел бауыр жетіспеушілігі, бауырдың қатерлі ісігі мен бактериалды перитонит өлімге әкеп соғатын көрінеді.
«Науқастарға ем-дом аурудың пайда болу себептеріне байланысты тағайындалады. Вирусты гепатиттермен шалдыққан бауыр циррозында вирусқа қарсы ем тағайындалады. Ал асқынуларына байланысты қосымша ем қолданылады. Арнайы диета жоқ. Тұзы аз, ақуызға бай тағамдарды тұтынған жөн. Бауыр циррозының пайда болу себептеріне ұзақ уақыт бойы ішімдік ішу, В және С вирустық гепатиттері, зат алмасудың бұзылуы, генетикалық бұзылыстар, біріншілік билиарлы холангит, семіздік, дәрілік гепатит жатады», – деді Айжан Мұратбекова.Осылайша, еліміздің денсаулық сақтау саласында ахуал күрделеніп бара жатқанын білуге болады. Бұл әр азаматтың өз жауапкершілігіне де байланысты. Айтпақшы, былтыр қабылданған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға дейін 75 жасқа дейін ұлғайту көзделген. 2020 жылы ел тұрғындарының орташа өмір жасы 71,37-ні құраған еді. Жыл сайын саладағы жағдайдың ауырлап бара жатқанын ескерсек, бұл меженің орындалуы екіталай секілді болып көрінеді.