Құрылыс қарқыны қуантады
Құрылыс қарқыны қуантады
Коллаж: Әсел Балтақызы
685
оқылды
Өңірлер арасындағы теңсіздік мәселесі бүкіл әлемде бар. Бұл біздің елімізді де айналып өтпейді. Сондықтан да елімізде өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба әзірленді. Оның басты мақсаты – аймақтарды дамытып, тұрғындардың негізгі мәселелерін шешу. Атап айтсақ, жоба аясында базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз етіп, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту әрі тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру көзделген. Оның ішінде халықты тұрғын-үймен қамтамасыз ету де кіреді. Бұл орайда, Нұр-Сұлтан қаласы – қуатты өңірлердің драйверіне айналғанын атап өтуге болады. Бас қалада биыл бірінші жартыжылдықтың өзінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң нәтиже көрсетті. Соның ішінде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бас қаладағы күрмеуі қиын күрделі мәселе – «сақалды құрылыстар» болатын. Талай жылдан бері қала тұрғындары армандаған баспанасына қол жеткізе алмай әуреге түсті. Ал бүгінде «үй аламын» деп сан соғып қалған үлескерлердің үміті ақталып, түйткілді мәселенің түйіні тарқап келе жатыр. Биылдың өзінде құрылысы ұзаққа созылған бірнеше тұрғын үй пайдалануға беріліп, мыңдаған елордалық қоныс тойын тойлады.   ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАЙТА ЖАНДАНҒАН НЫСАН КӨП Былтыр көлемі 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылса, биыл бірінші жартыжылдықтың өзінде ғана 1 млн 250 мыңы қолданысқа беріліпті. Сонымен бірге бірер жылда ғана елордадағы «сақалды» құрылыстардың саны қысқарды. Есесіне, тым ұзаққа созылған нысандардың жұмысын аяқтау бойынша да жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Биыл елорда тұрғындарының басты мәселелерінің бірі көп жылдан бері құрылысы тұралап қалған тұрғын үйлерге құйған қаржыларының қайтарымы болатын. 15-20 жылға жуық уақыттан бері сенделген үлескерлердің осы мәселесі соңғы жылдары шешімін тауып келеді. 2019 жылдың жазында елордада проблемалы 150 көппәтерлі тұрғын үй кешені болса, қазір оның 100-ге жуығы аяқталды. Мәселен, бүгінде 16 мың үлескер отбасының 13 мыңының мәселесі оң шешімін тапқан. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, құрылысы ұзаққа созылған өзге нысандар бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Бұл орайда шаһар басшысы жергілікті орындарды аралап, проблемалы тұрғын үй кешендерінің үлескерлерімен де кездесіп жүр. Мәселен, «Садовые кварталы», «Комсомольский» және «Аниса» тұрғын үй кешендерінде шамамен 1,5 мың үлескер отбасы бар. Әкімнің сөзіне қарағанда, «Садовые кварталы» тұрғын үй кешені – құрылысы 2013 жылы басталған. Бірақ 2014 жылы іргетасының қадалары тұрғызылған күйінде ғана қалған. Қазір құрылыс алаңына техникалық тексеру өткізіліп, құрылысы қайта жанданды. Ең маңыздысы – инвесторлар жұмылдырылды. «Садовые кварталы» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау үшін бюджеттен қаражат бөлінген жоқ. Өйткені нысанның құрылысы жеке инвесторлар есебінен салынып жатыр. Ал «Комсомольский» тұрғын үй кешені 7 жыл бұрын проблемалы нысанға айналды. Мұнда пәтерлерді 600-ден аса үлескер отбасы алған екен. Қазір нысанда витраждарды монтаждау, терезелер орнату, лифт жабдықтарын монтаждау, инженерлік желілерді орнату және т.б. жұмыстар жүріп жатыр. «Аниса» тұрғын үй кешені де сегіз жылдан бері тоқтап тұрған нысан. Бұл нысанға да әкімдік инвесторлар тартып, олар өз қаражаты есебінен нысанның құрылысын аяқтайды. Мәселен, 1 және 2-блоктарда қабырғаларын қалау жұмыстары, 5 және 6-блоктарда монолитті жұмыстар жүріп жатыр. Қалған нысандар бойынша қадамдық ісшаралар жоспары бар.   ҮМІТІ ОЯНҒАН ҮЛЕСКЕРЛЕР Қолжетімді әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемі де жыл сайын артып келеді. Айталық, 2018 жылы – 1 100 пәтер, 2019 жылы – 2 900 пәтер, 2020 жылы – 7 000 пә тер, 2021 жылы шамамен 10 мың пәтер салынды. Соның арқасында елордаға көшіп келушілер қатарында «екі қолға бір күрек» тауып, өз үйіне қол жеткізіп жатқандар жетерлік. Мысалы, биыл да қала күні қарсаңында кезекте тұрған 300-ден астам адам мен жұмыс істейтін жастарға пәтер кілті табысталды. 15 жылдан аса тарихы бар «Территория комфорта-1» тұрғын үй кешеніне жасалған техникалық тексеріс ғимараттың апатты жағдайда екенін анықтады. Сондықтан тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ғимаратты бұзу туралы шешім қабылданды. Өйткені үйдің құрылысы аяқталған жағдайдың өзінде үй құлап қалатын еді. Үлескерлері өте көп құрылыс нысандарының бірі – «Шығыс» тұрғын үй кешені. Бұл тұрғын үй кешенінің 2А, 2В, 3А, 3В нысандарында құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Сондай-ақ құрылысы ұзаққа созылған «Талисман» тұрғын үй кешенінің де мәселесі өз шешімін тапты. Ал екі жыл бұрын «Елорда» құрылыс компаниясы 8 жыл бойы салынған «Столичный-2» тұрғын үй кешенін пайдалануға беріп, 200-ден аса үлескердің мәселесі шешілген еді. Есте болса, бұл тұрғын үй кешенінде бір емес, бірнеше мәселе болған. Тұрғын үй кешенінде бары 190 пәтер бола тұра үлескерлерге 230 пәтер сатылған. Яғни, үлескерлер саны пәтер санынан асып кеткен. Сорақысы, кейбір пәтерлер үш мәрте сатылымға түскен. Уақыт өте келе баспанадан үмітін үзе бастағанын айтқан қала тұрғыны Әсел Базарханова 8 жыл бойы бұл мәселемен бармаған жері, баспаған тауы қалмағанын жеткізді. Бірақ 2020 жылы көптен күткен баспанасына қол жеткізіп, табан ақы, маңдай термен тапқан қаражаттың қайтарымын көру бақыты бұйырған.
«Пәтерлі болатынымызды естігенде есеңгіреп қалдық. Өйткені осы жылдар ішінде баспана түгілі, құйған қаражаттың ең болмаса жартысын өтеп ала аламыз ба деген уайыммен жүрдік», – дейді елорда тұрғыны.
  САНҒА ЕМЕС, САПАҒА КӨҢІЛ БӨЛІНЕДІ Жақында қаланың құрылыс компаниялары өкілдерімен кездескен қала әкімі тұрғын үй құрылысының сапасына да ерекше тоқталған болатын. Себебі өз үйіне тұрғындардың қолдары жеткенімен, сапасыз салынған көпқабатты үйлердегі жазатайым жағдай азаймай тұр. Сол үшін елорда басшысы дизайн-код ережелері халық арасында қисайған балкондары бар үй ретінде танымал болған «Орбита», жел кезінде ұшатын кремогранитті плиталарымен есте қалған «Территория комфорта-2» тұрғын үй кешендерін қайта реконструкциялау жұмысы туралы мәселе көтерді. Сондықтан халыққа қауіп тудыратын мұндай үйлерді кезең-кезеңімен, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы арқылы ретке келтіру ұсынылды. Сонымен бірге халықтың қысқа уақытта өз баспанасына қол жеткізу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Осы орайда қуаттылығы жылына 120 млн дана кірпіш шығара алатын SG BRICK кірпіш зауытының ашылуына қатысқан қала әкімі Алтай Көлгінов:
«Елордада тұрғын үй салу үшін біз барлық құ рылыс индустриясын іске қостық: жергілікті зауыттарды да, үй құрылысы комбинаттарын да. Сонымен қатар темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыттар ашылды. Мұның бәрі қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыруға, сондай-ақ сапасына нұқсан келтірмей құрылыс мерзімін қысқартуға септігін тигізеді. Бұл кірпіш зауыты қалаға белгілі бір көлемді отандық құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемі айтарлықтай ұлғайды. Құрылыс көлемі бойынша деңгейді сақтап қалу қажет» деген болатын.
Ал кірпіш зауытының құрылтайшысы, GPark ЖШС құрылыс компаниялары тобының бас директоры Ғабит Сәтмағамбетовтің айтуынша, компания бұған дейін кірпіштен отандық өнімге қарағанда едәуір қымбат тұратын Өзбекстаннан, Украинадан, Ресейден құрылыс материалдарын жеткізушілермен өзара іс-қимыл жасасып келіпті. Әлбетте, бұл компанияның салынған нысандарының шаршы метрінің өзіндік құнына әсер еткен. Қазір біртіндеп импорттан бас тартып, өз зауыттарын салу туралы маңызды және жауапты шешім қабылдапты.
«Кірпіш шығарудан басқа, біз бояу өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Зертханалық жағдайда біз бояулардың бірнеше түрін қолдандық және қазіргі уақытта әртүрлі бояғыштардың тәжірибелі ыстыққа төзімді және су өткізбейтін 27 үлгісін алдық. Бұл қасбеттік кірпішке өте маңызды балама болады», – дейді Ғабит Сәтмағамбетов.
Бүгінде бас қаламыз алып құрылыс алаңына айналды. Елорда мәртебесін алғалы бері қалада 30 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынды. Себебі қуатты өңірлердің драйверіне айналған елорданың күш-қуаты халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігімен бағаланатыны түсінікті.