Өмір жолы өнегеге толы
Өмір жолы өнегеге толы
312
оқылды
Сырдағы ағайын е­ңбек жолын қатардағы ұстаздықтан бастап, білім, мәдениет салаларыны­ тізгінін ұстаған іскер басшы, талантты ұйымдастырушы Жансары Адранованың­ атын ерекше құрметпен атайды. Олай болатын жөні де бар. Биыл сексенні­ң сең­гіріне шыққан ең­бек ардагері ұзақ жылдар білім беру саласында, кейіннен партия органдарында жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Ең­ бастысы, адамгершілік жолынан айнымады. Кейіпкерімізбен 40 жылдан бері таныс Мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова да оның Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегін жоғары бағалайды.
– Жансарымен ол Сырдария аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқаратын сәтінен таныспын. Сол кезден бастап қызмет бабында жақсы араластым. Екеуміз хатшылыққа сайланар шақта Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің сынынан да қатар өттік. Ол білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани-мәдени өсуіне сүбелі үлес қосты. Нәтижесі көзге көріне бермейтін идеологиялық жұмыстың сан-салалы бағыттарын шебер үйлестіріп, тың тәжірибе енгізіп жататын. Және сонысы басшылық тарапынан қолдау тауып, жақсы нәтиже беретін. Ара-тұра Жансарының тәжірибесін өзіміз де қызмет бабында пайдаланып жүрдік, – дейді ол.
Мұндай ыстық лебізді Сыр бойындағы ауданның қалыптасу, даму жолында бел жазбай еңбек еткен жандардың да өз аузынан естідік.
– Жансары 1970-1974 жылдары Сырдария аудандық оқу бөлімінде әдіскер нұсқаушы болып жұмыс істеген кезінен-ақ сырдариялықтарға жақсы қырынан танылған еді. Кейіннен Сырдария аудандық мәдениет бөліміне меңгеруші болған тұста мен де оның іскерлігінің куәсі болдым. Мәдени көпшілік іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, қоғамдық-саяси жұмыстардың бел ортасында жүретін, – дейді Сырдария ауданының Құрметті азаматы Алма Бақтиярова.
Жансары Адранова аудандық мәдениет бөліміне жетекшілік еткен жылдары Сыр бойындағы аймақтың мәдениеті мен руханияты жаңа белеске көтерілгенін көз көргендер күні бүгінге дейін айтады. Сол тұстары іскер басшының ұйытқы болуымен ауданға әйгілі әншілер Нұрғали Нүсіпжанов мен Сұлушаш Нұрмағанбетова, Рамазан Стамғазиев, «Жазира» ұлттық аспаптар ансамблі концерт қойып, жұртшылықтың ықыласына бөленген еді. Сол күндерді белгілі өлкетанушы Жұмабай Байұзақұлы былайша еске алады.
«1989 жылы «КСРО-ның 50 жылдығы» кеңшарының кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметіне кіріскен сәттен Жансары Адрановамен тұрақты әріптестік байланыс орнаттым. 1991 жылы Президент сайлауы қарсаңында Жансары апамыз бір топ өнерпаздармен ауылға сап ете қалды. Сайлау учаскесінде сайлау өтетін күні үгіт-насихат, іс-шара өткізуге болмайтындықтан аудандағы мәдениет ошақтары әлгі өнер қайраткерлерінің концертін қоя алмаған. Осы тұста Жансары апамыз маған «Ал, бала, өгізді де өлтірме, арбаны да сындырма. Мына кісінің концертін өткізіп бер» деп тапсырманы төтесінен қойды. Обалы не керек, ол кезде халық мұндай атақты кісілердің концертін қалт жібермейтін. Үш жүз орындық зал лық толып, концерт жақсы өтті. Кештен соң құрметті қонақтар отбасымнан дәм татып, келесі шығармашылық сапарға зор ризашылықпен аттанды. Тапсырмасын ойдағыдай орындаған соң Жансары апамызбен арамыз тіптен жақындай түсті, – дейді Жұмабай Байзақұлы.
Кейіпкеріміздің ұйымдастырушылық қыры 1969 жылдың қалың қысында сыналады. Сол кезде аудандық атқару комитетінен Бесарық ауылына «уәкіл» болып бекітілген Жансары Адранова шалғайдағы мал ауылдағы шаруашылық жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. «Уәкілмін» деп шалқаймай, малшылардың бала-шағасын арнаулы көлікпен тасымалдау, олардың үйлерін, отарды 30-40 шақырым жердегі қыстауларға жеткізу секілді қым-қуыт тіршіліктің басы-қасында жүрді. Алпыс отар қойды бір күннің ішінде қыстауға жөнелтіп, олардың шашауын шығармай, межелі орнына жеткізіп бақылауына алғанда аты, заты әйел бола тұра, ер азаматтарға бергісіз қажыр-қайрат көрсеткен жанның сол кездегі әрекеті күні бүгінге дейін жұрт жадында. Жансары Адранованың өзі де жұрт алдында мұндай абырой-беделге ие болу еңбек пен ізденісті қажет ететіндігін алға тартады.
– 1960-1965 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педогогикалық институтының жаратылыстану факультетін аяқтап, химия, биология пәндерінің мұғалімі атандым. Еңбек жолымды 1965 жылы Ақсуат ауылдық округіне қарасты №143 қазақ орта мектебінен бастадым. 1966-1969 жылдары аралығында осы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым. Көп ұзамай, Сырдария аудандық оқу бөлімінде әдіскер-нұсқаушысы, Айдарлыдағы №139 қазақ орта мектебінің директоры болып тағайындалдым. Осыдан кейін партия органдарындағы қызметіміз басталды. Әуелі Сырдария аудандық партия комитеті бюросының ұйғарымымен Сырдария аудандық Совет атқару комитетінің орынбасары лауазымына бекідім. Одан соң Сырдария аудандық партия комитетінің хатшысы және бюро мүшесі болдым. 1985-1988 жылдары Алматы қаласындағы жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы ретінде білімімді жетілдірдім. 1989-1991 жылы Сырдария ауданы мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1992- 1993 жылдары аудандық кеңес төрағасының орынбасары, 1994- 1997 жылдары Сырдария аудандық оқу бөлімінің орынбасары қызметін атқардым. 1997 жылдан зейнет демалысындамын, – дейді Жансары апайдың өзі.
Жауапты қызметтерден бөлек әр жылдары аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, пленум мүшесі, ауылдық, аудандық кеңестің депутаты болып сайланған Жансары апай қай кезде болмасын халыққа қалтқысыз қызметті бірінші кезекке қойған жан. Сол үшін де халыққа сіңірген еңбегі ескерусіз қалмай, облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, облыстық Білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталған. Оған қоса, адал жар, асыл ана ретіндегі миссиясына жауапкершілікпен қарап, отбасының ұйтқысы бола білді. Ғұмырының 42 жылын қаржы саласына арнаған Сайлау Нұрсейтовпен шаңырақ көтеріп, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздары бүгінде мемлекеттік қызметте, жеке бизнесте табысты қызмет атқарып жүр. Ананың сүтімен дарыған асыл қасиет олардың өмірден өз орындарын тауып, еліміздің дамуы жолында еңбек етудің бағдаршамына айналғаны даусыз. Үлкен бір шаңырақтың отанасы, ардақты әжесіне айналса да, Жансары Адранова әлі де қоғамдық жұмыстардан қол үзбеген. Eсіресе, жастарға білгенін үйретіп, көпшілікті бірлікке, ынтымаққа шақырумен келеді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,

Қызылорда облысы