Елордада 5 мыңға жуық тұрғын үй газға қосылды
Елордада 5 мыңға жуық тұрғын үй газға қосылды
172
оқылды
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында «Елорданы газдандыру барысы жөнінде» тақырыбында онлайн брифинг өтті. Нұр-Сұлтан қаласы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов елорданы газдандыру мақсатында атқарылып жатқан шаралар жөнінде мәлімет берді. Отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов астанаға газ тарату желілерінің құрылысы үш кезеңге бөлінгенін айтты.
«Газ желілері түгел тартылған және қосылу мүмкіндігі бар тұрғын үй алаптарына Көктал-1, Көктал-2, Агрогородок, Теміржолшылар, Промышленный, Оңтүстік Шығыс алабының оң және сол жағы, Күйгенжар, Ақбидай, Қазақ ауылы, Московская, Потанин көшесі бойындағы үш шағын аудан кіреді. Қазіргі уақытта газға қосылу мүмкіндігі бар абоненттердің саны 14 мыңға жетті. Оларда 200 мың адам тұрады. Газға қосылған абоненттердің саны 5 мыңға таяды», – деді ол баспасөз мәслихатында.
Оның мәлімдеуінше, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жеке сектормен қатар ЖЭО-1, ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті газға ауыстырып жатыр. газ
«Қазіргі уақытта ЖЭО-2-де бұл жұмыс аяқталып, орталық газбен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. ЖЭО-1-дегі 10 қазандықтың 7-еуі газға қосылды. Қалған 3 қазандықта құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап жатырмыз. Келесі жылыту маусымына дейін бұл қазандықтар толығымен газға көшіріледі, яғни орталықты газға көшіру жұмысы аяқталады. Келешекте іске қосылатын ЖЭО-3 жобасына қажетті өзгеріс енгізілді. Ол газбен жұмыс істейтін болады», – деді Мақсат Есмағұлов.
Қазір ЖЭО-1 және ЖЭО-2 13 қазандығы газға ауыстырылып үлгерген.
«Биыл ЖЭО-1-де тағы 3 энергетикалық қазандық газға көшіріледі. 15 әлеуметтік нысанда газды іске қосу бойынша іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, газға «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, №19 мектеп, № 57 мектеп, «Мейіржан» балабақшасы, «Аққанат» бөбекжайы және төрт көппәтерлі тұрғын үй қосылды. Бүгін қала бойынша 6 мыңнан астам техникалық шарт беріліп, 50 мыңнан астам адамға кеңес берілді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, биыл «Тұран», «Тельман» аудандық қазандықтарына және «Ильинка», «Пригородный», «Family Village», «Өндіріс» тұрғын үй алабына газ жеткізу желілерінің құрылысы басталды. Жалпы, тұрғын үй алаптарын газдандыру және энергия көздерін газға ауыстыру қалдықты азайтуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ газ баллондарын пайдалану кезінде болатын төтенше жағдайларды азайтады», – деп түйіндеді ол.