Жуырда Қазақстан Ресейдің Еуразиялық одақ шеңберін кеңейту туралы кезекті ұсынысынан үзілді-кесілді бас тартты. Бұл ұсынысты Ресей премьер-министрі Алматыда басқосуда тағы да қайталап айтты. Жиынға Қазақстан, Ресей, Армения, Қырғыз Республикасы және Беларусь үкіметінің басшылары қатысқан.
– Спорт, туризм, экология бұған қоса денсаулық сақтау және білім саласын Еуразиялық одақтың жұмыс жоспарына енгізгеніміз жөн. Біздің осындай ұсынысымыз бар. Ал одақтастар біздің бастаманы қолдайды деген үміттемін, – деді Михаил Мишустин.
Ал Асқар Мамин мәймөңкелеп отырмай, жалма-жан ресейлік әріптесінің бетін қайтарып тастады.
– Еуразиялық одақтың әу бастағы келісімшартында көрсетілген міндеттердің шегінен шықпау маңызды. Бұл одақ тек экономикалық әріптестік мақсатында құрылған, – деді Мамин.
Қазақстан Үкіметінің басшысы неге сенімді сөйледі? Өйткені Елбасы мен Президенттің бұл ұйымға қатысты ұстанымы бесенеден белгілі. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Кеңес Одағын жаңғырту немесе қайта тірілту деген жоқ және болмақ емес. Ол – тек өткеннің елесі, долбар мен жел сөз ғана. Бұл мәселеде Ресей, Беларусь және өзге елдердің басшылығымен көзқарасымыз толық үйлеседі», – деп алаң көңілімізді уатқан еді.
Көзқарастар қаншалықты үйлесетінін қайдам, әйтеуір қазақ билігі Ресеймен бұрыннан алыстан сыйласуға тырысады. Кей сарапшылар да Еуразиялық экономикалық одақтың астарынан империялық пиғыл іздейді. Олардың пікірінше, бұл – әуелден-ақ экономикалық мақсаты бар, нарыққа бейімделген одақ емес, идеологиялық сипаты басым саяси жоба. Мәселен, Кремль ара-тұра ортақ валюта енгізу мәселесін көтеріп тұрады. Негізі келісімде бірыңғай ақшаға ауысу жағы қарастырылмаған. Құжатта әр мемлекеттің қаржылық тәуелсіздігі сақталатыны нақты жазылған. Одан қалса, бәзбіреулер ортақ парламент, ортақ паспорт, ортақ азаматтық деген әңгімелерді де қоңырсытып қояды. Бірақ соңғы уақыттағы оқиғалар, әсіресе Қырым аннексиясы одаққа мүше елдерді үркітіп жіберген сияқты. Қоғамда Ресейдің сыртқы саясаты ұлыдержавалық мүддені көздейді деген қорқыныш күшейді.
Қазақстан тарапы Ресейдің интеграциялық бастамаларын біресе қолдаған сыңай танытса, біресе кейінге шегереді. Дипломатия тілімен сыпайылық сақтаса да, енді ешқашан бодандық ноқтасын кимейтінін емеурінмен жеткізеді.
Мамандардың көбі осы одақта жетекші рөл Ресейге тиесілі және негізгі пайданы да сол көреді деп санайды. Мысалы, Кеден одағына кірген алғашқы жылдары Қырғыз Республикасында ауыл шаруашылығы, сауда және басқа салаларда жұмыс істеп келген көптеген шағын кәсіпорын жабылған. ЕАЭО ережелері қолданысқа енген соң Армения Ираннан мұнай және мұнай өнімдерін сатып алуды қысқартқан. Себебі ЕАЭО талабы бойынша Иран өніміне тыйым салынған. Соның кесірінен Арменияда жанармай бағасы қымбаттап, Ресей жанармайының монополиясы орнаған. Армения мен Грузия арасында шекара бойындағы ұсақ сауда да тоқтаған, өйткені ЕАЭО стандартына сәйкес, Грузиядан 20 келіден артық тауар әкелуге рұқсат жоқ. Жалпы, одақ мүшелерінің қай-қайсысында болсын, қоғам наразылығын туғызатын мұндай мысал көп.
Біреулер Еуразиялық одақты күні батуға таяу уақытша құрылым деп болжайды. Беларусь пен Ресей арасында сауда жөніндегі дау-дамай, Қазақстан мен Ресей арасында кеден мен саудаға қатысты түйткілдер, Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы шекаралық мәселелер үнемі қайталанып келе жатқандықтан, осылай ойлауға негіз бар.
Қалай десек те, Еуразиялық одақ ел еркіндігіне қауіп төндіруі мүмкін. Экономистер бұл ұйымның жұмыстары Кеңес Одағы кезіндегі экономикалық және басқа да байланыстарды жаңғырту арқылы жүзеге асырылып жатқанын айтады. Отарсыздану саясатын толық жүргізіп үлгермей, қайтадан қамытқа бас сұғудың қатерлі қадам екенін біздің билік те біледі. Асқар Маминнің қатқыл жауабы мен салқын қабағы соны аңғартса керек.
Өзбекстанға қарайықшы. Жан саны көп, Ресеймен шекарасы жоқ, Қазақстанның қалқасында тұр. Сондықтан шығар орыспен Одақ құрудан ат-тонын ала қашатынын жасырмайды. Күні кеше Шавкат Мирзияев өзінің саяси ұстанымын және бір қайталады.
«Біздің көптеген азаматымыз Қазақстан мен Ресейге барып жұмыс істейді. Әрине, бұған бейжай қарай алмайтынымыз анық. Бірақ мен бір жайтты ашып айтайын, халықтың көкейінде күмән-күдік болмасын. Бізді ешқандай ел ешқашан тәуелсіздікті айыра алмайды. Тәуелсіздік – халық сенім артқан президенттің қолында. Біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болмаймыз», – деді Шавкат әкә.
Біздің дәтке қуат қыларымыз – Елбасының уәдесі. Сонау бір жылы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау баурайында берген сұхбатында тәуелсіздікке қауіп төндіретін кез келген одақтан шығып кете алатынымызды қадап айтқан. Қысқасы, бәрі де басшылардың саяси ерік-жігеріне байланысты шешіледі.
Ерсайын БАҒДАТ