Жер бетіндегі ұлттар бір-бірінен салт-дәстүрі арқылы ерекшеленеді. Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысын сақтауға ұмтылған ел төл мәдениетін қызғыштай қориды, заң қабылдайды. Бұл үдерісті Біріккен ұлттар ұйымы да қолдайды. БҰҰ-ның ЮНЕСКО қорғауына алынған материалдық және материалдық емес құндылықтардың арасында Қазақстанның тарихи ескерткіштері мен қорықтары, домбыра күйлері енгенін ел біледі. Алайда мәдени құндылықты қорғауға келгенде өз еліміздегі заң тетіктері әлі де жетілдіруді қажет ететін сыңайлы. Бұған домбыра сындыру мен дастарқан үстіне шығып суретке түсу оқиғасы дәлел.
Қазақ үшін бағасы биік домбыра мен дастарқанға қатысты оқиға қоғам пікірін қақ жарды. Бірінші тарап домбыра – қазақтың қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым, домбыраны сындыру – қазақты сындыру, сондықтан сындырғандар қылмыстық жауапқа тартылуы керек десе, екінші тарап өз мүлкін сындырған адамда нелерің бар, домбыра үшін оянған намыс сайлауда дауысыңды ұрлағанда неге оянбады деп қарсы пікір білдірді. Бұл тарапты қолдаушылар Америка – Иран текетіресі кезінде Иран билігі өкілдерінің халық жүретін жерге АҚШ туының бейнесін салып, адамдардың соның үстін басып таптап жүрген видеосын таратқанын мысалға алды: «Америка оған көңіл аударған жоқ. Бұл олардың кісілігін көрсетті. Ирандық есуастар бұл қылығымен ешкімді қиналта алмағасын, өздігінен басылып қалды».
Бірақ біз АҚШ емеспіз. Мемлекеттік құрылымы жағынан екі бөлек елміз. Сондықтан да екі елдің менталитетін салыстыру жөнсіз. Оның үстіне, «Мәдениет туралы» заңда мәдени құндылықтарға «тарихи, көркем, ғылыми немесе өзге де мәдени мәні бар, зайырлы және діни сипаттағы материалдық және материалдық емес құндылықтар» деген түсінік берілген. Материалдық мәдени құндылықтарға музыкалық аспаптар жататыны да осы заңда анық жазылған. Демек, біз үшін музыкалық аспап – домбыра да мәдени құндылық. Бұл аз болса, 2018 жылдан бері Елбасы қаулысымен шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күнін атап өтеміз. Былтырғы Домбыра күнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баршамызға ортақ құндылық – домбырамызды жан-жақты насихаттап, жас ұрпақтың санасына сіңіру өте маңызды екенін атап өтті. «Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан мектепте домбыра үйрену сабағын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі қазіргі жаппай жаһандану заманында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет. Төл мәдениетімізге деген қамқорлық әрқашан мемлекетіміздің айрықша назарында болады», – деді. Демек, домбыраға келгенде оны құр ағашқа теңеуге негіз жоқ. Президенттің өзі төл мәдениетімізге деген қамқорлық мемлекеттің айрықша назарында болатынын айтқан екен, ендеше төл мәдениетімізді аяқасты етіп жатқанда кімді қандай жауапкершілікке тартуға болады? Әрі-беріден соң осындай оқиғаларда көкезу болып айтысу мен жаға жыртысудың алдын алар норма керек секілді.
«Егер жеке адамның ар-намысына тиетін болса, онда ол өзінің моральдық шығын көлемін белгілеп, азаматтық тәртіпте сотқа жүгінеді. Ал ұлттың намысын, ұлттың мәдениетін қорласа, оның моральдық шығынын бағалай алмаймыз. Себебі бағасы тым жоғары. Баға жетпейді. Сондықтан қазақ халқының ұлттық болмысын, мәдениетін құрайтын, ұлттық сезімді қорғайтын Қылмыстық заңнама болуы керек», – дейді заңгер, қорғаушы Абзал Құспан.
Оның айтуынша, дастарқанды таптау, домбыра сындыру сияқты оқиғалар қазақтың ғана намысына тиеді. Ол үшін америкалықтар қорланбайды, ағылшындарға да келіп-кетері жоқ. Бұл бізге ғана керек. Сондықтан психологиялық тұрғыдан ұқсастығымыз бар Түркияның тәжірибесіне жүгінуге болады.
«Түркияның Қылмыстық кодексінде 301-бап бар. Еуроодақ 2008 жылдан бері Түркияға осы бапты декриминализация жасау туралы талап қойып келеді. Бірақ Түркия Еуроодаққа кіруге мүдделі бола тұра 301-бапты алмай келеді. Себебі бұл бап түріктердің ар-намысына тию деп аталады. Түркияда да бірнеше ұлттың диаспорасы бар, бірақ сол елдегі ұлттардың емес, нақты түрік халқының ар-намысына тигендер үшін арнайы бап қарастырылған. Түркия үкіметі осы бапқа сүйеніп, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памукті жауапкершілікке тартқан. Өйткені жазушы гуманист болғандықтан өткен тарихқа пікір білдірді. Ол пікірі түріктерге ұнамады» деген ол Түркия ресми түрде түрікшілдікті насихаттайтынын, мемлекеттік жүйе сол үшін жұмыс істейтінін айта келе, бізге де қазақ ұлтының ар-намысы деген бап керек дейді.
Кез келген заң факультетінде 2-курста-ақ заңның қайнар көзі мемлекет құрушы ұлттың салт-дәстүрінен бастау алады деп оқытады. Ал домбыра мен дастарқанның дәстүрімізде орны ерекше. Олай болса, дәстүрге қарсы шығу – заңға қарсы шығу. Ал біздің заңдарда салт-дәстүріміздің иісі сезілмейді.