Елімізде ұлтаралық кикілжіңдер орын ала қалса жұртшылық Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысының тиімділігін сарапқа салатын болған. Оған себеп те жоқ емес. Мемлекеттік ұйымның қызметіне мемлекет есебінен бөлінетін қаржы көлемі де айтарлықтай. Бір ғана 2018 жылы ҚХА-на деп бюджеттен 2,7 миллиард теңге жұмсалыпты. Бұл екі жыл бұрынғы есеп, оған жыл сайынғы инфляцияға сәйкес, бюджет шығыстарын индекстеуді қоссаңыз – қомақты ақша. Қазақстан қоғамының Ассамблея қызметін сынға алуына негізгі себеп қаржыға ғана тіреліп тұр ма?
Иә, Қордайдағы қазақ-дүнген қақтығысынан кейін әлеуметтік желілерде түрлі сауал туындап, желі қолданушылар тарапынан Ассамблеяның қызметі, оған жұмсалатын бюджеттік шығындар көлемі туралы сұрау салған жазбалар көбейген болатын. Осыған орай, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шараларын өткізуге қанша қаражат бөлінгені туралы мәліметті жариялады. Министрліктің мәліметінше, ҚХА-ның даму тұжырымдамасын іске асыруға арналған жоспар бойынша 2019 жылы бюджеттен 119 миллион теңге бөлініпті. Тағы 15,2 миллион теңге этникалық топ өкілдерінің фестивальдерін өткізуге қарастырылған. Осылайша, ҚХА-ның концертін өткізуге былтыр бюджеттен 70,9 миллион теңге бөлінгені белгілі болып отыр. Ал биыл ол қаражат көлемі 74,2 миллион теңгеге жетпек. «Ассамблеяның жыл сайынғы сессиясын өткізуге дайындық жүргізу үшін 2019 жылы 67,9 миллион теңге бөлінген. Биыл да бюджеттен сол мөлшердегі ақша бөлініп отыр» делінген ведомствоның хабарламасында. Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-шаралар жоспарын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми сайтынан көре аласыздар.
Таяуда ҚазТАГ тілшісі ҚХА-ның 2020 жылғы шығынын тізіп жазды. Сонымен, «халықтар достығы» ұйымы биыл қандай шаралар өткізгелі отыр және оған қанша ақша жұмсалмақ?
– ҚХА жыл сайынғы сессиясының дайындығы мен өткізуіне – 68 млн теңге;
– ҚХА сессиясының ашылуына орай өтетін концерттік шараға – 71 млн теңге;
– «Қазақстанға сүйіспеншілікпен» акциясын ұйымдастыруға – 19,6 млн теңге;
– Алғыс айту күніне арналған форумды өткізуге – 21,9 млн теңге;
– «ЭтноFashion» сән әлемі фестивалін ұйымдастыру және өткізуге – 11,8 млн теңге;
– Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау бойынша республикалық дәрісті ұйымдастыру және өткізуге – 16,2 млн теңге;
– «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» идеологиялық тұғырнамасын қолдау мақсатында этномәдени бірлестікті біріктіру бойынша іс-шаралар ұйымдастыруға – 4,7 млн теңге;
– Қайырымдылық ұйымдары мен демеушілердің «Мейірімділік керуені» республикалық форумын өткізуге – 21 млн теңге;
– Қазақстанның ұлттық театрларының (этникалық театрлар) республикалық фестивалін өткізуге – 119 млн теңге;
– «Жібек жолындағы әңгімелесу» халықаралық мәдени жобасын ұйымдастыру және өткізуге – 13,7 млн теңге;
– Ортақ құндылықтарды қалыптастыруға, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын Қазақстанның этникалық топтары арасында насихаттауға – 1,4 млн теңге;
– ҚХА Журналистер клубының қызметін қолдауға – 7,6 млн теңге;
– «Көшбасшы бол!» жастар жобасын өткізуге – 10 млн теңге;
– ҚХА кеңесінің отырысын өткізуге – 7,8 млн теңге.
Яғни, жоғарыдағы шаралар «Қазақстан халқы Ассамблеясының 2019-2021 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын (2025 жылға дейін) іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында» көрсетілген.
Әрине, біздің мақсат Ассамблеяның ақшасын санау емес. ҚХА ұйымы тарапынан өткізілетін ондай көрнекті мәдени, рухани шаралар да қажет. Десек те, елімізде ара-тұра бас көтеріп қалатын ұлтаралық кикілжіңдер кезінде жұртшылық Ассамблея мүшелері мен ұйым қызметінің қоғамдағы орнын жоқтап жататыны рас. Қордайдағы қақтығыстан кейін де әлеуметтік желілерде көпшілік тарапынан ҚХА жұмысына қатысты сын мен ұсыныстардың көбірек айтылғаны ұйымның қызметіне өзгерістің керек екенін білдіріп тұрғандай.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
– Шын мәнінде, Қазақстан халқы Ассамблеясына үлкен міндет жүктелген. Ұйымның қызметі үшін, мүмкіндігін кеңейтуі үшін Конституцияға, сайлау туралы заңға өзгерістер енгізілді. Жыл сайын республикалық бюджеттен, облыстардың бюджетінен оның жұмыс жоспарына деп, арнайы қаржы бөлініп отыр. Яғни қаражаттан тапшылық жоқ деуге де болады. Алайда Қордайдағыдай үлкен оқиға кезінде ҚХА-ның дауысы дер кезінде естілмей қалады. Жалғыз Қордай емес, осы уақытқа дейін Қарағандыда, Шымкентте, Алматы облысында осындай жағдай болды. Онда да дәл осылай болды. Сондықтан диаспора өкілдері өз ішінде тәрбиелік жұмыс жүргізіп, қазақ жеріне алғаш келгендегі тарихи жағдайды жастардың есіне салып, мемлекетшіл сананы сіңіріп отырғаны жөн.
Ерлан САИРОВ, саясаттанушы:
– Қазақстан халқы Ассамблеясының ең негізгі миссиясы – біздің еліміздегі диаспораларды жалпықазақстандық патриотизм мен қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарына тәрбиелеу. Себебі Қазақстанда мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқы. Ол дау тудырмайтын, баршаға мәлім жайт. Сондай-ақ заң бойынша Қазақстанның әр азаматы мемлекеттік рәміздерді, Конституцияны құрметтеуге міндетті. Ассамблея, әсіресе қоғамға енді араласып жатқан жастарды осы құндылықтарды сақтап, оны құрметтеуге, елді дамытуға шақыруы, үндеуі тиіс. Біз қазір Қазақстанда мемлекет құрушы халықтың статусын белгілеп беру, сол мақсатқа жұмыла жұмыс істеу кезеңінде тұрмыз.
Бауыржан БАЗАР