Әділдік акциясына шақырады
Әділдік акциясына шақырады
432
оқылды
Елімізде «Әділдікті талап ет!» атты ау­қымды науқан басталды. «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бір­лестігінің Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп ұйым­дастырып жатқан шара 15 та­мыз­дан 15 қыркүйекке дейін со­зы­ла­ды. Бұл туралы арнайы бри­финг­те мә­лім етілді. Науқанның басты мақсаты – қоғам ара­сын­да жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қа­лыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барын­ша жұмылдыру. Аталмыш іс-шара жем­­қорлықтың болуы немесе орын алуы мүм­­кін деген қоғамды алаңдататын мәсе­ле­лер­дің кең ауқымын кезең-кезеңімен қам­ти­тын болады. Соның алғашқысы – автожол са­ласындағы проблемалар. Ұйымдас­тыру­шы­лар жол салу, жөндеу және күтіп ұстау бары­сындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға назар салып отыр.
«2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңей­тілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көр­сет­кі­шінің жоғары екенін сынға алып, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған құқықбұзу­шылықтарды мұқият тексеруді тап­сыр­ған болатын. Расында да, Қазақстанда бұл сала сыннан көз ашпай келеді. Сапасыз жол­дар жол-көлік апаттарында талай адам­дардың қайтыс болып, жарақат алуының себепшісі болып отыр. Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әр­түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұ­ған 600 миллиард теңгеден астам қаржы бө­лінді. Ал жол жөндеуге бөлінген қара­жат­тың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жем­қор­лық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен қо­ғам­ды барынша жемқорлыққа қарсы күрес­ке жұмылдыра отырып, бұл зұлымдыққа тө­теп бере аламыз», – дейді «Әділдік Жолы» Рес­пуб­ликалық қоғамдық бірлестігінің ат­қарушы директоры Дидар Смағұлов.
Азаматтар науқанға қатысу үшін Adildik.kz веб-сайты арқылы қосылып, 1463 Call center бойынша Қазақстан автожолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты 15 тамыздан бастап хабарлай алады. Келіп түскен барлық ақпарат жергілікті және республикалық «Әділ­дік кеңесі» атты кеңестерінде талқы­ланады. Сонымен қатар салалық нормативті-құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында уәкілетті органдарға ұсыныстар беріледі. Науқанның қорытындысы сонымен қатар бірлестік қызметінің нәтижесі жыл аяғында өтетін Жемқорлыққа қарсы форумда жа­рия­ланып, науқанға белсенді қатысқан аза­маттар «Әділдік жауынгері» мәртебесіне ие болмақ. Осы дүйсенбіде басталған акцияға қазақстандықтар жол сапасына қатысты шағымын жеткізіп жатыр.
«Акция басталған күні қазақстан­дық­тардан жол сапасына қатысты 30 шағым түс­ті. Мәселен, 2020 жылы 739 миллион тең­­ге тө­ленген Ақтөбе облысындағы Ақ­тө­бе–Болгарка–Шұбарқұдық жолының жарылып кет­кені анықталды. Сол сияқты Алматы об­­­лысында биыл мамырда тапсырылған жол­дардан бірқатар олқылықтар табылып отыр. Оған 152 миллион теңге жұмсалған. Автожол құрылысы саласындағы қо­ғам­дық бақылау әлемде кең таралған тәжірибе. Мә­селен, Чехияда бұл процеске жергілікті ав­томобиль одағы мен жол кәсіподағы, Фи­липпинде қорытынды беру құқығымен ССАGG қоғамдық бірлестігі айналысады. Жо­ғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, шек­теулі адами ресурстар жергілікті ат­қарушы органдарға жол сапасына тиісті ба­қылауды жүзеге асыруға мүмкіндік бер­мей­ді. Қазір бүкіл ел бойынша 1000-ға жуық түр­­лі жол учаскесіне кепілдік бойынша қыз­мет көрсетіледі. Нақты учаскелердің толық тізімі Adildik.kz сайтында жарияланған, яғни кез келген азамат кепілдіктегі жолдың  қан­дай жағдайда екенін өз бетінше тек­сере ала­ды», – деді Дидар Смағұлов.
Қазақстан жемқорлықты қабылдау ин­дексіне сәйкес, 180 елдің ішінде 102-орында екен. Ендеше ел болашағына бейжай қара­май­тын барлық азаматты аталмыш нау­қанға қосылып, елімізді толыққанды да­мы­туға жол бермей отырған жемқорлыққа қар­сы күреске белсенді қатысуға шақырамыз. Жемқор­лық­ты бірге жеңейік! Әділдіктің жауы – бей­қам­дық! Бейқам болма, әділдікті та­лап ет! Тек соңғы бес жылда республикалық бюд­жеттен автожолдарды дамытуға және жөн­деуге шамамен 1,7 трлн теңге бөлінген екен. Мәселен, 2018 жылы – 378 млрд, 2019 жы­лы – 386 млрд, 2020 жылы – 367 млрд, 2021 жылы – 358 млрд, 2022 жылы – 192 млрд. Бірақ осыншама қыруар қаржыны тиім­­­­сіз пайдалану және тиісті бақылаудың бол­мауынан жол инфрақұрылымы проб­ле­ма­дан көз ашпай келеді. Жол сапасының тө­мен болуы автожолдарды салу мен жөн­деудің барлық кезеңінде сыбайлас жем­қор­лық құрамының кездесетінінде жатыр.
«Өкінішке қарай, биыл осы салада сы­байлас жемқорлыққа қатысты құқық­бұзу­шы­лықтардың артуы байқалады. Мәселен, 2021 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде 18 сотқа дейінгі тергеу бол­са, биылдың өзінде 15 сыбайлас жем­қор­лық қылмысы тіркелді. Олардың басым бө­лігі ұрлау, билікті асыра пайдалану, пара алу­мен байланысты. Мәселен, «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызметтің өндірісінде Батыс Қазақстан облысы Жолаушылар көлігі жә­не автомобиль жолдары басқармасы бас­шының үстінен қозғалған іс жатыр. Ол жал­пы сомасы 180 млн теңгеден асатын жұ­мыс­тар­дың орындалғаны туралы жалған актіге қол қойды деген күдікке ілінді. Күрделі жөн­­деу нысаны – «Нұрлы жол» бағдар­лама­сы­ның аясында қаржы бөлінген Бөрлі–Ақ­сай–Жымпиты бағытындағы жол. Сондай-ақ Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бас­шысы мен өзге тұлғалардың үстінен де қыл­мыстық іс тергеліп жатыр. Олар былтыр қа­зан айында мемлекет бюджетін ысырап ету арқылы 747 млн теңгеден астам қара­жат жымқырған. Мұнда да қаражат «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы бөлінген», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаменті Превенция қыз­ме­тінің басшысы Саян Ахметжанов.
Құзырлы орган өкілі бұл саладағы пара­қор­лықтың бірқатар себебін әшкерелеп  бер­ді. Мәселен, елімізде құрылыс ма­те­риал­дарының сапасын тексеретін зерт­ха­налар болуы керек деген талап жоқ екен. Осы­ның сал­дарынан ақшаны үнемдеу үшін тап­сырыс­ты орындаушылар арзан әрі сапа­сыз материалдарды қолданады. Техникалық қада­ғалаудың аты болғанымен, заты жоқ. Түп­теп келгенде жұмысты қабылдау актісіне тек тапсырыс беруші мен мердігер мекеме қол қояды. Тағы бір жайт, жол құрылысын салу­ға келетін шетелдік компаниялардың жауап­сыздығында жатыр.
«Шетелдік компанияларға берілетін үкі­меттік займдар дегеніміз – бюджет қаржысы. Тен­дер кезінде жұмысты арзан бағамен іс­теуге дайын мердігер мекемеге таңдау тү­седі. Соңғысының шотына банк кепілдігі бойын­ша келісімге сәйкес алдын ала төлем ауда­ры­лады. Әйтсе де, нақты нормативтік шарт­тардың болмауы кесірінен жауапты мекеме өзі­не жүктелген міндетті ойдағыдай орын­да­май, келісімді бұзады. Артынша, шетелдік мер­дігер отанына оралады. Ал комитет бұл істі арбитраждық соттың қарауына қал­дыра­ды. Тексеріс нәтижесінде осындай екі ком­па­ния анықталды. Олардың мемлекетке кел­тірген залалы 20 млрд 800 млн теңге», – дей­ді Саян Ахметжанов.
Брифингті қорытындылаған агенттік өкілі жемқорлықтың алдын алу үшін қо­ғам­ды тартудың маңыздылығына да тоқталды. Қо­ғамдық қадағалау құралдарын қолдану – халықаралық практикада бар қажетті шара. Сондықтан да олар «Әділдік жолы» РҚБ-мен шектеліп қалмай, өзге де үкіметтік ұйым­дар­мен өзара байланыс орнатады. Кор­рупциялық тәуе­келдер картасына сәйкес, қо­ғамдық мо­ниторингке тартылатын сала­лар­ға білім, ден­саулық сақтау және мемле­кет­тік сатып алу жатады. Бұл салалардағы жұ­­мыстар басталған кез­де брифингтер ұйым­дастырылып, қо­сымша ха­барланатын бо­лады.