Қазақстан толық тұтынатын құмшекердің жартысына жуығын өзі өндіріп шығарған заман болған. Қазір бұл тәттінің өзіміз жейтін көлемінің бар-жоғы 7 пайызы ғана елімізде жасалады. Осыншама құлдырайтындай бұл салаға не зұлмат-зауал келді? Неге Қазақстанның осы нарығы 90 пайыз Ресейге тәуелді болып қалды? Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеп отырған қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспар жағдайды түзей ала ма? Осы және басқа сауалдарға жауап іздеп көрсек. Қызылшаға қырын қарағандар Шілде соңында журналистермен кездескен сол кездегі вице-премьер – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов салада ауыр жағдай қалыптасқанын ашық мойындады. Бұл кезде ауыл түгіл, қалалардың өзінде қант тапшылығы өршіп тұрған болатын.
«Қантта Қазақстан импортқа қатты тәуелді. Қазір өзіміз тұтынатын бүкіл қанттың тек 7 пайызын отандық қызылшадан өндіреміз. Қалған көлемінің 90 пайызға жуығын Ресейден тасимыз. Шамалы бөлігін қант құрағы түрінде Бразилиядан және бірқатар өзге елдерден импорттаймыз. Бұған дейін қант саласын дамыту үшін қаншама бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылды. Соған қарамастан, өндірісті ынталандыра алмадық. Сөйтіп, ішкі тұтынысты ішкі өндіріспен толық қамтамасыз ете алмадық», – деді Б.СұлтановАл сарапшылар қант тапшылығына Сауда және интеграция министрі мен Ауыл шаруашылығы министрі екеуі де айыпты деген пікір білдірді. Себебі Қазақстанда қант қызылшасының өсімі құлдырап барады. Мысалы, Жамбыл облысы осы өнімді өсіретін негізгі өңір саналады. Статистикалық деректерге сәйкес, 2021 жылы 160,3 мың тонна қызылша ғана жиналған. Салыстыру үшін айтсақ, 2017 жылы – 206,1 мың, 2018 жылы – 192,9 мың тонна тәтті түбір жиналған екен. Содан бері бұл сала құрдымға кетті. Аграршылар мұны Ауыл шаруашылығы министрлігінің субсидиялау саясатындағы олқылықтардың салдары деп санайды. Үкімет ел Президентіне 2023 жылы Қазақстан қанттың 60 пайызын өзі шығарып, азық-түлік тәуелсіздігіне қол жеткізетінін баяндаған. Алайда шынайы жағдай мен бұл цифр арасында алшақтық бар. Мысалы, Алматы, Жамбыл облыстарында бұрын іске қосылған 7 қант зауытының бүгінде тек төртеуі ғана жұмыс істесе, олардың өзі 31 пайыздық жүктемемен қант өндіріп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға қарай қызылшадан өндірілетін қанттың үлесін қазіргі 7-ден 43 пайызға дейін арттыруды жоспарлады. Әйткенмен, соңғы 4 жылда қант қызылшасы егістігінің көлемі үштен бірге азайып кетті. Тәуелділік тоқырауға бастайды Бар гәп ауыл шаруашылығында болса, сауда мен интеграцияға жауапты Б.Сұлтановтың қантқа қандай қатысы болған? Отандық қант зауыттары бұрынғы жылдары өздері өндіретін құмшекердің көбін қызылшадан емес, қант құрағынан алып келді. Шикізат Бразилия, Мексика, Үндістаннан жеткізілді. Сарапшылардың мәліметінше, 2010 жылы Кеден одағына кіргенде Қазақстан шикізатты – қант құрағын өзіне 10 жыл бойы баж салығынсыз тасуға қол жеткізіпті. Осының арқасында отандық қант өндірісі қарқынды түрде өркен жайды. Қазақстандағы қант тапшылығын талдаған Германияның жетекші Deutsche Welle басылымының сарапшылары бір маңызды жайтты қаперге салды: Қазақстанда тіпті қант қызылшасының шығымы мол болса да, ол қант зауыттарының жыл он екі ай жұмысын қамтамасыз ете алмайды екен. Өйткені құрамында ылғалы көп саналатын қызылша қытымыр қыс түскенде қатып қалады. Онысы жібітсе, өңдеуге жарамайды. Оған қоса, тәтті түбірді үлкен көлемде жылы қоймада сақтау қиын әрі қант өндірісін қымбаттатады. Сондықтан зауыттар қыс пен көктемде және жаздың басында шетелдік қант құрағын өңдеп, ісін дөңгелетіп келген. Бірнеше жыл бұрын ресейлік қант өндірушілер беларустік әріптестерімен бірігіп, Еуразиялық одақ аясында ұйымға мүше емес елдерден қант құрағын тасуға тыйым салу бастамасын көтерді. Одақ нарығын өз өнімімен жаулауға құмартқан Мәскеу бұл идеяны құптап, оны өзге мүшелерге тықпалады. ЕАЭО аясында барлық шешім ымыра-консенсус негізінде қабылданатыны, яғни бір мүше мемлекет қарсы шықса, бастама өтпейтіні белгілі. DW дереккөзінше, үш жыл бұрын қазақстандық келіссөзшілер Мәскеудің қысымына шыдас бере алмай, көніп, келісе салған. Ал келіссөз бен интеграцияға Б.Сұлтановтың министрлігі жауапты. Салдарынан одақ аясында қант құрағына баж салығы енгізілді, оны импорттау біздің зауыттар үшін тиімсіз болып қалды. Қазақстанға ресейлік арзан қант келді. Бүкіл логистика солтүстік көршіге бағдарланды. Бразилия, Мексика сияқты елдермен арадағы тасымал тізбегі, келісімшарттар бұзылды. Республика құмшекерде Ресейге тәуелді болып қалды. Бұған отандық қант қызылшасы шаруашылығының шатқаяқтауы келіп қосылды. Әрине, Қазақстан ресейлік қант пен одан жасалған өнімдермен қажетті өтеп жүре берер еді. Алайда араға Ресейге салынған санкциялық қысым килікті де, солтүстік көршіміз өз нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін биыл наурызда қант экспортына тыйым салды. Сәуір айында Беларусь те осы өнім экспортына мораторий жариялады. Қазақстанға қантты Украина да жеткізетін, бірақ соғыс салдарынан оның бұған мүмкіндігі қалмады. Қант импортының жолы жабылған сәттен Қазақстан дүкендерінің сөрелерінен құмшекер жоғалды. Ішкі нарықта тапшылық туындады. Экономист Арман Бейсембаев тапшылықты дер кезінде мойындамай, министрлер уақытты босқа жіберіп алғанын қаперге салды.
«Наурызда министрлер РФ енгізген уақытша мораторийге үн қатуға асықпады. Ол аяқталғанша, елдегі қант қоры жетеді деп ойлады. Қант тез таусылатынын, кондитерлік фабрикалар тапшылық кесірінен тоқтайтынын болжап, наурызда, көктемгі егіс кезінде фермерлерге субсидия, ресурстар, техника бөліп, ауыл шаруашылығының бүкіл әлеуетін жұмылдыру қажет еді. Сонда күзге қарай қант қызылшасынан мол өнім алып, бұрын тоқтаған қант зауыттарын қайта іске қосып, ішкі сұраныстың үлкен бөлігін өтеуге болатын еді. Бірақ мұның бірі де жасалмады. Биыл қант қызылшасы 12 мың гектарға ғана егілген. Бұл ішкі сұраныстың небары 28 пайызын өтей алады», – деді экономист.Қазақстан Мәскеумен келіссөздер арқылы Еуразиялық одақ аясында 350 мың тонна қантты шетелден бажсыз әкелуге қол жеткізе алды. Кейін мұның да жетпейтінін ұғынып, тағы 100 мың тоннасын сұратты. Оны жеткізу үшін Бразилиямен, Үндістанмен, Вьетнаммен келіссөздер жүргізілді. Әйтсе де, бұрын болған жеткізу тізбегінің бұзылуы жағдайды тез түзеуге мүмкіндік бермеді. Тек отандық егіншілер қант қызылшасының жинай бастаған соң ғана бүгінде дүкен сөрелерінде қайтадан қант пайда болды. Оңтүстіктің монополиясын жою қажет Сарапшылардың пайымдауынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген қант саласын дамыту бойынша кешенді жоспар биылғы қант тапшылығын жоюға ықпал ете алмайды, ол болашаққа бағытталған. Бұл бағдарламада қант зауыттарының қажеттіліктерін ескеріп, оларды өз шикізатымызбен қамту үшін қант зауытынан 150 шақырым радиуста қант қызылшасын өсіруге жарамды, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру жоспарланған. Құжатты талқылауға қатысқан аграршы-маман Тимур Сегізбаев мұндай тәсіл Ресейде қолданылғанын ескертті.
«Қант зауытының айналасындағы 150 шақырым ұлан-ғайыр жерді тек зауыттарға таратып беруге болмайды. Бұл жерлер қызылша өндіруші фермерлерге де берілуі керек. Әйтпесе, Ресейдің қателігін қайталаймыз. Оларда қант зауыттары мемлекеттен мол көлемде жер алған. Кейін губернаторлар қант зауыттары қожайындарына жүгініп, өз аграршылары үшін қант қызылшасын өсіруге квота, жер беруді сұрауға мәжбүр болды. Егер мемлекет жер берсе және өнімді сатып алу бағасын көтерсе, онда қант өсірушілер 2023 жылы тәтті түбірдің егіс алаңдарын кем дегенде 2 есе арттыруға дайын», – дейді кәсіпкер.Агроөнеркәсіптік кешендегі Қазақстанның іскерлік кеңесінің басқармасы төрағасы Қанат Әбілмағжанов Үкіметтің қант қызылшасын өсіруді Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарымен ғана шектегеніне қарсы екендерін айтады.
«Кешенді жоспар қант шаруашылығын елдің тек оңтүстік өңірлерінде шоғырландыруды және ол үшін суарылатын жерлерді пайдалануды қарастырады. Бұрыннан жүргізілген мұндай саясат ақыр соңында қант зауыттары жылына 2-3 ай 15-30 пайыздық жүктемемен жұмыс істеуге мәжбүр болды. Зауыттарды отандық шикізатқа көшіру қызылша егістерін кеңейтуді талап етеді. Қант саласын шикізатпен толыққанды қамту үшін қызылша егістігін жоспардағыдай 38 мыңға дейін емес, ең кемі 120-150 мың гектарға дейін ұлғайту керек. Алайда оңтүстікте осынша мол жерді бір дақылға беру табыстылығы жоғары басқа дақылдарды егістен айырады, мысалы, жеміс, бақша дақылдары әр гектарынан шамамен 9,5 млн теңге кіріс әкеледі», – деді Қанат Әбілмағжанов.Оның үстіне, қызылшадан айырмашылығы сол, бақша, жеміс дақылдары оңтүстіктен басқа өңірлерде не өспейді, не жақсы өнім бермейді. Қауымдастық төрағасы АҚШ-тың солтүстік штаттарының, Канаданың қызылшадан қант өндіру тәжірибесін үлгіге алуды ұсынады. Оларда қызылшаны сақтау технологиялары қолданылады: аязды қыста өнім термоангарларда, қалың қар астындағы «кагат» күйінде сақталады. Бұл қант зауыттарының жұмыс мерзімін жылына 220 күнге дейін ұлғайтуға жол ашады. Қазақстандық зауыттар қант қызылшасын жылына тек 90 күндей өңдейді. Көрші Ресей де оңтүстік өңірлерімен шектелмей, қызылшаны Алтай өлкесінде өсіре бастады. Осыған орай, АӨК-тегі Қазақстанның іскерлік кеңесі проблеманы шешу үшін Үкіметке қант қызылшасын солтүстік, орталық және шығыс облыстарда да өсіру ұсынысымен шығып отыр. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында егіншілеріміз өз бетінше қызылша егіп жүр. Оның қорытындысы, бұл өңірлерде әр гектардан 35-37 тоннадан өнім жинауға болатынын паш етті. Сондай-ақ қант зауыттарының, фермерлердің, ресурс жеткізушілердің күштерін біріктіретін индустриалдық-инновациялық кластер құрған жөн көрінеді. Кластерлік кооперация техниканы және қант зауыттарында бар машина-тракторлық станса (МТС) жабдықтарын, сондай-ақ қызылшаны сақтау инфрақұрылымын ортақ пайдалану есебінен фермерлердің шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Қалай болғанда, онсыз да созылмалы дағдарыстан қажыған халқымыздың өмірін сәл де болса тәтті ететін құмшекер өндірісін дамыту үшін кешенді көзқарас, жан-жақты саясат қажет екені даусыз.