Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Биыл 1-сыныпқа өтініш берушілердің 70 пайызы мемлекеттік тілде білім алуды таңдаған. Алайда бұл елімізде аралас мектептердің азайғанын білдірмейді. Шалғайдағы ауыл халқы балаларын қазақша оқытқанымен, ірі қалалардағы ата-аналар қазақ тілінің болашағына сенбейтіндей. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлының зерттеуінше, 1937-1938 жылдардың өзінде елімізде 478 аралас мектеп болған. Ал бүгінде Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 2 047 аралас тілде оқытатын мектеп бар. Яғни 1,5 миллионға жуық бала аралас мектепте білім алып жүр. Сонда 1937 жылмен салыстырғанда тәуелсіз Қазақстандағы аралас мектептердің саны 4 есе өскен. Аралас деген аты ғана. Мұндай мектептердегі мәдени шаралар мен ата-аналар жиналысының барлығы орыс тілінде өткізіледі. Елордадағы аралас мектептердің біріндегі мұғалім Назым Мақсатқызы 3-сыныпты тәжірибе алаңы етіп көру үшін сабақты тек қазақ тілінде өткізе бастайды. Бірде мұғалім: «Көшеден үйі жоқ «бомждар» мен «наркомандарды» көретін шығарсыңдар. Олар жалқаулығы мен білімге деген құлшынысының жоқтығынан өмірде өз орнын таба алмайды…» деп оқушыларды білімге ынталандыру мақсатында мысалдар келтіреді. Қазақша бір ауыз сөз түсінбейтін бастауыш сынып балаларының бірі анасына: «Мама, бізді апай наркомансыңдар, бомжсыңдар деп айтты» деп жеткізіп барады. Осылайша, ата-ана жағдайды түсінбестен мұғалімге келіп, аузына келгенін айтып, жұмыстан шығару үшін бәрін істейді. Тіпті көшеде талай рет қоқан-лоққы көрсетіпті.
– 25 жыл бойы қазақ мектебінде жұмыс істеп, соңғы жылдары аралас мектепке ауыстым. Екі мектептің айырмашылығы жер мен көктей. Мұстафа Кемал Ататүрік көп тілді, көп дінді, көп ділді мемлекеттің өмірі ұзаққа бармайды дейді. Аралас мектепке келгенде байқағаным, оқушылар арасында қазақ тіліне қызығушылық жоқ. Балалар ағылшын тілі мұғалімінің аузына кіріп кете жаздайды, ал қазақ тілі мұғалімінің бетіне де қарағысы келмей, кітапты жауып тастап, партаның бетінде жатады. Енді өзіңіз салыстырыңыз, – дейді Назым Мақсатқызы.Мұғалімнің айтуынша, орыс сыныбына кіріп келсеңіз, түгел қазақтың қаракөз балалары отырады. Ішінде 1-2 ғана өзге ұлт өкілдері кездеседі. Бастауыш сыныптарда орыс сыныптары тіптен көбейіп кеткен. Бұған ата-аналардың латын әліппесін енгізеді дегеннен қорқып, баласын орыс сыныптарына жетектеп жатқаны дәлел. Қазақ сыныбын қажетсінбейтін қалалар Қазір елімізде 1-сыныпқа құжат қабылдау аяқталды. Жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш аттайтын 400 мыңнан аса баладан өтініш түсті. Құжат тапсырғандардың басым бөлігі Абай, Шығыс және Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында да 1-сыныпқа баратын балалар саны басым. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, өтініш берушілердің 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілде білім алуды таңдаған. Яғни 280 мың бала қазақ сыныбына барады. Әсіресе, баласын мемлекеттік тілде оқытқысы келетін ата-аналардың қарасы Қызылорда, Ұлытау, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында көп. Ал солтүстік аймақтарда бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Жағдайы мәз емес өңірлер басында Қостанай облысы тұр. Мұнда мемлекеттігі бар, жекеменшігі бар, 494 мектеп білім береді. Оның 118-і ғана қазақ мектебі, 114-і – аралас. Аймақтағы 110 мыңнан аса оқушының 32 мыңы ғана қазақ тілінде білім алады. Облыста қазақ мектептерінің үлесі 25 пайыз, қазақша оқып жатқан оқушылар үлесі 29 пайыздың айналасында. Үштен бір бөлігін де толтыра алмайды. Қостанайдағы халықтың 40 пайызы қазақтар екен. Бірақ не мектеп, не мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар үлесі неге 40 пайызға толмайды? Демек, қазақ мектептерінде баласын оқытуға құлықсыз ата-аналардың бары анық. Солтүстік Қазақстан облысында қазақ тілін оқыту ісіндегі жағдай мәз емес. Мұнда 259 орыс мектебі, 95 аралас, 114 қазақ мектебі бар. Қазақ мектептерінде оқитын 12 мың баладан орысша білім алатын балалар 3 есе көбейіп, 36 мыңнан асқан. Ал 95 аралас мектептің жайы бізге беймәлім. Ірі мегаполистерде де жағдай мәз емес. Өткен оқу жылында елордада қазақ сыныптарында – 108 мың, орыс сыныптарында 85 мың бала оқыған. Ал Шымкентте қазақ сыныптарында – 152 мың, орыс сыныптарында – 54 мың, тіпті өзбек сыныптарында 20 мың бала білім алыпты. Алматыда қазақ сыныптарындағы (140 мың) оқушылардан орыс сыныптарындағылар (153 мың) басым болып шықты. Ақмола облысында да сол, 555 жалпы білім беретін мектептің 159-ы ғана қазақша, 218-і аралас. Бір қызығы, тәуелсіздік алғалы Көкшетауда жаңа қазақ мектебі 2018 жылы бір-ақ салынған. Соны қосқанның өзінде қалада мемлекеттік тілде білім беретін 4-ақ мектеп бар. Ал аралас мектептерде оқушылар үшін қазақ тілі – тек 45 минуттық сабақ. Нұр-Сұлтандағы №90 гимназия директоры Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, заң бойынша баласын қандай тілді мектепте оқытуды ата-ана өзі шешеді. Оны зорлап қазақ тілді мектепке бергізе алмайсың, міндеттей алмайсың. Себебі ол – конституциялық құқы. Сондықтан Білім басқармаларына аралас мектеп ашпа деп айта алмайсыз. Бес ата-ана орыс сыныбына өтініш жазып тұрса, басқарманың ашпауға заң бойынша құқы жоқ.
– Аралас мектеп керек. Бізде басқа таңдау жоқ. Егер аралас мектеп ашпасақ, онда біз орыс мектебін ешқашан жоя алмаймыз. Керісінше орыс мектептері дами береді. Ал бұл мемлекетте орыстілді әлем мен қазақтілді әлемнің екі бөлек өмір сүруі екі бөлек ойлануын жалғастыра береді. Бұл – бір тұтас ел болуға үлкен қауіп. Сондықтан біз бірінші аралас мектептің емес, орыс мектептерінің санын азайтуға, орыс мектептерін аралас мектепке айналдыруға күш салуымыз керек. Басқа таңдау әзірге жоқ, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.Ата-аналар неге алаңдайды? Аралас мектептердің көбі орыс мектебінен араласқа өзгерген. Көбінде білім басқармалары 1-2 ата-ана арызданып келсе, мектепті араласқа ауыстыра салады. Аралас мектептерге арналған оқу құралдары әуелде орыс тілінде жазылатыны да жасырын емес. Кейін оны қазақшаға аударады. Содан кейін аудармада кеткен қате қазақ тіліндегі құралдың сапасын төмендетеді. Жаңадан ашылған мектептердің көбі қазақ мектебі болып жұмыс бастағанымен кейін аралас мектепке айналып кеткен. Себебі ата-аналар шулап жүріп үйлерінің қасындағы мектепте «Орыс сыныбын ашсын. Баламды қазақша оқытпаймын» дейді. Қазақ отбасылардың баласын орыс сыныптарына жетектеп апарып, қазақ мектептерін жапқызып жүргені санамыздағы құлдық психологияның әсерінен бе дейсің. Қоғам зиялылары осы мәселені қозғап, ең алғаш көтере бастағанда, орыс мектептерін әуелі аралас, кейін қазақ тілді мектепке айналдыру үшін мемлекет әртүрлі шаралар қабылдады. Алайда қолға алынған бастама кейін бақылаусыз қалды. Әсіресе, қазақ тілі латын әліппесіне көшетінін естігенде, тағы ата-ананың көңілі бұзылды. Себебі латын әліппесіне тек қазақ тілі көшеді, ал орыс тілі кирилицамен қалды. Сонда көпшілігі «Балам қиналғанша, орыс сыныптарындағы кирилицамен жүре берсін» деді.
– Дәл қазір орыс тілін білмесең, үлкен жетістікке жету қиын, билікке жолау мүмкін емес. Ал қазақ тілін білмесең, министр де, әкім де бола аласың, кедергі жоқ. Орыс тілінің статусын Конституциямен бекітіп, болашағын әр жолдауда айқындап тұрған мемлекетте ешкім қазақ тілін шынайы мемлекеттік тіл деп сезінбейді. Күнделікті орыс тілінде сөйлейтін, орыс тілінде ғана іс-қағаз жүргізетін шенділер мен мекемелер көптігінде баласын жетектеп қазақ мектебіне жұрт апармайды, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.Оның пікірінше, елімізден Ресей техникалық университеттерінің филиалын ашу, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы тізіміне Ресей университеттерін қосу секілді мемлекеттік шешімдер баласын орыс мектебіне беретіндер санын кемі 20%-ға көтереді. Сондықтан жоғарыдағы цифрлар алдағы күндері еселеп артуы әбден мүмкін. Дегенмен үміт те жоқ емес. Себебі 2019 жылға дейін мектеп түлектеріне грант бөлгенде 50\50 қағидаты сақталғанымен, тек 2020 жылдан бері тілге бөлмей, жалпы ҰБТ қорытындысы бойынша қабылдау жолға қойылды. Соның нәтижесі елімізде қазақтілді мектептердегі білім сапасы жоғары екені дәлелденді. Мемлекеттік гранттың 70-80 пайызын қазақ сыныптарының түлектері иеленген. Тіпті 200 мыңнан астам өзге диаспораның баласы қазақ мектебінде оқып жатыр. Яғни өзге ұлттардың өзі мұндағы келешек қазақ тілімен тығыз байланысты екенін түсіне бастаған.