Осы күндері жер-жерде жаңа оқу жылы қарсаңындағы тамыз кеңестері өтіп жатыр. Ұстаздықты ұлықтап, мұғалімдерге мадақ айтылатын сәт. Осы жиындарда «ұстаз – ұлы есім», «жақсы ұстаз – шамшырақ» сияқты қанатты сөздер көп айтылады. Ұстаздыққа арналған ондай әдемі сөз бізде де аз емес, сол сөздерді орынды-орынсыз қайталап, кейде қадірін кетіретін сияқтымыз. Бір сәт ойлансақ, шындығында, балаға үйретуден артық, мұғалім болудан маңызды, ұстаздықтан абыройлы кәсіпті елестету қиын. Мектепке кірген баланың алдынан шығып, адамзат жинаған білім мен ғылымның әр саласымен таныстыратын, белгісізді мәлім, бұлыңғырды анық, болашақты жарқын етуге жол ашатын ұстаз емес пе?! Балалардың санасы мен ұстанымын, көзқарасы мен танымын қалыптастыру арқылы бүтіндей қоғамның болмысына, ұлттың болмысына мұғалімнен артық әсер ете алатын басқа мамандық иесі жоқ шығар.Осыны айғақтайтын бір мысал айтқым келеді. 2017 жылы Британ Премьер-министрі Борис Джонсон Мәскеуге ресми сапармен келді. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу алдында Джонсон үстіндегі сырт киімін шешіп, Лавровтың қолына ұстатады. Сөйте тұрып: «Қалтасын байқаңыз, ештеңе жоғалып кетпесін» деп қалжыңдайды. Осы оқиғаны саясаткерлер, дипломаттар, психологтар көп талқылады. «Британ Премьер-министрінің сырт көзге ерсі көрінетін осы қылығының астарында не тұр?» деген сұраққа жауап іздеді. Ағылшын мінезіндегі осындай тәкаппарлық, өзіне деген соншалықты сенім, кез келген елде өз үйінде жүргендей сезіндіретін қандай құдірет?! Ағылшынның сол мінезі, стилі, әзілі, әрбір британдықтың сөзі мен ісінен аңғарылатын ерекше болмысы, жалпы Британияның ғасырдан ғасырға жалғасатын ұлылығы қалайша үзіліп қалмайды, қалай дамиды?! Осы сұраққа жауап іздеген көп маманның пікірі бір жерде тоғысты. Мұның барлығы ағылшын мектебінде қалыптасады, Ұлыбританияның негізі – мектеп, ал ағылшын болмысының сиқырлы кілті – ағылшын мектептерінде. Британдықты қалыптастыратын, санасын билейтін – мұғалім. «Сондықтан Лавровқа сырт киімін ұстатып, тек ағылшын адамына тән қалжың айтқан – әсте, Борис Джонсон емес, ағылшын мұғалімдері» деген тұжырым жасалды. Осы пікірді растайтын Черчилльдің атақты сөзі бар: «Кез келген ағылшын мұғалімінің қолындағы билік Премьер-министрдің билігінен әлдеқайда артық». Борис Джонсон оқыған мектептің атауы – Итон колледж. Бұл мектептен 20-ға тарта Премьер-министр шыққан. Бір ғана мектептің осындай нәтижесі кездейсоқ болуы мүмкін бе?! Жоқ, әрине, бұл – жоспарлы әрекеттің, жүйелі жұмыстың, әр қадамы өзара сабақтас педагогикалық тәжірибенің жемісі. Шындығында мұндай жұмыс ұстаздан басқа ешкімнің қолынан келмейді. Болашақ ғұлама ғалымды, үлкен қайраткерді, дарынды жазушы мен музыкантты, жасампаз кәсіпкерді алғаш көріп танитын, талабын оңдап жөн сілтейтін, алдын ашып жол көрсететін мұғалім емес пе?! Ертеңгі отбасының сүйеніші, елдің тірегі болар азаматтарды, әр саладағы шаруаға тұтқа болатын мамандарды тәрбиелеп, өсіретін де солар. Бертінге дейін осы аса маңызды да, абыройлы еңбек тиісінше бағаланбай, нақты өлшеніп, нәтижесі анық көрінбей келді. Елдің экономикасына, мемлекеттің қуатына, қоғамның өсіп-өнуіне ұстаздардың қосатын үлесі орасан зор. Ол үлес басқа барлық саланы қоса есептегендегі үлестен артық. Қазіргі тілмен мұны «адами капитал» деп атайды. Бұл ұғымның пайда болғанына көп болған жоқ, ал оның нақты өлшеніп, әлем елдері арасындағы адам капиталының индексі алғаш рет 2017 жылы ғана жарияланды. Индексті интернеттен тауып қарауға болады. Ілгері дамыған елдердегі адам капиталы индексі 70 пайыздан артық, дамуы кенже елдерде одан әлдеқайда төмен. Бұл – заңдылық. Осы адами капитал туралы ұғымның арқасында әр елдің экономикалық жағдайы мен сол елдегі білім беру сапасы арасындағы байланыс, тіпті тікелей тәуелділік нақты есептеліп, дәлелденді. Кез келген елдегі өмір сапасы білімнің сапасынан бастау алады. Қоғамдағы дағдарыс, әлеуметтік шиеленіс – білімдегі дағдарыс пен шиеленістің салдары. Бақуатты мемлекет, тұрақты қоғам құрғысы келетін ел бірінші кезекте білім беруге, ұстаздың жағдайына, мектептің ахуалына, жаңа ұрпақ тәрбиесінің мазмұны және сапасына ден қоюы тиіс. Осыны түсінбеген, осы қисынға бағынбаған елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан да менің ойымша, қазіргі жас ұстаздар алдыңғы толқын мұғалімдерге қарағанда кәсіби тұрғыдан әлдеқайда бақытты. Себебі адал ұстаздықтың, мәнді мұғалімдіктің, сапалы білім берудің ұлы дәуірі, барлық елде жаппай, соның ішінде Қазақстанда ең маңызды басымдық ретінде шарықтайтын кемел заманы енді туып келеді. Қазірдің өзінде технологиялардың көмегімен әлемдегі ең озық әдістеме, ең үздік педагогикалық тәжірибе, ең сапалы білім мазмұны шалғайдағы мектептің әр мұғалімі мен оқушысына қолжетімді. Ұстаздар тек қол созып, жаңаша оқытуға ниеттенсе болғаны. Мұғалім мен оқушының әрбір әрекеті мен амалы көрініп, нәтижесі нақты тіркелетін, ол мәліметтері баршаға ашық цифрлы жүйелер қалыптасып жатыр. Сол арқылы адал ұстаз бен сапалы жұмыс істей алатын мұғалімнің еңбегі көпке көрініп, тиісінше бағаланады. Ал нәтижесі төмен, оқушыларының жетістіктері мардымсыз мұғалімдердің жұмысы тез әшкере болып, олар өздігінен ұстаздықтан алыстайды. Меніңше, бұл – әділетті және саналы ортаның мүддесінен шығатын, тез қалыптасып, лезде дамып келе жатқан білім берудің нағыз жаңа парадигмасы.
Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, Bilim Media Group компаниясының негізін қалаушы, қоғам қайраткері