Көкшетауда жүздеген тұрғын үй жылусыз қалуы мүмкін
Көкшетауда жүздеген тұрғын үй жылусыз қалуы мүмкін
Фото: yandex.kz
234
оқылды
Көкшетауда биыл жүздеген көпқабатты үйлер жылу маусымына дайын емес. Қаланың қысқа дайындығы туралы баян еткен қала әкімдігі осындай қорытындыға келген. Атап айтқанда, алдағы уақытта әзірлік дереу қолға алынбаса,  Краснояр және Станционный кентіндегі тұрғын үйлер де жылусыз қалмақ, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Қала әкімдігі аталған үйлердің тұрғындарына алдағы жылыту маусымына әзірлік жөніндегі барлық рәсімдерді өткізу қажеттігін ескертті. Қаланы жылумен қамтитын «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының мәліметінше, тұрғын үйлер жылыту маусымына әзірлік жұмыстарын мүлде жүргізбеген. «Көптеген көпқабатты тұрғын үйде жылытудың ішкі жүйелерін жылыту маусымына әзірлеу жұмыстары бойынша шаралар жүргізілмеген. Атап айтқанда, су қысымын тексеру, ілмекті арматураларды тексеру, жуып-шаю және техникалық әзірлік актісі жасалмаған тұрғын үйлер жылытуға қосылмайды. Сонымен қатар жылудың сапасы жөнінде аталған үйлерден арыз-шағымдар қабылданбайды. Сондықтан көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативтеріне, мүлік иелері бірлестігіне және қарапайым серіктестіктерге тез арада алдағы қысқы жылыту маусымына әзірлік шараларын жүргізулерін сұраймыз», – дейді «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнынан. Көкшетау қалалық әкімдігінің ресми мәліметінше,  Көкшетау қаласында 936 көпқабатты тұрғын үйлердің тек 618-і, Краснояр кентінде 70 тұрғын үйдің тек 37-і, Станционный кентіндегі 19 үйдің тек 15-і ғана жылыту маусымына әзір. Қазір тұрғын үйлерді тексеру шаралары жалғасуда. Ақмола облысы