Әлеуметтік желіде қазақ тілін жастар арасында сауатты әрі креативті жолдармен насихаттайтын онлайн-жобалар көбейгені қуантады. Qazaqsha Jaz, QazaqGrammar, Jana Sozdik, Kazak buble-дан басталатын бұл тізім күннен-күнге толып жатыр. Бір қызығы, олар бірін-бірі қайталамай, әрқайсысы өзінше бөлек контент ұсынады. Бірі – Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялар мен мекемелердің желідегі ресми аккаунттарын қазақшалаумен, бірі – қазақша сөздердің шығу тегі мен емлесі жайында танымдық деректер ұсынумен айналысады. Енді бірі қазақша слэнгтарды құрастырумен, қазақ тілі туралы қате тұжырымдарға фактчек жасау арқылы көпшіліктің көңілінен шығады. Сөздің төркініне үңіледі QazaqGrammar жобасының негізін Сұлтан Бағидолла 2012 жылы қалаған. «Студент кезімде әр өңірден келген курстастарымның тілі қызық болып көрінетін. Кейде қайсысы диалект, қайсысы әдеби сөз екені туралы дауласып та қалатынбыз. Содан «Вконтакте» желісінде осы парақшаны ашып, өзі бетімше ізденіп, посттар салып жүрдім. Кейін 2016 жылы Instagram-ға көштік. Әу баста танымал жобаға айналдырамын деген мақсат болған емес», – дейді ол. QazaqGrammar парақшасында негізінен әртүрлі қазақ сөздерінің түп төркіні туралы қызықты деректер жарияланады. Мысалы, тиын мен тиіннің арасында қандай да бір байланыс бар деп ойлап па едіңіз? Ақшаның тиын аталуы тиін аңының терісі бұрын ақша орнына жүргендігінен болса керек. Көп халықта да тиын деген сөз тиін аңының атымен бірдей болуының себебі – ерте кезде бұл халықтар алым-салықты тиіннің терісімен төлегендігінен дейді. Корневтің «Чувашско-русский словарында» черемистерде, пермяктарда, зыряньдарда «ур» сөзі «белка» деген мағынаны да, «копейка» деген мағынаны да береді. Ал татар, қырғыз, алтай, қазақ тілдерінде «белка» және «копейка» деген ұғымдарды «тиын» сөзі береді. Айтпақшы, балалық шағымыздағы сүйікті бағдарламалардың бірі болған «Ералаштың» түркі тіліндегі «Aralaş», яғни «Аралас» деген сөзден шыққанын естіген бе едіңіз? «Ералаш» сөзінің орыс тіліндегі мағынасы – «неразбериха», «путаница», яғни «былық», «астаң-кестең». Ал қазақтың «мүрде» сөзі мен ағылшынның «murder» («өлтіру», «адам өлтіру» мағынасын береді) сөзінің түбірлес екеніне сенесіз бе? Екі сөздің де арғы тегі прото-үнді-еуропалық тіл болып есептеледі. QazaqGrammar жобасы осындай қызықты посттарының арқасында бүгінде 50 мыңнан аса оқырман жинап үлгеріпті. Тілді түзеу әсте-әсте Қазақстандық жастарды үйіріп әкеткен тілге қатысты тағы бір онлайн-жоба Qazaqsha Jaz деп аталады. Жоба әкімшілерінің бірі Мақсат Мәліктің айтуынша, платформаның мақсаты – еліміздегі трансұлттық компаниялар, мемлекеттік мекемелер, халықаралық ұйымдар және отандық брендтердің әлеуметтік желідегі ресми аккаунттарының қазақшалануына ықпал ету. Қазір топта 6 300-дей жазылушы бар. Олар парақшасын тек орыс тілінде жүргізетін ресми мекеме/ұйым/компания/дүкеннің посттары астына сыпайылап қазақ тілін де қосуды сұрап, пікір қалдырады. Шарт бойынша, ресми аккаунттың биосы, яғни сипаттамасы қазақша болуы, парақшада қазақша посттардың жарияланып тұруы, сондай-ақ қазақша мәтін бірінші жазылуы керек. Постының астына бір сәтте жүздеген адам қалдырып кеткен пікірлерді көрген ұйымдардың көпшілігі Qazaqsha Jaz қозғалысының өтінішіне құлақ асып, кейбіреулері тіпті қазақтілді SMM-маманға сұрау салып жатады.
«Бүгінге дейін 200 шақты парақшаның қазақшалануына үлес қостық. Рас, олардың арасында біз өтініш білдірген уақытта ғана қазақша посттар шығарып, кейін қайтадан орыс тілінде жүргізуді жалғастырғандары да бар. Бірақ біз өз жұмысымыздың ұзақмерзімді перспективада өнімді болғанын қалап, Telegram-бот жасап алдық. Оның ішіне қазақшаланған аккаунттардың сілтемесін тізіп отырамыз. Әлгі бот күн сайын сол аккаунттың посттарындағы қазақша әріптерді сканерлеп отырады. Яғни біз бағанағы парақшалардың тұрақты түрде қазақ тіліндегі посттарды салып-салмай отырғанын осылай біле аламыз», – дейді Мақсат Мәлік.Qazaqsha Jaz жобасы арқасында өз аккаунттарын қазақ тілінде де жүргізе бастаған ұйым/брендтердің қатарында әлемдік брендтердің қазақстандық желілері, отандық брендтер, тіпті Петропавл қаласының әкімдігі, Қастеев музейі, ҚазҰМУ секілді мемлекеттік мекемелер бар.
«Тарихшы ғалымдардардың бірі қазақтың «әйел» сөзін «жеңілжүрісті» деген жаман мағына білдіретінін, қарақалпақ, өзбек, түрікмен, ноғай халықтарының одан әлдеқашан бас тартқанын, «әйел» орнына «қатын» сөзін қолданған орындырақ екенін айтып мәлімдеме жасады. Мен осы мәселені тексеріп көрдім. Олай емес. Жоғарыда аталған халықтардың бәрінде «әйел» сөзінің «айал», «айиол» деген түбірлес баламалары қолданылады. Сондай-ақ оның араб тіліндегі түп төркіні ешқандай да «жеңіл жүрісті» дегенді білдірмейді. Арабшасы «ұрпақ», «отбасы» деген ұғымды береді. Мен тіл туралы айтылатын осындай таптаурындармен күресемін», – дейді Бейбарыс Сейтақ.Мұндағы кей посттар мемлекеттік және ресми тілде жазылады. Солайша орыстілді оқырмандар да тілге қатысты кейбір қызық тақырыптарды (мәселен, қазақ тілінде акцентсіз қалай сөйлеуге немесе қазақша жұрнақтарды айтқанда қалай шатыспауға болады) түсіне алады. Аккаунттың атауына келсек, мұндағы Bubble сөзі, біріншіден, ежелгі Бабыл қаласын меңзесе, екіншіден, комикстерде кейіпкердің сөзіне сілтейтін ағылшын тіліндегі Speech bubble белгісін де білдіреді.
Қазақ қоғамындағы тіл мәселесі көтерілгенде оның негізгі себебі ретінде қазақша контенттің тапшылығы айтылады. Дегенмен жоғарыда біз мысал еткен жобалар осы олқылықтың орнын түзетуге бағытталғандай. Контент түзелді, ендігісі желі қолданушыларының еркі мен талғамында...
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ