Еліміздегі құрылыс саласы нағыз жемқорлық ордасы болып тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 3 жылдық қорытындыны ортаға салғанда, дәл осы сала алғашқы үштіктен түспегенін көрдік. Құрылысқа ден қойған Үкімет бюджеттен үй, жол, көпір салып, халық мұқтажын өтеу үшін миллиардтаған теңге бөледі. Дегенмен ол ақшадан өз «үлесін» жымқырып қалушылар азаяр емес. Неге?
Әзіл түбі – зіл
2009 жылы пайдалануға беріліп, 2012 жылы жанына қарай қисая салған «Бесоба» тұрғын үй кешені туралы халық арасында тарап кеткен әзіл сол уақытта хит болды. «Үй құлаған кезде астанадан комиссия келіпті». Кірпіштен сұрапты: «Әй, неге құладыңдар?» Кірпіш: «Менің қатысым жоқ, арматуралар майысты, солар құртты, содан сұраңыз» депті. Арматурадан да сұрапты. Арматура: «Менің кінәм жоқ, темір бетоннан жасалған арқалық қой сынған. Содан сұраңыз» депті. Арқалық айтады дейді: «Аға, менің түк кінәм жоқ, цемент ұстамаса мен не істей аламын» деп. Комиссия цементтен сұрапты: «Әй, цемент, мынауың не, әжептеуір үйді құлаттың. Арқалықты майыстырып, арматураны қисайтып, кірпішті шашып жібердің. Осының барлығын ұстап тұратын сен едің ғой. Ұят қайда?» Сөйтсе, цемент былай депті: «Аға, жаланы маған жаппаңыз, менің түк қатысым жоқ оған, мен ол жерде болған жоқпын!». Әрине, бұл – әзіл, бірақ түбінде ащы зіл жатыр. Өйткені тәуелсіз зерттеу жұмыстарын жүргізген «Береке-Каб» ЖШС бас директоры Құмар Мұсаев: «Бәрінен бұрын іргетасы болмағанына таңғалдық. Үй қираған жердегі нысандарды фотоға түсірдік, ригельдер қалай қойылғанын, ригельдер мен колонналар арасындағы тігіс қалай салынғанын қарадық. Дәнекерленбеген тігістерді көрдік, бағандар жай ғана ригельдердің үстіне қойыла салған. Оның үстіне, Қарағандыда жерасты суы бар екенін де ескеру керек еді, топырақ дымқылданады. Сол топырақ дымқылданатынын ескермей, іргені жерге мықтап бекітпеген» деген еді. Ал ресми қорытынды жұмсақтау әрі қысқа да нұсқа болды: «Үйдің құлауына дымқыл топырақтан іргетасы шөгіп кетуі себеп болған» дей салды. «Іс бітті, қу кетті» дегендей, құрылыс жүргізген компания басшысы миллиондаған қаржыны қалтасына басып қашып кетті. Ал үйді қабылдаған басшылардың басына қара бұлт үйірілді. Әрине, артынан «қырамыз, жоямыз, бүкіл кеткен қаражатты орнына қойдырамыз! Жапа шеккен тұрғындарда үй де, күй де болады» деп лепірдік. «Енді құрылыс саласында мұндай олқылық болмайды, жемқорлықты түбімен құртамыз. Қазақстанда жаңа салынған үйлер стандартқа сай болады! Басынан бастап құрылыс біткенше, барлық үйді бақылауда ұстаймыз» деп шенділер шімірікпестен жар салды. Сендік! Бірақ...
«Бесоба» жаңғырығы
Содан бері 8 жылдай уақыт өтті. Бірақ сөз өтімсіз болды ма? Әлде, жемқорлық тамыр жайып кеткен бе? Бесоба құлағаннан кейін, бұл саладағы жұмыстар қалыпқа келіп, сабасына түседі ғой деп ойладық, бекер екен. Құрылыс саласындағы «жеп қою», салынған үйдің қисаюы сияқты деректер әлі тіркелуде. Айтқанымыз – орынды болсын. Кейін осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында тіркелді. «Алғабас» ықшамауданындағы көпқабатты апатты тұрғын үйдің бұзылатыны туралы айтылды. Бұл үй «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен салынған. Оның құрылысына мемлекеттің 459 миллион теңгесі жұмсалған. Қызылордада жаңадан салынып жатқан үй 2015 жылы құлады. Қираған құрылыс нысанының іргетасы шытынаған болып шықты. Бұл 5 қабатты ғимарат та «Қолжетімді баспана» бағдарламасымен салынып жатқан болатын. Ішінде жұмыс істеп жүрген Өзбекстанның 40 жастағы азаматы жан тапсырса, екі жұмысшы жараланып, ауруханаға түсті. Ақтөбеде де мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, тұрғындарға берілген екі дәлізді көпқабатты үйдің бір-бірімен қосылған қабырғалары сөгіліп, арасы күн сайын алшақтап бара жатқаны туралы баспасөз бетінде жазылды, тұрғындар дүрлікті.
Кейін Өскеменде көпір құлады, ал Тараз қаласында қатты дауылдан тұрғын үйдің қабырғасы опырылып түсті. Бұл айтылғандарға қатты желден шатырлары ұшып жатқан жаңа үйлерді қоссаңыз да болады.
Мердігер компаниялар көбіне «құрылыс қыста жүргізілгендіктен, күн жылына үйлеріміз қисаймағанда қайтеді» дегендей уәж айтады. Ал тексеруші жақ болса, сапасыз құрылыс материалдарын қолданды, жұмысты дұрыс ұйымдастырмады деп мердігер компанияларды сотқа сүйреуде. Күні кеше ғана Теміртау қаласында салынып қойған үйді бұзу туралы шешім шықты. Бұл үйді мердігер «Агропромстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаз айында қолданысқа беру керек болатын. Дегенмен «ҚазМИРР» институтының мамандары үйді 3 ай бойы тексеріп, ақыр соңында «үйдің бір бөлігі 3 миллиметрден 30 миллиметрге дейін қисайған» деген қорытынды жасады. Құрылыс кезіндегі салғырттық кезекте тұрған 50 отбасын қуаныштан айырды. «Бесоба» жаңғырығы әлі күнге дейін жалғасып жатқанына қарағанда, жауапты тұлғалар «өткеннен сабақ алмады ма?» деген сұрақ туады. Әйтпесе, тексерушілер, осы салаға жауапты министрлік қайда қарап отыр? Осы жылдар ішінде нақты бір шешімге келер уақыт болды ғой!
Жолда да жемқор жүр
Елімізде тек тұрғын үй емес, жол құрылысы да шатқаяқтап тұр. Мұнда да асап қалғысы келгендер жетерлік. Жолға жауаптылар арасында бітпек түгілі басталмаған құрылысты қабылдап, бюджет ақшасын қалтаға басып алғандар бар. Мысалы, Ақтөбе облысы Шалқар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бірнеше қызметкері Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабы бойынша жауапқа тартылды. Олар Шалқар қаласындағы төрт-бес көшенің жолы жөнделмесе де, «жөнделді» деп қағаз жүзінде қабылдай салған да, мемлекеттің 29 миллион теңгесін мердігердің есепшотына аударып жіберген.
3 жылда 300-ден аса пара...
2019 жылдың қорытынды жиналысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаментінің басшысы Анар Жарова: «Мониторинг көрсеткендей, жергілікті атқарушы органдарда жемқорлық қылмыстар көбінесе білім беру саласында (54), жер қатынастары (29), ауыл шаруашылығы (27), сәулет және құрылыс (25), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (19) салаларында жасалады» деп атап өткен болатын. Осыдан-ақ құрылыс саласындағы пара беру мен алу тыйылмай отырғанына көз жеткіземіз. Өйткені мұның алдыңғы жылдары да құрылысшылар жемқорлықпен талай сотты болған еді. Мысалы, 2017 және 2018 жылдың нәтижесінде де құрылыс саласы атойлап алдыңғы орыннан көрінгені бар.
Бір ғана Алматыда лицензиялау бағытындағы бекітілген нормаларды бұзу мен біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі және мерзімінен бұрын қайта жаңғыртқаны үшін 102 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды. Белгіленген лицензиялау нормаларын, сондай-ақ құрылыс жұмысын сапасыз жүргізгені үшін Артемида LTD және CentralAsianHolding ЖШС жұмысын тоқтатты. Ал 2020 жылдың басынан бері талапқа сай жұмыс істемеген алты компания анықталды.
2019 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында 104 парақорлық тіркелген «Статистикалық мәліметтер бойынша тек 2019 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет аталған салада 104 қылмысты қарады. Оның 91-ін жемқорлыққа қарсы қызмет тіркеп, 56-сын тергеп, кейін 49-ы сотқа жіберілді. 20-дан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілі. 2019 жылы аталған қылмыстардан мемлекетке 2,5 млрд теңге залал келген. Жалпы, 2017-2019 жылдар аралығында ТКШ және энергетика саласында 300-ден аса пара беру фактісі тіркелген. Нәтижесінде, 288 іс сотқа жіберіліп, 78 адам жауапқа тартылды.