Құрылыстағы құрықсыз былық
Құрылыстағы құрықсыз былық
226
оқылды
Еліміздегі құрылыс саласы нағыз жемқорлық ордасы болып тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 3 жылдық қорытындыны ортаға салғанда, дәл осы сала алғашқы үштіктен түспегенін көрдік. Құрылысқа ден қойған Үкімет бюджеттен үй, жол, көпір салып, халық мұқтажын өтеу үшін миллиардтаған теңге бөледі. Дегенмен ол ақшадан өз «үлесін» жымқырып қалушылар азаяр емес. Неге?  

Әзіл түбі – зіл

2009 жылы пайдалануға бері­ліп, 2012 жылы жанына қарай қисая салған «Бесоба» тұрғын үй кешені туралы халық арасында тарап кеткен әзіл сол уақытта хит болды. «Үй құлаған кезде астанадан ко­миссия келіпті». Кірпіштен сұ­рап­ты: «Әй, неге құладыңдар?» Кір­­піш: «Менің қатысым жоқ, арма­туралар майысты, солар құрт­ты, содан сұраңыз»  депті. Ар­ма­ту­ра­дан да сұрапты. Арматура: «Менің кінәм жоқ, темір бетоннан жасалған арқалық қой сынған. Содан сұра­ңыз» депті. Арқалық айтады дей­ді: «Аға, менің түк кінәм жоқ, це­мент ұстамаса мен не істей ала­мын»  деп. Комиссия цементтен сұрапты: «Әй, цемент, мынауың не, әжептеуір үйді құ­латтың. Ар­қа­лықты майыстырып, арматураны қисайтып, кірпішті шашып жі­бердің. Осының барлы­ғын ұстап тұратын сен едің ғой. Ұят қайда?» Сөйтсе, цемент былай деп­ті: «Аға, жаланы маған жаппаңыз, менің түк қатысым жоқ оған, мен ол жерде болған жоқпын!». Әрине, бұл – әзіл, бірақ түбінде ащы зіл жатыр. Өйт­кені тәуелсіз зерттеу жұмыс­та­рын жүргізген «Береке-Каб» ЖШС бас директоры Құмар Мұсаев: «Бә­рінен бұрын іргетасы болмағанына таң­ғалдық. Үй қира­ған жердегі ны­сан­дарды фотоға түсірдік, ри­гель­дер қалай қойыл­ғанын, ри­гель­дер мен колонналар арасындағы тігіс қалай салынғанын қарадық. Дәнекер­ленбеген тігіс­терді көрдік, бағандар жай ғана ригельдердің үстіне қойыла салған. Оның үстіне, Қараған­дыда жерас­ты суы бар екенін де ескеру керек еді, топырақ дымқыл­данады. Сол топырақ дым­қылда­натынын ес­кер­мей, ір­гені жерге мықтап бе­кіт­пеген» деген еді. Ал ресми қоры­тын­ды жұмсақтау әрі қысқа да нұсқа болды: «Үйдің құлауына дым­қыл то­пырақтан іргетасы шөгіп кетуі себеп болған» дей сал­ды. «Іс бітті, қу кетті» де­гендей, құ­рылыс жүргізген компа­ния басшысы мил­лиондаған қар­жыны қалтасына ба­сып қашып кетті. Ал үйді қабыл­даған басшы­лардың басына қара бұлт үйірілді. Әрине, артынан «қы­рамыз, жоя­мыз, бүкіл кеткен қаражатты орны­на қой­дырамыз! Жапа шеккен тұрғын­дарда үй де, күй де болады» деп лепірдік. «Енді құрылыс сала­сында мұндай олқы­лық болмайды, жемқорлықты тү­бімен құртамыз. Қазақстанда жаңа салынған үйлер стандартқа сай болады! Басынан бастап құрылыс біткенше, барлық үйді бақылауда ұстаймыз» деп шенділер шімірік­пестен жар салды. Сендік! Бірақ...  

«Бесоба» жаңғырығы

Содан бері 8 жылдай уақыт өтті. Бірақ сөз өтімсіз болды ма? Әлде, жемқорлық тамыр жа­йып кеткен бе? Бесоба құлағаннан ке­йін, бұл саладағы жұмыстар қа­лыпқа келіп, сабасына түседі ғой деп ойладық, бекер екен. Құрылыс саласындағы «жеп қою», салынған үйдің қисаюы сияқты деректер әлі тіркелуде. Айтқанымыз – орынды болсын. Кейін осыған ұқсас жағ­дай Алматы қаласында тіркелді. «Алғабас» ықшамауданындағы көпқабатты апатты тұрғын үйдің бұзылатыны туралы айтылды. Бұл үй «Қолжетімді баспана» бағдар­ла­масымен салынған. Оның құ­рылысына мемлекеттің 459 мил­лион теңгесі жұмсалған. Қы­зылор­дада жаңадан салынып жатқан үй 2015 жылы құлады. Қираған құ­рылыс нысанының іргетасы шы­тынаған болып шық­ты. Бұл 5 қа­батты ғимарат та «Қол­жетімді бас­пана» бағдар­ламасымен салы­нып жатқан бо­латын. Ішінде жұ­мыс істеп жүрген Өзбекстанның 40 жастағы азаматы жан тапсырса, екі жұмысшы жараланып, ауру­ханаға түсті. Ақ­төбеде де мемле­кет­тік бағ­дарлама бойынша салы­нып, тұрғындарға берілген екі дәлізді көпқабатты үйдің бір-бірімен қосылған қабырғалары сөгіліп, арасы күн сайын алшақтап бара жатқаны туралы баспасөз бе­тінде жазылды, тұрғындар дүрлікті. Кейін Өскеменде көпір құла­ды, ал Тараз қаласында қатты да­уылдан тұрғын үйдің қабырғасы опырылып түсті. Бұл айтылған­дар­ға қатты желден шатырлары ұшып жатқан жаңа үйлерді қоссаңыз да болады. Мердігер компаниялар көбіне «құрылыс қыста жүргізілгендіктен, күн жылына үйлеріміз қисайма­ғанда қайтеді» дегендей уәж ай­тады. Ал тексеруші жақ болса, сапасыз құрылыс материалдарын қолданды, жұмысты дұрыс ұйым­дастырмады деп мердігер компа­нияларды сотқа сүйреуде. Күні кеше ғана Теміртау қаласында салынып қойған үйді бұзу туралы шешім шықты. Бұл үйді мердігер «Агропромстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаз айында қолданысқа беру керек болатын. Дегенмен «ҚазМИРР» институ­тының мамандары үйді 3 ай бойы тексеріп, ақыр соңында «үйдің бір бөлігі 3 миллиметрден 30 милли­метрге дейін қисайған» деген қо­рытынды жасады. Құрылыс ке­зіндегі салғырттық кезекте тұрған 50 отбасын қуаныштан айырды. «Бесоба» жаңғырығы әлі күнге дейін жалғасып жатқанына қара­ғанда, жауапты тұлғалар «өткеннен сабақ алмады ма?» деген сұрақ туады. Әйтпесе, тексерушілер, осы салаға жауапты министрлік қайда қарап отыр? Осы жылдар ішінде нақты бір шешімге келер уақыт болды ғой!  

Жолда да жемқор жүр

Елімізде тек тұрғын үй емес, жол құрылысы да шатқаяқтап тұр. Мұнда да асап қалғысы келгендер жетерлік. Жолға жауаптылар арасында бітпек түгілі басталмаған құрылысты қабылдап, бюджет ақшасын қалтаға басып алғандар бар. Мысалы, Ақтөбе облысы Шал­қар аудандық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бірнеше қызметкері Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-тараж­ға салу» бабы бойынша жауапқа ­тар­тылды. Олар Шалқар қа­ла­сындағы төрт-бес көшенің жолы жөндел­месе де, «жөнделді» деп қағаз жү­зінде қабылдай салған да, мемле­кеттің 29 миллион теңгесін мер­ді­гердің есеп­шотына аударып жіберген.  

3 жылда 300-ден аса пара...

2019 жылдың қорытынды жи­на­лысында Сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі Пре­венция департаментінің басшысы Анар Жарова: «Мониторинг көр­сеткендей, жергілікті атқарушы органдарда жемқорлық қылмыстар көбінесе білім беру саласында (54), жер қатынастары (29), ауыл шаруа­шылығы (27), сәулет және құрылыс (25), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (19) салаларында жасалады» деп атап өткен болатын. Осыдан-ақ құрылыс саласындағы пара беру мен алу тыйылмай отырғанына көз жеткіземіз. Өйт­кені мұның алдыңғы жылдары да құрылысшылар жемқорлықпен талай сотты болған еді. Мысалы, 2017 және 2018 жылдың нәтиже­сін­де де құрылыс саласы атойлап алдыңғы орыннан көрінгені бар. Бір ғана Алматыда ли­цен­зиялау бағытындағы бекітілген нормаларды бұзу мен біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі және мерзімінен бұрын қайта жаң­ғырт­қаны үшін 102 құрылыс ком­па­ниясы лицензиясынан айырылды. Белгіленген лицензиялау норма­ларын, сондай-ақ құрылыс жұмы­сын сапасыз жүргізгені үшін Артемида LTD және CentralAsianHolding ЖШС жұмысын тоқтатты. Ал 2020 жылдың басынан бері талапқа сай жұмыс істемеген алты компания анықталды. 2019 жылы тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы саласында 104 парақорлық тіркелген «Ста­тистикалық мәліметтер бойынша тек 2019 жылы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет аталған сала­да 104 қылмысты қарады. Оның 91-ін жемқорлыққа қарсы қызмет тіркеп, 56-сын тергеп, кейін 49-ы сотқа жіберілді. 20-дан астам лауазымды тұлға жауапқа тар­тылды», – дейді Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілі. 2019 жылы атал­ған қылмыс­тардан мемлекетке 2,5 млрд теңге залал келген. Жалпы, 2017-2019 жылдар ара­лы­ғында ТКШ және энергетика саласында 300-ден аса пара беру фактісі тіркелген. Нә­тижесінде, 288 іс сотқа жіберіліп, 78 адам жа­уапқа тартылды.  

Түйін:

 

Бұл айтылғандар құ­ры­лыс саласындағы былықтың үш­тен бірі ғана. Қаражат жинап алып, шетелге қашқан жемқорлар кесі­рінен жылдар бойы пәтеріне қол жеткіземін деп үміт үзбей жүрген үлескерлердің өзі бір төбе. Олай болса, нақты бағдарлама түзілмей, «үрдіске» айналған жем­қорлық пен құрылыстағы салғырт­тық жойыл­масы анық.

   width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ