Толғауы тоқсан Талғар

Толғауы тоқсан Талғар

Алматы қаласының ірге­сіндегі Тал­ғар ау­данында ше­шімін күткен мәселе көп. Екі-үш жыл сайын аудан әкімі ауыс­са да түйт­­кілдің түйіні тарқамай тұр. Алматы сын­ды ірі мегаполистің ір­гесіне қо­ныс­тан­ған ай­мақ­тағы тұр­ғын­­дар инфра­құры­лым­ның тиіс­ті дең­гейде жаңғыртылғанын қалай­ды. ЖАҢАЛЫҚТАҒЫ ЖҰРТТЫҢ ЖАНАЙҚАЙЫ Шам жарығы түбіне түспейтінін басқа-басқа Жаңалық ауылындағы жұртшылық жақсы біледі. Әсіресе, көктем, күз айларында Жаңалықтың көшесінде жүру мүмкін емес.

– Бәрінен бұрын мектепке қатынайтын балаларға қиын. Балшыққа батып, киімдерін былғағаны өз алдына, үйден мектепке, мектептен үйге шаршап-шалдығып жетеді. Асфальт төсемей-ақ, қиыршық тас төгіп, мезгіл-мезгіл тегістеп тұрса да жақсы болар еді. Соған жете алмай отырғалы талай жыл өтті, – дейді ауылдағы Талғар көшесінің тұрғыны Ержан Шәкіров.
Мұнан бөлек, ауыл тұрғындары ықшамаудандарда электр жарығының күн сайын өшіп, әбігерге салатынын да ашына жеткізді. Трансформатордың да тозығы жеткен. Лүп етіп жел соқса, жарық өшіп қалады. Соған сай интернет бірде қалыпты жұмыс істесе, енді бірде тіптен жоғалып кетеді. Ауылдағы оқушылардың жаңа оқу жылынан бастап қайтадан Байсеркедегі мектепке баруға мәжбүр. Өйткені Жаңалық ауылындағы бір ғана оқу ғимаратына оқушы сыймайды. Жалғыз мектеп үш ауысыммен жұмыс істеп тұрса да, елді мекенге жаңа білім ошағын салу мәселесінің басы ашық күйінде қалып отыр. Мектеп түгілі балаларды көрші ауылға таситын автобуспен қамту ісінің шешілер түрі көрінбейді. Есесіне, мектепке барар, қайтар жолда бағдаршамы жоқ күре жолды қиып өтетін балаларын ойлап ата-аналар шыбын жанын шүберекке түйіп отырады. ЖАҢА МЕКТЕП 3 ЖЫЛҒА ШЫДАМАДЫ Аудандағы Дәулет ауылының да мәселесі шаш етектен. Жарық, жол, ауыз судың жайын былай қойғанда 3 жыл бұрын салынған мектептің қазіргі жағдайы кісі шошытады.
«Балаларымызды мектепке жіберуге қорқамыз. Мердігер жауапсыз ба әлде нысанды қабылдап алғандар кінәлі ме? Әйтеуір, мектептің бірер жылдан соң пайдалануға жарамсыз болып қалғаны үшін жауапты жан табылар емес. Қазынаның қыруар қаржысына тұрғызылған білім шаңырағының қазіргі жағдайы жүрек ауыртады. Барлығын табиғатқа жаба берген дұрыс емес. Құрылысқа жер таңдағанда қайда қараған? Жерасты суларының жақын орналасқаны зерттелмеген бе?», – дейді ауыл тұрғыны Салтанат Пазылбекова. Мектеп құрылысын жүргізген «Еламан» ЖШС басшылығы расында мұны жерасты суларының көтерілуімен байланыстырады. «Бекітілген жоба бойынша жұмысты дер кезінде аяқтадық. Барлығы жоспарға сай атқарылды. Алайда жерасты суы көтеріліп кетеді деп кім ойлаған? Соның салдарынан ғимаратқа зиян келді. Қолымыздан келгенше кемшілікті ретке келтіруге тырысып жатырмыз. Жауапкершіліктен қашпаймыз», – дейді серіктестік басшысы Ержан Шәкіров.
Алайда құрғақ уәдеге әбден тойған тұрғындардың көңілінде күдік көп. Олар жағдай жақын арада түзелмесе, балаларын сабаққа жібермеуге бекінген. Облыс әкімінің тапсырмасына сай аз күнде сиқы қашқан мектептің мәселесін облыс прокуратурасы зерделейтін болды. Дәулет ауылының маңындағы «Асанбек» шаруа қожалығының жұмысы да жұртшылықтың наразылығын тудыруда. Шаруашылық үй жануарларының сүйектерін ұнтақтап, құс фабрикаларына жем дайындайды екен. Кәсіпорын экологиялық талаптарды мүлдем көзге ілмейді. Тұрғындар кәсіпорынға жеткізілетін малдың өлекселерінен шыққан жағымсыз иістің қолқаны қабатынын айтады. Дегенмен тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізіп, қоршаған ортаны ластаған кәсіпорынға тоқтам салатын жан табылмай тұр. Сол секілді Панфилов ауылдық округінде орналасқан Қарабұлақ елді мекеніндегі көпқабатты үйлердің кәріз жүйесі істен шығып, құбырлары әбден тозған. Орталық жылу қазандықтарының жұмыс істемегеніне 20 жыл болыпты. Қазіргі кезде әркім қолынан келген амалын істеп, үйін жылытып, отын-суын қамдап отыр ған көрінеді. Бірі – электр қуатын пайдаланса, екіншілері – көмірмен үйін жылытады. Панфилов ауылындағы 1958 жылы салынған мәдениет үйінің ғимараты қаңырап қалыпты. Аудан әкімдігі жеке меншіктен сатып алып, жобалық-сметалық құжат жұмыстарына қаржы бөлуін сұрап отыр. Қызыл Ту елді мекенінің тұрғындарын да сол баяғы газбен, электрмен қамту, жол сапасы сынды мәселелер мазалайды. Мұнда да мектеп жетіспеушілігінен оқушылар Алматы қаласына сабылып жүр екен. Өз кезегінде Алматы облысының әкімі осынау олқылыққа жол берген Талғар ауданының әкімі Қайдар Абдыхановқа сөгіс берді.
– Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген мақал бар. Өздеріңіз тұрып жатқан елді мекендегі кемшіліктерді жасырмай айтып, олардың орындалуын талап етіп, ортақ пікірге жүгінгендеріңіз құптарлық іс. Қордаланған мәселелер бір күн[1]де шешіле қоймасы анық. Кезең-кезеңімен жүзеге асыруға тырысамыз. Ең алдымен, балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз етуге мән беріп, мектеп мәселесін шешуді бірінші орынға қоямыз. Қалғаны кезегімен реттеледі, – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Қалай десек те, бір аудандағы тірліктің осыншалықты ақсауы жергілікті билік жұмысындағы жүйесіздікті көрсетсе керек. Ал сөгіс алған аудан әкімінің өз ісіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынын уақыт көрсетеді.

Болат АБАҒАН