Елімізде халықтың негізгі шоғыры ауылдарда тұрады. Бүгінде ауылда өмір сүретін қазақстандықтардың саны 7,7 миллионнан асқан. Бұл жалпы халықтың 41 пайызы. Сондықтан мемлекетке ауылдардың жайын елеусіз қалдыруға болмайтыны анық. Былтыр ауыл тұрғындарының табысы қаладағыларға қарағанда 38 пайызға төмен екені анықталған. Яғни, шалғайдағы елдің табысы алаңдатып тұр. Әйтсе де бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ, таяуда іске аса бастаған «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының өмірін жақсартуға ат салысуда жүйелі істерді қолға алды.КЕДЕРГІЛЕР ЖОЙЫЛСА, КӘСІП ТЕ ДАМИДЫ
Биыл сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын» бекіткенін білеміз. Үкіметке Парламент Мәжілісінің отырысында халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар тізімін ұсынуды тапсырған болатын. Міне, осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында «AMANAT» партиясы халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының жағдайына ерекше мән жүктеген «Ауыл аманаты» жобасын қолға алды. Үкіметпен бірлесіп атқаратын жоба бойынша 1 тамыздан бастап «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі кәсіппен айналысуға ниетті ауыл тұрғындарына жылдық үстемақысы бар болғаны 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие бермек. Осы сияқты игі ұсыныстар жетерлік. Жобада ауылшаруашылық техникасы мен құралдарына лизинг беру, жеңілдетілген кепілдік жүйесі, кооперативтерге арналған инвестициялық субсидиялар беру, агрокәсіптік кешен саласындағы білікті мамандардан кеңес алу мүмкіндігі бар.
Жоба жетекшілері істі бастамас бұрын ауыл тұрғындарына жан-жақты ақпарат беріп, көмек көрсетуді ұмыт қалдырған жоқ. 28 шілдеде аймақтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізетін 40 күндік ақпараттық марафон бастау алған болатын. Құрамында партия филиалдарының атқарушы хатшыларынан бастап, сарапшы мамандарға дейін қамтылған марафон мүшелері 3 аптаның ішінде 119 аудан мен 309 ауылға барып, ауыл тұрғындарына кәсіпкерлік негіздерін оқытып үлгерді. Мамандар ауылдарды құр аралап, түсіндірумен шектелмейді, зерттеу жүргізіп, өңірлерде қандай дақылдарды өсіруге қолайлы екенін, олардың аумағында қандай өндірістерді ашуға болатынын анықтайды. Қазақстанның 179 ауданындағы 394 елді мекеннің тұрғындарымен кездесуге ниетті мобильді топтардың арқасында ауыл тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасымен егжей-тегжейлі танысады.
Аталған жобаның нәтижелі боларына сенім мол. Өйткені дәл осыған ұқсас жоба 2019 жылы Жамбыл облысында іске асқан еді. Сол жолы республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлініп, 11 ауылдық округ азаматтарына қолма-қол ақша 2,5 пайыздық мөлшерлемемен берілді. Соның арқасында ауылдарда атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 3 есеге азайып, тұрғындардың орташа айлық табысы 1,7 есеге көбейіп, жұмыссыздар саны 36 пайызға азайған еді. Бағдарлама бес бағыт бойынша жүзеге асырылған. Шаруашылық жерлерін тиімді пайдалану, мал мен құстың өнімділігін арттыру, жемшөп пен жайылым мәселесін шешу үшін үлестік жер телімдерін ұтымды пайдалану, кооперативтерді қажетті техникамен жабдықтау, ауылдағы кәсіпкерлік жобаларды қаржыландыру. Яғни, жоба тәжірибе жүзінде құрылған деуге толық негіз бар. Осылайша, 2023-2025 жылдар аралығында бағдарлама аясында республиканың барлық өңірлері жобаны іске асыруға жыл сайын бюджеттік кредиттер бөлуді қарастырады. Заңнамаға түзетулер пакеті қазірдің өзінде дайындалған, оның қабылдануы қаражат алу механизмін айтарлықтай жеңілдетіп, жобаны іске асырудың тиімділігін одан әрі арттырады.
Сонымен мәселенің өзегіне оралайық. Мобильді топ мүшелері қазірдің өзінде өңірлерді аралап жүріп, еліміздегі ауыл тұрғындарын алаңдататын біраз мәселенің бетін ашқан. Мәселен, азаматтар ауыл шаруашылығымен айналысқысы келгенімен, бос жатқан шабындық, жайылым не егіндік жоқ. Кәсіп бастау үшін несие алуға кепіл ретінде қаралатын үйлердің бағасы тым төмен. Оның үстіне интернет сапасы нашар, Egov, Qoldau секілді платформаларды пайдалануға мүмкіндік жоқ. Азаматтардың мемлекеттік бағдарламаға сенімсіздік танытатыны анықталған. Ауыз су мен электр желілері толық жетпеген елді мекендер де баршылық. Осының бәрі проблеманы елеусіз қалдыруға болмайтынын анық көрсетіп тұр. Мобильді топтың мүшесі, тренер Зайра Усивалиева бізге осындай бірнеше мәселе барын айтты.
– «Ауыл аманаты» жобасының аясында жұмысшы топпен Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облысына қарасты ауылдарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Негізгі мақсат – ауылдардың хал-ахуалын жақсарту, ауылдардың экономикалық әлеуетін анықтап, өңірлердің мамандануына сәйкес микроқаржы бөлу. Осы жобаға қатысуға ауыл халқының ниеті бар екенін аңғардық. Әлеуеті жоғары елді мекендер өте көп. Дегенмен мәселелер, кедергілер де барын көрдік. Біріншіден, жер мәселесі. Біз аралап жатқан аймақтардың жері құнарлы, бірақ мал шаруашылығымен айналысқысы келетін адамдарға қиындау, жер тапшы. Екіншіден, микроқаржыны алу жолындағы кепілдік мәселесі. Барлық облыстардың ортақ проблемасы – осы. Ауылдық жерлердегі үйлердің құны өте төмен. Кей ауылдарда 500 мың теңгеге бағаланатын үйлерді кездестірдік. Жақсы дамыған ауылдардың өзінде үйдің құны 5-6 миллион теңгеге ғана барады екен. Көп жерлерде 500 мың мен 1 миллион теңге шамасында. Сонда ауылдық жерлердегі үйлердің орташа бағасы 2 миллион теңге болып тұр. Демек, несие шартында бекітілген ең жоғарғы сома – 7 млн 657 мың теңгеден аса қаржыны ауыл халқының ешбірі ала алмайды. Бұдан бөлек, тағы бір мәселе – ауылдағы елдің несиелік жүктемелерінің көптігі. Жасыратыны жоқ, қазір ауылдағы азаматтардың көбі екінші деңгейлі банктерден несие ала берген. Сұрастырып, байқағанымыз – несиесі жоқ адам жоқ. Ертеңгі күні несиені бергенде «екі кредитті төлеуге шамасы жете ме» деген сауалды қарастырады. Мұндай кедергі мәселелердің барлығын біз жоғары жаққа жолдап жатырмыз. Жоба бойынша 2023 жылға дейін халыққа тиімді, оңтайлы шешім табыларына сенеміз, – дейді маман.
Қазір осындай кемшіліктердің бәрі анықталып, «AMANAT» партиясының орталық аппаратына жолданып, сараптаудан өтпек. Көп ұзамай ауылдардың инфрақұрылымын реттеу жайы да күн тәртібіне шықпақ.
ӨҢІРЛЕРДІҢ БЕЙІНІ ЕСКЕРІЛЕДІ
Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі кезде өңірлерді аралап жүрген мамандар тек жобаның мақсатын ауыл халқына түсіндірумен шектелмейді. Өңірлердегі ауылдардың қандай кәсіпке қолайлы екенін зерделейді. Бір облыс егін өсіруге жараса, келесі өңір тек мал шаруашылығына қолайлы болуы мүмкін. Сол сияқты саланың түрі көп. Халықтың жайын ойлап, ауылдарға ауыз су тарту жобасын ұсынған азаматтар да кездескен. Мысалы, Қызылорда облысының кейбір ауылдарында ауыл шаруашылығы даму үстінде. Дегенмен жайылым мен егіс алқаптарының жетіспеушілігі бар. Тұрғындар интернеттің сапасыздығын, тіпті, кейбір аудандарда оның жоқтығын айтқан. Ал Батыс Қазақстан облысында инфрақұрылымның жоқтығы басты мәселеге айналған. Жолдардың жайы бұрыннан белгілі. Ауыл тұрғындары кәсіпкерлікті дамыту үшін әуелі жол сапасының жақсарғанын сұраған. Мұнда да мал шаруашылығын дамытуға жер тапшы. Жергілікті тұрғындардың басым бөлігі егіншілікпен айналысқысы келеді. Сол үшін азаматтар бірлескен жұмыс үшін кооперативтер құруды, жемшөп пен техниканы арзан бағамен сатып алуды тиімді санап отыр. Әр өңірдің өз проблемасы бар. Атырау облысында басқа түгілі ауыз су жетіспейді. Мобильді топтың тренері Зульфия Көбеева азаматтарға кәсіпкерлік негіздерін үйрету маңызды екенін айтып отыр.
– 28 шілде күні Маңғыстау облысында жұмысымызды бастадық. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және қазіргі сәтте аралап жүрген Ақтөбе облыстарының ауылдарын аралаймыз. Әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Бір ай бұрын ауыл әкімдерін оқыттық. Енді екінші кезеңде халықпен кездесіп, ұсыныстарын жинап, мүмкіндіктерін зерттейміз. Инфрақұрылымы дамымаған шалғайдағы елді мекендер баршылық. Мысалы, Ақтөбе облысында жол мәселесі нақты көтеріліп жатыр. Ал Атыраудың кей өңірлерінде су жоқ. Біз несие алуды нәсихаттауға емес, өңірлердің қандай кәсіпке бейім екенін анықтау үшін жүрміз. Ауыл халқын кәсіп етуге дайындаудамыз. 2,5 пайыздық несиені естігенде көп жұрт қуанды. Дегенмен негізсіз бере алмаймыз. Маңғыстауда инфрақұрылым дамыған, бірақ түйе ғана бақпаса мал шаруашылығына қолайсыз. Біз әсіресе бұрын тыс қалған мал терісін, жүнін өңдеу саласын бақыладық. Халық ақпаратқа шөлдеп отыр. Қаржылық және заң сауаттылығына мұқтаж. Соның бәрін түсіндіріп, тек ресми парақшаларға жүгіну керегін айттық, – дейді маман.
Ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін талқылау кезінде тұрғындар экономикалық проблемалардан бөлек, әлеуметтік мәселелерді, атап айтқанда, жастардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесін атаған. Жастар құнды стратегиялық ресурс болғаны үшін елдің адами капиталын қалыптастырады. Сондықтан Қазақстанда жастар саясаты мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі болып саналады. Сондықтан аймақтағы тұрғындар ауыл жастарының жұмыспен қамтылуын басты проблемалардың бірі санаған.
Қорыта айтқанда, жобаның жақсы істерге бастама болғаны күмәнсіз. Шалғайдағы елдің шетке теппей, бар мұңы мен өтініш-арызын тыңдап, соған сай жүйелі істерге көшкен мамандардың қадамы қуантады. Бұл жобаның тағы бір мақсаты – ауылдан қалаға көшуге асыққан жастардың қамын жасап, қоғамда қалыптасқан ауылға қатысты оғаш пікірлерді сейілту. Егер ауыл халқының табысы артар болса, «Ауыл – ел бесігі» дейтін аталы сөздің іс жүзінде көрінгені болады.