Сырда егінге орақ түсті

Сырда егінге орақ түсті

Бүгін Сыр диқандары егінге алғашқы орақ салды. Берекелі бастама облысқа қарасты Сырдария ауданының «Ақжарма и К» фермерлік қожалығында бастау алды. Оған Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешов қатысты. Аймақ басшысы қамбаға астық құю науқанына жиналған жамағатқа облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласында атқарылған игі бастамаларды кеңінен мәлімдеді.

«Биыл біз өңірде күріш көлемін 78,6 мың гектарға сақтап қалдық. Орын алған қиындықтарға қарамастан суды тиімді пайдалану, егістікті кезектеп суару, қашыртқыдағы суды екінші рет пайдалану қолға алынды. Бұған қоса, әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға жұмыс жасалды», – деп атап өтті Н.Нәлібаев.
Ведомство басшылары өз кезегінде ала жаздай атыз жағалаған диқан қауымының еңбегін жоғары бағалап, ел Үкіметі қысқа мерзім ішінде мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі дамыту міндетін қойып отырғанын жеткізді.
«Еліміздің Алматы, Түркістан облыстарында да күріш егіледі. Дей тұрғанмен негізгі 78,6 мың гектар алқап, яғни, күріш егістігінің 90 пайызы Қызылорда облысына тиесілі. Осы орайда ең өзекті мәселе – дренажды жүйелерді жақсартуға жеткілікті мән берілсе өнімділік бұдан да арта түсетіні белгілі. Негізінен күріш өндіру ісі аймақта өте жоғары деңгейде дамыған. Бұл тұрғыда шаруалардың еңбегін ерекше атап өткен абзал», – деп мәлімдеді министр Е.Қарашөкеев.
Одан әрі егін алқабындағы мерейлі шара «Дала күні» семинар-кеңесімен жалғасты. Шет елдің ғалымдары мен білікті мамандары және отандық кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасып, тиімді байланыс орнату мәселесін сөз етті. Алқалы басқосуда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке су тапшылығы жағдайында күріш шаруашылығын одан әрі дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылдау қажет екенін және Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жандандыруда бірлескен шаралар қабылдауды алға тартты. Ал, Серікқали Брекешовке аймақтың 178 мың гектар инженерлік жүйеге келтірілген егістіктен айрылып қалу қаупі бар екенін жеткізді. Сол  себептен суармалы жерлерді қалпына келтіру және айналымға қосу бойынша әзірленген жобалардың іске асуына ықпал етуді сұрады.   Биыл өңірдегі диқаншылар тұқым сапасын арттыруда украиндық ғалымдарымен бірге ауыл шаруашылығы дақылдары сорттарын тәжірибе ретінде егуді қолға алды. Бұл ретте Украина ауыл шаруашылығы ғылыми ұлттық академиясы күріш институтының директоры Владимир  Дудченко әріптестік танытуға мүдделі. Нұрлыбек Нәлібаев суды аз қажет өнімдерге басымдық беру арқылы өнімділік мәселесін жолға қоюға болатынын жеткізді. Айталық, аймақта жүгері егу суды қажет етеді, егер оны экспорттасақ оның табысы күріштен де қомақты болады. Сондықтан сала мамандары жүгері өндіру ісіне ерекше мән бермек. Бұл - әртараптандырудың нақты мысалы болмақ. Сыр өңірінде су мәселесі проблемалық деңгейде болғаны рас. Дегенмен мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде Қызылорда облысындағы су шаруашылығы жағдайы тұрақтанды.
“Су тапшылығының алдын алу мақсатында биыл 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізуге Үкімет резервінен 3,6 млрд. теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы биыл вегетациялық кезең шығынсыз аяқталуда", - деді Серікқали Брекешов.
Облыста 188,5 мың гектарға егін екті. Бүгінде бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталса, мақсары, картоп, көкөніс, бақша, жүгері, мал азығы дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында күріш егісіне 100 пайыз жоғары репродукциялы тұқымдар себілді. Айта кетейік, күзгі егін жинау және дала жұмыстары үшін қажетті жанар-жағар май қоры жеткілікті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникалары күріш егісін оңтайлы мерзімде жинап алуға толық дайын. Алдағы егін жинау науқаны Сыр диқаншылар үшін қолайлы кезең болады деп болжанып отыр. Демек, науқанды 10 қазанда аяқтау жоспары белгіленді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ

Қызылорда облысы