Түркістан облысында жаңа мектептер апатты жағдайда тұр. Шардарадағы Өтеғұл елді мекенінде салынған 250 орындық мектептің 5 жыл ішінде тозығы жеткен, – деп хабарлайды «Хабар 24». Мектеп басшылығы нысанның бір бөлігін жауып тастады. Өйткені іргесі сөгіліп, қабырғасы құлап жатыр. Мектеп жоспарлы уақытынан кеш тапсырылған. Құрылыс талаптары бойынша кемшіліктер анықталған. Соған қарамастан, жауаптылар кемшілікті жою жұмысы жүргізілмей жатып ғимаратты қабылдап алған. Енді мердігер кепілдік мерзімі өтіп кетті деп отыр.
Мектеп директорының орынбасары Нұржамал Әділова: «Мына қабырға қисайды. Арасы ашылып кетті. Одан кейін біз қауіпті деп жөндеу басталғанша ағаштармен тіреп қойдық. Енді бұздырып жатырмыз. Мердігер сол күйі келмеді. «Гарантийный срок» деді де келмеді», – дейді.Ата-аналар оқу жылы басталуға таяғанда мектепке күнде келіп жүр. Балалары үшін алаңдайды. Биыл облыс қазынасынан мектепті ағымдағы жөндеуден өткізуге қаржы бөлінді. Бар ақша сыры кеткен қабырғаны сырлап, жарықшақтарды жамауға ғана жетеді. Бұл облыста құлайын деп тұрған жалғыз мекеме емес.
Облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы: «Ордабасы ауданында да мектептер 2017 жылы ғана салынған. Бірақ қазіргі уақытта сол Сайрам ауданында да сондай мектептер бар. Мақтаарал мен Жетісай аудандарында да бар. Бірақ сол мектептерге де бізден қайта қаржы сұрап отыр. Үш мектеп бізде Жетісайда, Сарыағашта және Қазығұртта осындай проблема бар», – деді.Енді білімге жауапты басқарманың өкілдері сапасыз мектеп салған мердігерлердің тізімін құзырлы органдарға тапсырмақ. Шардарадағы мектеп сабақ басталғанға дейін жөндеуден өтеді.