Мектеп формасы мен оқу құралдарына берілетін көмекті кімдер ала алады?
Мектеп формасы мен оқу құралдарына берілетін көмекті кімдер ала алады?
991
оқылды
Әкімдіктердің мектеп формасына бөлінетін қаражатты қалай қадағалайтыны айтылды. Жалпыға бірдей білім беру аясында Қазақстанда жаңа оқу жылында 440 мыңнан астам оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға әлеуметтік көмек көрсету жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі биыл материалдық көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енгізді. Өткен жылдары өңірлерде әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке дайындауға бөлінген сома 17-ден 40 мың теңгеге дейін болса, биыл бұл сома ұлғайтылып, кемінде 37 389 теңгені құрап отыр. Сондай-ақ көмек көрсету тетігіне де өзгерістер енгізілді. Енді ата-аналарға мектеп формасын, аяқкиім, кеңсе тауарларын және т.б. балаларымен бірге таңдап, сатып алуы үшін жеке шоттарына ақша аударылады. Еске сала кетейік, бұған дейін мұның барлығын әкімдіктер сатып алатын және ол тауарлардың өлшеміне, сапасына және т.б. байланысты мәселелер туындап келді. Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Дулат Жекебаевтың айтуынша, жалпыға бірдей білім беру аясында (Всеобуч) атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайға тап болған оқушыларға және т.б. көрсетіледі.
«Көп балалы аналар көптен бері өз ұсыныстарын айтып келеді. Біз оны назардан тыс қалдырмадық. Енді ата-аналар банктегі шотына ақшаны тікелей алып, балаларға мектеп формасын, кеңсе тауарларын және аяқкиімін өздері таңдай алады. Бұдан былай бала ата-анасымен бірге таңдаған мектеп формасымен бара алады. Мұның артықшылығы осында. Бұған дейін сатып алумен әкімдіктердің қызметкерлері айналысатын. Жыл сайын өлшемдерге, сапаға байланысты проблемалар туындайтын», – деді ол.
Ведомство өкілінің айтуынша, қазір әкімдіктер ата-аналардың шотына кемінде 37 389 теңгеден аударып жатыр. Бұл ең төменгі сома. Бұрын 17, 20, 25 мың теңге бөлуі мүмкін еді. Кей аймақтар бұл сомадан артық бөліп жатыр, мысалы, Алматы 43 мың теңгеден аудара бастады. Бұл көмекті алатын 440 мыңнан астам баланың 150 мыңға жуығына ақша аударылды, қалғанына 20 тамызға дейін аударылуы керек, – деді Дулат Жекебаев. Сондай-ақ комитет төрағасы биыл күшіне енген жобаның тағы бір ерекшелігіне тоқталды.
«Көңіл аударатын бірнеше мәселе бар. Қаулыда қаражаттың нысаналы пайдалануы, яғни балаға жұмсалуын қадағалау туралы жазылған. Балаға керек-жарағын сатып алған күннен бастап, 15 жұмыс күн ішінде білім беру ұйымына құжаттарды, яғни төлем туралы түбіртек, чектің фотосымен растау қажет. Бұл бір. Екіншіден, қаулының екінші қосымшасы бар, соған сәйкес өтініш берушінің нысаны беріледі. Онда ата-ана қаражатты нысаналы жұмсайтынын растайды. Тағы бір көңіл аударатын мәселе – жалған ақпарат пен жалған құжаттар берген үшін жауапкершілік туралы ескертілгенін растайды», – деп толықтырды Жекебаев.
Айта кетейік, берілген қаржының мақсатты жұмсалғанын тексеруді мектептегі әлеуметтік педагогтар анықтайтын болады. Себебі ата-аналар түбіртектер мен заттардың суретін соларға тапсырады.