Түркияның Мардин және Газиантеп провинциясында жантүршігерлік жол апаты болды. Көп адам қаза тапты. Аман қалғандар ауыр жарақат алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
«Осындай қиын сәтте қайғы-қасіретіңізге ортақтасып, барша қазақстандықтың және жеке өзімнің атымнан сізге және жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бауырлас түрік халқына қайғыра көңіл айтамын. Марқұмдардың Алла Тағаланың шапағатына бөленуін, зардап шеккендердің тез арада сауығып кетуін тілеймін», – деп жазылған Президенттің жеделхатында.