Оқу ақысын университеттер өтей ме?
Оқу ақысын университеттер өтей ме?
445
оқылды
Еліміздегі жоғары оқу орында­рын­дағы баға саясаты талқыға түсті. Осы тұста университеттерде ақылы білім алатын баласы бар ата-аналардың мәселесі де сөз болды. Ғылым және жоғары білім минис­тр­­лігіне қарасты Жоғары және жо­ғары оқу орнынан кейінгі білім де­партаментінің өкілдері оқу ақысын төлеуге қиналған ата-аналарға бас­қа да мүмкіндіктер бар екенін мәлімдеді. «Ата-аналардан сабыр сақтауды сұраймын. Бүгінде оларда мүмкіндік бар. Егер ата-аналарға арнайы көмек керек болса, университеттің оқу ақысын төлей алмай, қаржылық жағынан қиындыққа тап болса, сол жоғары оқу орнының басшылығына өтініш жазып, тиісті көмек алуға мүмкіндігі бар», – дейді департамент басшысының орынбасары Ержан Әмірбекұлы. Ал елдегі жоғары оқу орындарында білім алу ақысының бағасына министрлік тарапынан мониторинг жасалады. «Мониторингке сүйенсек, мемлекеттік нысандағы университеттердің, соның ішінде ұлттық университеттердің негізгі бөлігінде баға саясаты өзгерген жоқ. Жекелеген оқу орындарында ғана бар. Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін алайық. Онда былтыр оқудың ақысы 1 млн теңге болды. Қазір көптеген мамандық бойынша, оқудың бағасы 1 млн теңге деңгейінде қалып отыр. Жекелеген бағыттар бойынша 1 млн 50 мың теңге, 1 млн 100 мың теңге аралығында, яғни бағаның дифференциациясы болуы мүмкін», – деді ол. Әмірбекұлының сөзіне сенсек, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде былтыр оқудың бағасы 1 млн 50 мың теңге болған. Қазіргі баға 1 млн 100 мың теңге деңгейінде болып отыр. Жалпы, Қазақстанда 120 жоғары оқу орны бар. Оның 103-і – азаматтық бағыттағы университет, қалғандары – арнайы жоғары оқу орындары. Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында 600 мыңдай студент бар екен.