Алматы қаласы тұрғындары Құлжа тасжолының 20 шақырымы мен осы тасжолдың Бұқтырма көшесімен қиылысындағы жаппай ағаш кесу науқанына наразылық танытып жатқанынан хабардар болдық. Әлеуметтік желі қолданушылары мен белсенділер де соңғы күндері ағаштардың оталуына қарсылық білдіруде. Белсенділердің бірі Татьяна Антоненконың айтуынша, кесілген ағаштардың орнына сауда – ойын-сауық орталығы бой көтермек. Олар ағаш кесушілерді «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекс бойынша жазалануын талап етті. Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметі Алматы – Көкпек – Шұнжа – Көктал бағытындағы Құлжа тасжолының 20-шақырымындағы ағаштар Үлкен Алматы айналма автожолының құрылысына байланысты кесіліп жатқанын мәлімдеді. «1 584 ағаш кесіледі. 2019 жылдың 7 қазанында оған арнайы рұқсат берілген. Жобаны іске асыру барысында қайтадан ағаш отырғызу қарастырылған. Шабылған 1584 ағаштың орнына 4752 көшет отырғызылады», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалыммұрат Жүкел.
Олқылықтың орнын кім толтырады?
Іле-шала Алматы қаласының Медеу ауданына қарасты Құлжа тасжолы бойында «Mолл Aport East» сауда – ойын-сауық орталығы құрылысын салу үшін 11 мың ағаш кесілгені жөнінде хабар тарады. Қалалық Жасыл экономика басқармасы ағаштарды кесу жөнінде ешқандай рұқсат бермеген. Әкімдік меншік иесін жасыл желекті өз бетінше кескені үшін сотқа берді. Бұл оқиғаға алдымен экологтар алаңдаушылық білдіре бастады. Олар оқиға болған жерге барып, жаңа кесілген ағаштарды суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялады. Эко-активист Салтанат Тәшімованың айтуына қарағанда, олар жалаңаш қалған алқапты көріп таңғалған. «30 ағаштың тіпті жаңадан кесілгенін байқадым. 10 ақпан күні Медеу аудандық ІІБ-не жағдайды айтып, арыз жаздым. 11 мың ағашты рұқсатсыз кескені ашуландырады. Бұл жерде қараағаш, терек және үйеңкі ағаштары өсіп тұрған», – дейді ол.Қылмыстық іс қозғалды
Алматы қалалық әкімдігі Жасыл экономика басқармасы ағаштарды кесуге ешқандай рұқсат берілмегенін айтуда. «2018 жылы жасыл желектерге санақ жүргізілген. Алматы бойынша олардың қатары 2 миллион 350 мың болған. Олар негізінен ағаштың зығыр, қарағай, үйеңкі сияқты жапырақты түрлері. Өткен жылдың желтоқсан айында East land ЖШС Жасыл экономика басқармасына жасыл желектердің болуы немесе болмауын анықтайтын хат беруіне өтініш жасалған. Құжат бойынша бұл жерде жасыл желек болуы тиіс. Барып көргенімізде, ағаштар болған жоқ. Бұл өз бетімен ағаш кесу», – дейді Жасыл экономика басқармасының бөлім басшысы Олжас Жаныспаев. Бұл сөзді Алматы қаласы Медеу ауданы әкімі Сұлтанбек Мақажанов та мақұлдап отыр. «Олар бұл әрекеттері жөнінде бізге хабарлаған жоқ. Ол жер қоршалған. Алқапта жұмыс жүріп жатыр. Ал бір түнде осындай вандализм әрекеті орын алған. Жасыл экономика басқармасы істі сотқа берген және бұл істі екі айдан бері сот органдары қарап жатыр. Олар олқылықтың орнын бес есе етіп өтеу керек. Яғни, 17 мың ағаш отырғызуы тиіс. Барлығы 3 мыңға жуық жасыл желек пен бұта шабылған», – дейді аудан әкімі. Бір байқағанымыз, қанша ағаш кесілгені жөнінде әртүрлі ақпарат беріліп жатыр. Алматы қалалық Полиция департаменті ресми өкілі Салтанат Әзірбек ағаш кесу дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Келтірілген шығын сомасы сарапқа салынады. Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ