Алтын көрсе, жолдан таятындар көп
Алтын көрсе, жолдан таятындар көп
© коллаж: Әсел Балтақызы
513
оқылды
Ақмола облысының Бестөбе кен­тіндегі алтын кен орнында тек соңғы бір ай ішінде үш алтын іздеуші қаза болып, бір адам түрлі деңгейдегі жарақат алды. Жергілікті полиция аталған істер бойынша қылмыстық іс қозғағанымен, жұртшылық мәсе­ленің түпкі төркіні тереңде жатқанын айтады. Осыдан бірнеше күн бұрын Бестөбеде 23 жастағы алтын іздеушінің кен орнында қаза болғаны туралы суыт хабар жұрттың үрейін ұшырды. Қаза болған жігіттің денесін белгісіз біреулер Айыртау ауданы Кутузовка ауылындағы үйіне қаппен әкеліп лақтырып тастап кеткен. Мәйітті жер қойнына тапсырған туыстары жары­лыстан оның денесінің сау-тамтығы қал­мағанын айтады. Полиция аталған іс бо­йынша тергеу амалдарының жалғасып жатқанын мәлімдеді. Алтын кен орындарына заңсыз барып, оны шығару адам денсаулығы үшін аса қауіпті болғанымен, кен орындарын­да­ғы алтын бизнесі, өкінішке қарай өркен­деп тұр. Оны осы аймақта алтын өндіріп жат­қан «Алтын Алмас» компаниясы да мойындады. Кәсіпорынның мәліметінше, заңсыз алтын іздеушілер саны соңғы уақытта тіптен көбейген. Ал алтын өндіруді кәсі­біне айналдырғандардың миллиардтап пайдаға кенелгені туралы да деректер бар. Сондай-ақ кен орнына интернет арқылы заңсыз жұмысқа тартып жүрген пысы­қайлардың бар екені жиі айтылады. Кен орындарында алтын өндіруші «Алтын Алмас» акционерлік компания­сының берген ресми мәліметі жаға ұста­тарлық. Оған сенсек, «Қазақ Алтын» ке­ніштерінде тек соңғы 10 жыл ішіне ғана 45 мыңнан астам заңсыз алтын іздеуші ұс­талып, полицияға тапсырылған. Оның ішін­де 18 мыңы кен шахтасына бірнеше мәрте қайталап түскендер болып шықты. Мәселен, тек 2019-2021 жылдар аралы­ғын­да 7300-ден астам заңсыз алтын іздеу­ші ұсталған. Ал осы уақыт ішінде заңсыз айналымнан 7193 тонна құрамында алты­ны бар тас тәркіленіп, одан құны 8,9 мил­лиард теңге болатын 590 келі алтын шық­қаны анықталған. Қолға түскен алтын із­деушілер 5 жылдан 10 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру жазасына тарты­л­ғанымен, алтын іздеушілердің қатары азаюдың орнына керісінше көбейе түскен.
 «Әсіресе, Бестөбе кенті маңындағы алтын кен орындарындағы жағдай күрделі. Алтын іздеушілер республиканың барлық аймағынан келеді. Компания полициямен бірге құрамында алтыны бар рудаларды өңдейтін 500 цехтың жұмысын тоқтатты. Заңсыз жұмыс істеп келген кен орнына кіретін 1500 үңгір мен орын жойылды. Қазір өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе де, алтын іздеп шахтаға заңсыз түсетіндер әлі де көп. Бестөбе кенішінің шахтасы компанияға қарамайды. Бір жылдан бері жұмысын тоқтатқан шахтаның төменгі қабатын жерасты сулары басқан. Бүгінде шахтаны аралап-тексеру үшін оған са­нау­лы жұмысшы ғана жіберіледі. Бөгде адам­дар шахтаға ресми арналар арқылы кіре алмайды. Заңсыз кеншілер шахтаға арна­йы қазылған «түтікше» деп аталатын үңгір­лерден түседі», – дейді «Алтын Алмас» акционерлік қоғамының қоғаммен бай­ланыс және коммуникациялар депар­та­ментінің директоры Анар Сәуірбекова.
Жер қойнауын заңсыз пайдалану­шыларға жаза да қатал. Қылмыстық ко­декстің 334-бабына сәйкес заң бұзушылар 5 жылға дейін бас бостандығынан айы­рылуы мүмкін. Ал Қылмыстық кодекстің 269-бабының 1-тармағына сәйкес, күзе­тілетін кен орнына заңсыз кіргендер 10 жылға дейін бас бостандығынан айыры­лады. Сондай-ақ құрамында бағалы тас­тары бар металдардың шикізат тауарлары­ның заңсыз айналымы үшін 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жа­засы қарастырылған. Аталған жазаға қарамастан, жер астына пайдакүнемдікпен түсетіндердің қатары азаймаған. Ал қарапайым жұртшылық алтын із­деуге басын бәйгеге тігіп жер астына тү­сушілердің басым бөлігі жұмыссыздықтан баратынын айтады. «Екі қолға бір күрек» таппағандар қауіпті болса да қолындағы барын төлеп заңсыз кен орнына түседі.
«Мен осы Бестөбе кентінде тұрамын. Жұбайым осы шахтада жұмыс істеген. Осыдан екі жыл бұрын бұл шахта жұмыс істеп мемлекетке алтын жоспарын беріп, сонымен қатар 1 600 адамды жұмыспен қамтыған. Соңғы компания келіп шахта­ның орнына карьер қазбақ болды. Бірақ тұрғындар наразылық білдіріп, оған қар­сы шықты. Карьерден бір-екі-ақ жыл­да барлық алтынды тақыр-таза етіп, тайып тұрады. Ал көп адам жұмыссыз қалады. Расында, кен орнына түсушілер негізінен жұмыссыздықтың салдарынан түседі», – дейді Бестөбе кентінің тұрғыны Алена Агафонова.
Облыстық Полиция департаменті де алтын кен орындарында мәселенің аса ушығып тұрғанын мәлімдеді. Полиция­ның мәліметінше, былтыр мемлекет пайдалы қазбаларды заңсыз өз бетінше өндіруге жазаны қатаңдатқанымен, қыл­мыс саны одан сайын өршіп кеткен.
«Ақмола облысының полиция департа­менті 2020-2021 жылдары үш бірдей ұйым­дасқан қылмыстық топты құрықтады. Оның құрамы 84 адамнан құралған. Тергеу барысында 17 қылмыстық іс тір­кел­ді. Кен орындары таяу орналасқан Степ­ногор, Заводской, Кварцитка, Бөген­бай, Қы­рық­құдық және Жолымбет ауыл­да­рын­да 74 тінту шарасы ұйымдастырылып, құ­ра­мын­да алтыны бар заттарды өңдейтін 13 шағын цех жойылды. Заңсыз айналым­нан 35 тон­на алтын құрамды тас, 2 келі алтын, 12 ұсату қондырғылары, 9 жуғыш аппарат, 3 алтын шығатын кен орында­рының карта-сыз­басы, 39 мың АҚШ дол­лары, 1,5 мың еуро, 8,8 миллион теңге мен 135 мың ресей рублі тәркіленді. Мұнымен қоса, 15 авто­көлік айыппұл алаңына қо­йыл­ды. Қыл­мыстық істер бойынша сот тергеулері жүр­гізіліп жатыр», – дейді Ақмола облысы По­лиция департаментінің баспасөз қыз­метінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
P.S.
Сонымен, күнкөрістің қамы үшін басын бәйгеге тігіп, қауіпті қылмысқа бар­ғандар саны күн санап өсіп барады. Заң қатайып, полиция тарапынан тиісті шаралар жүргізілгенінен де еш пайда жоқ сияқты. Қайтпек керек? Жұрт жүгенсіз кеткен жұмыссыздықтың халықты осындай күйге душар еткенін айтып отыр. Сананы тұрмыс билеген заманда бұл уәж де ақылға қонады. Дегенмен құқық қорғау органда­рымен қатар, билік органдары да мәселеге барынша назар аударғаны жөн болар.

Ақмола облысы