Әлемдегі әрбір мемлекет үшін су мәселесі аса маңызды. Себебі соңғы жылдарда жер жүзінде су тапшылығы қатты сезілуде. Бұл мәселеден Қазақстан да шет қалып отырған жоқ. Су ресурстары саласындағы мамандар су үнемдеу жайын жиі қозғап жүр. Дегенмен ел Үкіметі қол қусырып отырмағаны анық. Су пайдаланудың тиімді жолдарын қарастырып, мәселеге ден қоюда. Зерттеулер жүйелі жүруде Ресми дерекке жүгінсек, елімізде ауданы 1 гектардан асатын 48 мыңға жуық, 1 шаршы шақырымнан асатын 3 мыңға жақын көл, 85 мыңға тарта өзен бар екен. Алайда бұл өзен-көлдер еліміздегі егін алқаптарын суару мәселесін толықтай шеше алмайды. Елімізде ауыл шаруашылығы қажеттілігіне су тарту жылына шамамен 13,4 текше шақырым болады. Оның 8,8 текше шақырымы арықтар арқылы жеткізіліп, суару кезінде ысырап кетеді. Міне, осы себепті егін алқаптарын суару кезіндегі үнемдеу жайына ерекше мән берген абзал. Қазақстан географиялық орналасуына байланысты трансшекаралық өзендерге тәуелді екенін онсыз да білеміз. Бастауын басқа елдерден алатын трансшекаралық өзендер төңірегінде түйткіл көп. Соның ішінде тәжік және өзбек елдері арқылы ағып келетін Сырдария мен Ресейден жететін Жайық өзенінің халі күрделі. Бастауда отырған елдер өзен суын қалағанынша пайдаланып, бізге жеткенше су біршама сарқылып қалады. Әрине, Үкімет бұл жайларды ескерген, мемлекеттер арасында келісім бар. Мемлекетаралық комиссия белсенді жұмыс істеп отыр. Десе де, барлық тарап келісімді толықтай орындай бермейді. Соның салдарынан жаз мезгілінде елімізде кей дихандар су тапшылығына тап болып жатады. Бұл өз кезегінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ел экономикасына кері әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан Үкімет су тапшылығын азайтып, суды тиімді пайдалану жолдарын қарастырып келеді. Соның бірі әрі бастысы – егін алқаптарын тамшылатып суару әдісі. Тамшылатып суару әдісі еліміз үшін таңсық емес. Суды жіңішке құбырлар арқылы өсімдіктің тамырына жіберіп немесе жердің үстіңгі бөлігіне суды бұрқасындатып шашу арқылы жүзеге асатын бұл әдістің су үнемдеу мәселесінде пайдасы мол. Заманауи тамшылатып суару әдісі 1860 жылы Германияда тәжірибеден өткен. Ал 1920 жылы бұл тәжірибе кеңейтілді. Жердің үстіңгі бөлігін бұрқасындатып суару әдісі Израильде ойлап табылған. Бүгінде әлемнің көптеген елінде тамшылатып суару әдісі қолданыста бар. Қазақстанда 2000 жылдардан бастап осы әдіс кең тарала бастады. Үкімет 2040 жылға қарай жүйелі суару жүзеге асырылатын жер ауданын пайдаланылмайтын суару жерлерді қалпына келтіру есебінен 1,4-тен 2,1 млн гектарға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұған қоса, мал шаруашылығын белсенді дамыту жоспарланып, қосымша алқаптарда өсірілетін дақылдарды талдаудан шығару ісі жанданбақ. Шынын айтқанда, республикада жерасты су көзі өте көп. Олардың ең ірілерінің бірі – Қызылорданың солтүстік-шығысында, тағы бірі Атырау облысында орналасқан. Балқаш көлінің аумағында да жер астында термоминералды сулардың үлкен қоры бар. Құндылығы жағынан бұлардан кем түспейтін өзге де су көзі көп. Осыны ескеріп, еліміз су тапшылығы жайына аса алаңдамауға да болар еді. Дегенмен өзге елдерді толғандырған жайт келешекте бізді де айналып өтпесі анық. Қазір су ресурстарын сақтау мәселесі Экология министрлігінің Геология комитеті деңгейінде көтеріліп жүр. Ғалымдар маңызды ұсыныстарын айтып, Үкімет сол бойынша нақты істер атқаруға көшкен. Бүгінде су құдықтарының қайда апаратынын, қалай жұмыс істейтінін, қанша су айдайтынын анықтап, есепке алумен айналысып жатқан мамандар жетерлік. Кейбір дереккөздерде Қазақстанның жалпы тұщы су қоры 429 текше шақырым деп көрсетілген. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өткен жылдың соңында Қазақстанда тұщы судың үлкен қоры барын, 3,5 мыңнан астам жерасты көздері анықталғанын мәлімдеді. Олардың жалпы көлемі алдын ала мәліметтер бойынша 100 текше шақырымнан асады. Бұның бәрі жүйелі зерттеулердің белсенді жүріп жатқанын көрсетеді. Жақсы әдістің жемісі Сонымен, тамшылатып суарудың бірқатар тиімді тұсы барын айттық. Әдісті қолдану кезінде тыңайтқыштар мен құнарлы заттар жоғалып кетпейді. Яғни, несібесін жерден табатын диқандар үшін қолайлы. Сондай-ақ, суды пайдалану тиімділігі жоғары. Оған қоса, ойлы-қырлы егін алқаптарын тегістеудің қажеті болмайды. Қайта пайдаланылған суды қауіпсіз іске асыруға болады. Топырақ эрозиясы мен арамшөптердің өсуі азаяды. Суарудың өзге түрлеріне қарағанда, кететін шығын да аз. Минималды тыңайтқыштармен де фертигацияны іске қосуға болады, бұл тәсіл өсімдіктерде болатын аурулардың алдын алуға да үлкен мүмкіндік береді. Жоғарыда айтқанымыздай, елімізде 2000 жылдардың басынан бастап қолға алынған тамшылатып суару әдісі 2005 жылы республика бойынша 160 га жерге қолданылған екен. Ал 2009 жылы – 4,2 мың гектар, 2011 жылы – 18,3 мың гектарға дейін артып, 2015 жылы 50 мың гектарды құраған. 2020 жылы елдегі барлық суармалы егістіктің 16 пайызына тамшылатып суару технологиясы мен жаңбырлатқыш қондырғылар пайдаланылатыны белгілі болды. 2025 жылға дейін жүйелі істердің арқасында бұл көрсеткіш 50 пайыздың шамасынан асуы мүмкін. Бұған жекелеген шаруашылық иелерінің де еңбек сіңіргені жөн. Жерасты суының қоры көп деп кеуде кергенімізбен, Қазақстан аумағының жартысынан көбі шөлді және шөлейтті аумақ екенін ұмытпаған абзал. Сондықтан біздің еліміз үшін тамшылап суарудың маңызы өте зор. Тамшылатып суару әдісі шөлді және шөлейтті жерлерді игілікке жаратып, бау-бақша егу, жылыжайлар салып, өнім алуға жақсы мүмкіндік береді. Осы себепті Үкіметтің салаға қатысты атқарып жатқан жұмыстарын оң бағалауға болады.