– City-bus жауапкершілігі шектеулі серіктестігі №8 бағыт бойынша қызмет көрсететін 10 автобустың жартысын жалға алып отыр екен. Жұмыс беруші паркте 20 жүргізушінің барын айтса, журналда олардың 12-сі ғана тіркелген. Медициналық және тынығу бөлмесі қарастырылғанымен, оған көтерілетін баспалдақ қауіпті жағдайда. Ал слесарьлық және моторлы цех мүлде атымен жоқ, – деді Эльмира Мырза-Ғали.Қалалық мәслихат депутаттары мұндай жүйесіздікті өзге де тасымалдаушы компаниялардан анықтаған. Мәселен, қалалық 4 бағыт бойынша қызмет көрсететін №1 Тараз автобус паркі шілде айында жаңа автобустар алуы керек болған. Десе де, олары күні бүгінге дейін алынбаған екен. Компания басшысы 80 адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтқанымен, журналда 37 жүргізуші ғана тіркелген. 45 жүргізуші «Сапар ТрансМоторс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізетін құралдар жоқ. Бұл орайда жүргізушілердің жұмысқа қандай күйде шығып жатқаны белгісіз. «ТаразПассТранс» және ArsenTransCompany жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің де көліктері ескірген. Техникаларының да тозығы жеткен.
– «ТаразТрансМоторс» автобус паркінің көлік тұратын аумағы өте тар. Қоғамдық көліктердің санитарлық тазалығы сын көтермейді. Мұнда да 80 жүргізуші бар деп айтылғанымен, құжатта 27 адам ғана тіркелген. «Саяхат-99» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еншісіндегі 35 автобустың дені жеке адамдарға тиесілі. Өндірістік-техникалық база аумағындағы жуу цехтарында жағдайы нашар. Слесарьлық, моторлы цехтар да жабдықталмаған. Мекеме басшысы жүргізушілерге сағатына 600 теңге төленетінін айтады. Бекітілген жоспарды орындай алмағандарға айлық та өз деңгейінде төленбейді екен. «Саяхат-99» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты аумақты жалға алып жұмысын жүргізіп жатқан «ДамРус» компаниясының өкілін өз орнынан таба алмадық. Тексеріс барысында өзінің базасы мен автобусы жоқ компаниялар да мемлекеттік сатып алуға қатысып, субсидия алып жүргеніне көз жеткіздік, – дейді депутат Эльмира Мырза-Ғали.Мәслихат депутаттары шаһардағы автобустардың 60-70 пайызының тозығы жеткенін анықтаған. Олардың кейбірінің техникалық жағдайы тіптен сын көтермейді. Сол себепті тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктердің қызмет сапасына арыз-шағым көп. Сонымен қатар экологиялық талаптарды ескермейтін автобустарды да жиі көруге болады. Олар техникалық тексерістен қағаз жүзінде ғана өтетіндіктен, экологияға тигізер залал-зардабын болжаудың өзі қиын. Сөйте тұра, тасымалдаушы компаниялар миллиондап субсидия алады. Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сәйкес, былтыр қоғамдық көлік қызметін субсидиялауға 572 миллион теңге бөлінген екен. Ал биыл 650 миллион теңге қаралған. Былтыр «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жаңа 22 автобус сатып алған. Компанияға бөлінген субсидияның көлемі 205 миллионды құрайды. Ал өз бағытына 10 жаңа автобус қосқан City-bus жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 74,5 миллион теңге субсидия алған екен. Биыл автопаркін 20 автобусқа жаңартқан «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 340,6 миллион теңге, ал паркі 10 жаңа автобуспен толыққан City-bus жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 78,5 миллион теңге субсидия беріліпті. Әрине, субсидияның көліктерін жыл сайын жаңартып отырған компанияларға берілгені құптарлық қадам. Алайда «автопаркімізді жаңартамыз» деп уәде беріп, орындамаған мекемелерге қомақты қаражат берудің қажеті бар ма? Мәселен, «№1 Тараз автобус паркі» былтыр 73,5 миллион, биыл 65 миллион теңге субсидия алған. Алайда 15 шілдеге дейін паркке 20 жаңа автобус әкелеміз деген компания басшылары сөзінде тұрмаған. Соңғы 2 жылда 176 миллион теңгеден астам субсидия бөлінген «Сапар ТрансМоторс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығы да уәдесінің үдесінен шыға алмайтын секілді. Алғашында бағыттардағы 15 автобусты жаңартамыз деген тасымалдаушылар қазір «қаражат жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп отыр. Сондай-ақ 2 жыл ішінде 72 миллион теңге субсидия алған «ТаразТрансМоторс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 10 автобусты жаңалаймыз деген уәдесі сөз күйінде қалды. Жасыратыны жоқ, қазір жолаушылар тасымалдауды ұсынатын компаниялардың қайсысына барсаң да қаржының жетіспеушілігін айтып етектері жасқа толады. Осындай да табыс түспейтін компаниялардың тасымалдау ісінен екі қолды басқа қойып қашпайды деп те ойлайсың. Бірақ бүгінге дейін жолаушылар тасымалдау бизнесі тақырға отырғанын да естімеппіз. Демек, барлығының ойы – мүмкіндігінше жолақымен жыртығын жауып, субсидиямен табысқа шығу. Ал бұл тиісті заңға талаптарына томпақ келетіні анық. Сондықтан не автобусы, не базасы жоқ тасымалдаушыларды қыруар субсидиядан қағудың тетігін ойластырған жөн секілді. Сонда ғана басынан дауы артылмайтын салада сапалы қызмет көрсетіледі.
Жамбыл облысы