Бәрекелді, «Брависсимо»!
Бәрекелді, «Брависсимо»!
541
оқылды
Атыраудағы есту қабі­летінен айы­рыл­ған адамдар­дың өміріне ерекше серпіліс сыйлап жүрген Татьяна Капуо­ва­ның негізгі мамандығы – есеп­ші. Ал қазір ол «Брависсимо» саңыраулар қоғамы жанында­ғы қимыл-әрекет театрының көркемдік жетекшісі. «Бітпейтін есептердің ортасында жүріп, өзімді жоғалтып алатынымды түсіндім. Сөйттім де, бір күн­нің ішінде шешім қабылдап, өнер саласына кеттім. Актерлік ше­берлік, театр, режиссура, сценография бойынша бірнеше қысқамер­зімді курстан өттім. Тәуекел етіп, балаларға арналған театр аш­тым. Түрлі спектакль қоя бастадық. Қойылымдарымыз көзге түскен болуы керек, бірде «Саңыраулар қо­ғамы­ның» жетекшісі Гүлмира Қосыбекова ерекше адамдармен жұмыс істеуге ұсыныс тастады.
Басында абдырағаным рас. Бірақ өмір болған соң барлығын да көру керек. Әрі мен үшін бұл жаңа тә­жірибе еді. Көп ойланбай «Брависсимо» театрына бардым. Есту, сөйлеу қабілетінен айырылған адам­дармен жұмыс істеу оңай дей ал­маймын. Бастапқыда түсінісу қиындау болды. Менімен бірге сурдоаудармашы жұмыс істеді. Жүре келе артикуляцияның, қимыл-әрекеттердің көмегімен байланысқа түсе бастадым. Арасында параққа жазамын. Сөйтіп, жұмысымызды бастап кеттік. Бұл 2019 жыл еді», – дейді Татьяна.
Осылайша, Татьяна «Брависсимо» саңыраулар қоғамы жанындағы қимыл-әрекет теа­трында волонтер ретінде үш жылдай тегін жұмыс істейді. Осы кезде қимыл-әрекет, пан­томимо элементтері, музыка, биге негізделген қимылдармен қойылым қойған театр біраз шыңдалады. Сөйтіп, «Брависсимо» театры есту қабілетінен айырылған адамдар арасындағы VІІІ республикалық Клоунада шоуында бас жүлде жеңіп алады. Татьянаның көркемдік жетекшілігімен сахналанған қойылым арқылы театр қалыптасу тарихындағы алғашқы жеңіске жетеді. Кейін театр Ақтөбе қаласына барып өнер көрсетті. Ол жерде кө­рер­менге «Махаббат жүрегі» қойылымы ұсынылды. Қазір репер­­т­уарын «Махаббат жүрегі», «Тыныш­тық», «Дружба», «Забота» сынды сахналық қойылымдармен толық­тырған театр көптеген сайыста жүлде алып жүр. Жақында ғана театр ХV батыс аймақтық «Не подчиняйся глухоте, а подчини ее себе» конкурсында өнер көрсетіп, көрермен көз­а­йымына айналды. Татьяна Капуова Татьянаның айтуынша, мұндай өнер фестивальдары ерекше адам­дар үшін аса қажет.
«Көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі адам­дар қоғамнан тыс қалып жатады. Біз олардың ішкі жан дүниесіне үңіле бермейміз. Шын мәнінде, сөйлеу, есту қабілетінен айырылғанымен, мұндай адамдардың ішкі түйсігі керемет дамыған. Олардың арасында керемет таланттар бар. Олар музыканы естімесе де, жү­рекпен сезініп әдемі билейді. Енді біреулері қолдың қимыл-қозғалысы арқылы ән айтады. Кей та­лант­тарымыз пантомимо, клоу­надаларда ерекше өнер көрсетеді. Біз әртүрліміз, бірақ қоғам алдында бә­ріміз тең құқылымыз. Қойылым­дарымыз арқылы қоғамға осы идеяны жеткізгім келеді», – дейді Татьяна Капуова.
Қазір театр 18-24 аралығындағы 10 жасты біріктіріп отыр. Сахнада өнер көрсетіп, көрерменге ерекше эмоция сыйлайтын әртістер өнерден тыс уақытта еңбек етеді. Мәселен, театрдағы қыздардың барлығы дерлік тігін цехында жұмыс істейді. «Олар сахналық киім тігумен айналысады. Оның ішінде ұлттық киімге тапсырыс көп түседі. Мұның өзі – үлкен әлем. Себебі қыз­дарымыз киімді жай ғана тігіп қоймай, әр оюдың тарихын зерттейді, ізденеді. Осылайша, түрлі ұлттың дәстүрімен танысады. Ерлер жағы қаланы көгалдандыру саласында жұмыс істейді.
Шыны керек, бұған дейін мүмкіндігі шек­теулі адамдардың арманы туралы ойланып көрмеппін. Ен­ді байқап қарасам, олардың бар­лығы да отбасын құрып, бала сүюді армандайды екен. Мен үшін ерекше сырлы әлемді ашқан «Брависсимоның» барлық әртісі өмірлік серігін кездестіріп, отбасылы болып кетуіне шын жүректен тілектеспін», – деді бізбен қоштасарда Татьяна Капуова.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы