Төрт түлік малдың шөлін қандырған көл, шөбі шүйгін жер, бағалы тері адамзаттың кесірінен бүлініп жатыр. Жеке және заңды тұлғалардың жер пайдаланушы ретіндегі заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қоймай, ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпке басымдық бермей, бұл мәселе күрделене береді. Жер-ана төсінде жобасыз үй салып, мал жайылатын жайылымдық жерлерді түгін қалдырмай меншіктеп, азын-аулақ мал ұстап отырған шаруа қожалықтарын тығырыққа тіреп қойған заңбұзушылықтар Атырауда көп кездеседі. Өзгенің жерін меншіктеп, өз бетімен пайдалану, меншік объектілерін орналастыру, жерді ластау, топырақтың құнарлығын бұзу, су режимін нашарлату фактілері қала мен аудандарда жалғасуда. Айталық, Исатай мен Махамбет аудандарының жер көлемі үлкен болғанымен, сапасы нашар. Жерді дұрыс пайдаланбау салдарынан топырақ деградацияға ұшырап, құнсыздану, шөлге айналу процестері орын алған. Исатай ауданындағы Исатай, Қызылүй елді мекендеріндегі көптеген күтімсіз жер топырақ эрозиясына ұшырап, құм басуда. Нарын ауылдық округінен 3 шақырым жердегі бірнеше жыл бұрын төгілген мұнай қалдығының иесі табылмай, табиғатқа, жан-жануарға келген залалға жауап берер ешкім болмай отырғаны – алаңдауға тұрарлық мәселе.
Жарамды жер қалмай барады
Атырау облыстық қоғамдық кеңесі талдау тобының зерделеу дерегіне сүйенсек, 2016-2018 жылдары Исатай мен Махамбет аудандары бойынша жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан ӘК 356-1 бабын бұзудың 10 фактісі тіркелген, оның 8-і Исатай ауданына байланысты. Осындай ел игілігіне жарамды жерлер, Атырау және Құлсары қалаларында тұрмыстық қоқыстар мен ескі көлікжайлардың, жекешелендіру кезінде жекеменшікке өткен өндірістік базалардың, Атыраудағы нан, сыра, химия, балық зауыттары сияқты күтімсіз, тозығы жеткен нысандардың астында қалып отыр. Ал тұрғындардың айтуынша, бұрынғы Алмалы, Қайыршақты ауылдық округіндегі, қала төңірегіндегі үлкен көлемді, жылдар бойы қаңырап бос жатқан жерлердің иелері «жоғары» жақта екен. Атырау қаласының батыс бөлігіндегі өкпе аурулары ауруханасынан Астрахань бағытына шығатын автокөлік көпіріне дейінгі үлкен аумақта жылдар бойы әр жерде қағылған қазықтан басқа ешнәрсе жоқ. Исатай, Махамбет аудандарындағы үлкен проблемалық мәселелердің бастысы елді мекендердің тазалығы болып отыр. Жерге байланысты заңсыздықтардың орын алу себептерінің бірі – аудандық жер қатынастары бөлімдерінің штаттық және материалдық-техникалық мүмкіндігі мен мамандар біліктілігінің төмендігі. Аудандарда геодезиялық және картографиялық мәліметтер мен жер кадастрлық картасы жүйеленбеген, жер көлемі толықтай түгенделіп, сандық ретке енбеген. Жерді бөлуде жариялық жоқ. Жариялық болмаған жерде жауапкершілік те болмайтыны анық.Жайылымсыз мал қалада жүр
Мал және егін шаруашылығымен айналысып, облыс экономикасына үлес қоса алатын Исатай мен Махамбет аудандарында шабындық жер көлемі мардымсыз. Мал азығын дайындау мәселесі күрделі. Аудандардағы шабындық жерлер жеке және заңды тұлғаларға есепсіз, заң шеңберінен тыс бөлініп кеткен. Соның салдарынан мал өрісі тарылып, бұрынғы шөп шабатын,мал жайылатын жерлерге «Жекеменшік мүлік заңмен қорғалады» деген тақтайшалар ілініп, адам да, мал да ол аумаққа кіре алмайды. Тіпті ауыл аумағындағы зиратқа адам жерлеудің өзі проблема болды. Жайылымынан айырылған төрт түлік мал күрежолдың бойына шығып, тіске ілінер шөпті іздеп жолдың арғы-бергі бетіне өткен кезде көлік апатына себепші болды. Бұдан қалса, азық іздеп ауылдан ұзап кеткен мал ұры-қарыға қолды болып жатады. Бұл өзекті проблема Атырау қаласы маңындағы тұрғындарға да қиындық туғызуда. Қала маңындағы ауылдардың жағдайы тіпті қиын. Орталық көшеде жайылым жердің жоқтығынан көше аралап, қоқыс жеп жүрген жылқы мен түйе көп. Олар жол қозғалысына кедергі келтіргендіктен уақытша ұстайтын алаңға апарып, иесін хабарландыру арқылы іздеп, қосымша ақысыз жұмыс жүктеп жүрген құзырлы мекемелер бар. Төрт түлік малда не кінә бар, адамдар жайылымдық жерін жекешелендіріп, мал көрмегендей, ет жеп, сүт ішпейтіндей кеудесінен итеріп тұрса...Егінге ешкімнің жолағысы жоқ
Егін салуға оңтайлы жерде орналасқан, Жайық жағасындағы Махамбет ауданында агроөнеркәсіп кешенін дамытуда нақты іс-шаралар іске асса да, қордаланған мәселе көп. Исатай ауданы аумағындағы 4 канал, 4 суландыру жүйесін талапқа сай пайдаланып, жылыжай, сүт өндірісін дамыту қолға алынбай келеді. Бұл ауданды ғана емес, облыс халқын көкөніспен, ет-сүт өнімдерімен қамти алатын мүмкіндіктен айырып отыр. Жуырда ғана өңірге іссапармен келген Парламент депутаттары да осы мәселені жұртшылықпен жүздесуде кеңінен тарқатып берді. Парламент депутаты Б. Ізмұхамбетов жайылым мен егін шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді айтты. Мың сылтау айтып, егіншіліктен қашқақтап жүрген жерлестеріне Махамбет ауданының Сарайшық ауылындағы ешкі фермасынан, алма бағынан мол өнім алып қоймай, лимон өсіруді қолға алған кәсіпкер В.Розметовтың еңбекқорлығын мысал етіп, жұртшылықты мал бағып, егін егіп ырыздығын молайтуға шақырды. Сайып келгенде, елімізде іс бастаймын дегенге қажетті көмектің барлығы жасалады, тек ынта-жігер, талпыныс қажет. Атыраудың климаты Жер-ананы тоздырмай ұстай білгендер үшін егіншілік кәсіпке де, мал өнімдерін алуға да болатынын В.Розметовтей еңбексүйгіш азаматтар дәлелдеп беріп отыр.Бұлақ тартылса, тіршілік жоғалады
Жерасты суларын пайдалану мәселесін айтсақ, Исатай мен Махамбет аудандары көлемінде де шаруашылық мақсатына пайдаланатын жерасты суының көзі азайған. Тұщы жерасты суын іздестіру,қорғау мәселесі ешкімді ойландырмаған. Бұрындағы халық пайдаланып, су ішкен құдықтар химиядан ластанып, минералдануы жоғарылаған. Алыс ауылдардағы,қысы-жазы қыстақтардағы тұрғындарға су жеткізу, қамту проблемалары жеке «водовоздардың» жұмысына айналған. Табиғаты сұлу Махамбет ауданындағы орман-тоғай жерлерін тиімді пайдаланудан да ұяттымыз. Көзтартар табиғаты бар Жалғансай, Аққайың, Бейбарыс, Бесікті, Алға, Талқайран ауылы маңындағы орман-тоғайлар қолды болған. Ағаштары қураған, іші қоқыстан тазаланбаған, меншік иелерінің тарапынан табиғатқа жанашырлық жоқ. Қала маңындағы Балықшы,Курилкино, Жамбыл, Дамба, Ракуша, Жұмыскер секілді ауылдардағы, сондай-ақ Талқайран,Бесікті,Береке елді мекендеріндегі өзенді бойлай салынған дәмхана мен мейрамханалар, зәулім коттеждер суды, жерді бүлдіріп жатыр. Оларды тексеру үшін, әрине шағым керек. Шағым болмаса, ешкім де тексере алмайтынына сенімі мол. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешевтің айтуынша, қалыптасқан қоғамдық пікір ұзақ мерзімге берілген жерді, сулы алқапты түгендеп, мемлекет меншігіне қайтарып алуды ұсынуда. Өйтпегенде азды-көпті жарамды жеріміз, қоршаған табиғатымыз жоғалып, болашақ ұрпаққа ұсынар ештеңе қалмайды. Атырау облыстық қоғамдық кеңестің талдау тобының зерделеуімен анықталған жайттар, жерді пайдаланудағы өңірдегі мәселелерді толығымен бақылауға алып, нақты шара қабылдайтын уақыт жетті. Бұл проблемаларды кешенді бақылауға алып, жүйелі жұмыс жүргізілсе, жердің де, халықтың да жағдайы жақсарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы сақталары сөзсіз. Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ