Қазақстанда бос қалған ауылдар көбейіп жатыр. 2012 – 2019 жылдардың өзінде еліміздегі 500-ге жуық ауыл иесіз мекенге айналған. 2021 жылға қарай Солтүстік Қазақстан облысындағы 664 елді мекеннің әрбір алтыншысы жабылатыны белгілі болды. Осыдан кейін қазақстандықтар ауылдық жерде өмір сүргісі келмейтіндей көрінеді. Неліктен? Мұның себебі урбанизация ма, әлде ауылдың ертеңі бұлыңғырға айналып, жан бағу мүмкін болмай тұр ма?
Болашақ қайда бет алды?
Республика аумағында қаңырап жатқан ауылдың көпшілігі – солтүстік өңірлерде. Ал оңтүстік пен батыс өңірде жағдай басқаша, халық санының тығыздығы артып келеді. Солтүстіктегі ахуалды Кеңес үкіметі заманында қоныстанған славян текті халықтардың атажұртына қоныстануымен түсіндірсек болады. 2000 жылдан бері СҚО-да 118 ауыл жабылған. Білім алатын оқушының жоқтығынан қаңырап қалған ауылдардағы 290 мектептің есігіне құлып салыныпты. Шығыс Қазақстандағы Қытаймен шекаралас ауылдардың да халі мүшкіл. Осыдан кейін иесіз мекенде қалған бірлі-жарым ағайынның өзі қалаға үдере көшті. Бүгінде елімізде 6 454 ауылдың 3 477-ге жуығының ғана даму әлеуеті бар екен. Мұның өзі жанға жұбаныш. – Ауылдан көшіп кетіп жатқандардың көбі – жастар, жоғары оқу орнына түсіп немесе шаңырақ құрып, баласын қалаға алып кететін жандар. Бұлайша ауылды жайлы жер санамаудың бірнеше себебі бар. Біріншіден, адамдар ауылдық мектептегі білім сапасына сенбейді. Екіншіден, жұмыссыздық белең алған. Үшіншіден, ауылдағы ағайын мал асырағысы келеді, бірақ жайылымның барлығын таныс-тамыр арқылы бөлісу көбейген. Ал атажұртына көшіп жатқан өзге ұлт өкілдерінің жөні басқа. Кезінде зауыттар салынып, айтарлықтай дамыған ауылдар Кеңес үкіметі құлаған соң экономикалық талаптарға сай болмай қалды. Бірақ трагедия жасаудың қажеті жоқ, – дейді әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы. Жұмыссыздықтан бөлек, жастар ауылдың қолайсыздығына налып, болашағына сенімсіздік танытатын сыңайлы. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың студенті Ділдә Жанаттан жастар көзқарасындағы ауылдың маңызын сұраған едік. – Өзім туып-өскен Шығыс Қазақстан облысы Қарауыл елді мекені келешек өмір сүру үшін қолайлы деп санаймын. Аздаған кемшіліктің бары жасырын емес. Қаладағыдай төлем жүйесі реттелмеген. Кейбір құрбыларым туған ауылында интернеттің жоқтығын айтады. Ауылда жағдай толық жасалмаған соң қалғымыз келмейтіні рас. Болашағымызды қаламен байланыстырамыз, – деді студент.Урбанизация халыққа әсер етті ме?
Урбанизация – дамудың бір белгісі, былайша айтсақ, қалаға қоныс аудару. Тәуелсіздік алғалы бері елімізге бұл үрдіс әсер етпей қоймады. Дегенмен бізде қалаға қоныс аударудың жабайы түрі жүріп жатқан секілді. Халықтың басым бөлігі қаланың өміріне дайындықпен емес, жан бағу үшін келді. Әлем халқының 60 пайызға жуығы – қалалықтар. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан азаматтарының 58,1 пайызы қалада тұрады. Яғни, 10 жыл ішінде қалаға көшкендердің саны 4,9 пайызға артқан. Қазақстандағы урбанизация дамудың көрсеткіші ме, әлде құлдырау ма? Әрине, қалалықтардың көбеюінің жақсы жақтары бар. Айталық, адам капиталының бір жерге топталуы – бәсекеге қабілетті орта жасайды. Соның арқасында денсаулық пен білім сапасы да өседі. Жаман жағы – бала тәрбиесі ақсап, табиғи ортадан алыстаған адамның өмір салты мен психологиясы өзгереді. Қаланы толтырып отырған – ауыл адамдары. Білім алуға келген жастардың ауылға қайтуы екіталай. Ал әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы бұл мәселені тұрақты жағдайға санайды екен. – Соңғы 150 жылда урбанизация әлемдік процеске айналды. Қазақстанда да қалалықтардың саны артты. Қанша уақыт өтсе де, еліміздегі ауылдар түбегейлі жойыла қоймайды. Ауылдағы ағайындар ішінде ауылды атажұрты деп санап, өзге мекенге көшпейтіндер бар. Былайша айтсақ, қазақтағы қара шаңырақты ұстап қалатын ғұрыпты бұзбайтындар. Қалаға жабыла көшу үрдісінің тоқтайтын кезеңі болады. Барлық ауылда жағдай нашар деп айта алмаймыз, – дейді.Елді мекендерді қалай сақтаймыз?
Солтүстіктегі ауылдарды сақтап қалу үшін Үкімет 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасын әзірледі. Мақсаты – тығыз орналасқан оңтүстік өңірдегі тұрғындарды солтүстік өңірге қоныстандыру. Бағдарлама нәтижесінде былтыр 7 мың адам солтүстіктегі тұрғындары аз ауылдарға көшірілді. Жаңа мекенге көшкендердің басым бөлігі – Түркістан мен Алматы облысынан. Бірақ атажұртын аңсаған 29 мың өзге ұлт өкілі басқа елдерге қоныс аударған. Заң бойынша ешкім адамды өзге жерге қоныс аударуға немесе көшуге тыйым салып мәжбүрлей алмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2050 жылы солтүстік облыстарда адам саны 1 миллионға азайып, оңтүстік аймақтарда 5 миллионға көбейетінін айтып отыр.ТҮЙІН:
Кейбір болашағы жоқ деп танылған елді мекеннің тұрғындары өзінің малы, жері мен жағдайы бар болғандықтан, қалаға көшуге құлшыныс танытпайды. Сондықтан келешекте босап жатқан ауылдарды шашыратпай сақтап қалу үшін тірек ауылдарды дамытқан жөн. Ауыл шаруашылығы министрлігі елді мекендерде кәсіп ашушыларға арнап қайтарымсыз несие беріп жатыр. Осы арқылы ауылдық жерде жұмыссыздық мәселесі шешілер болса, ауылдағы көңілі алаң ағайынның болашаққа сеніммен қарайтыны аян.Мадияр ТӨЛЕУ