Түркістан облысы Сайрам ауданындағы «Алтын адам» тігін фабрикасы биылғы мамыр айынан бастап оқушыларға арналған мектеп формасын тігіп жатыр. Форманың ұл және қыз балалар үшін бір жинағы 14 мың 500 теңгені құрайды. Отандық нарықта сапалы әрі сәнді киімдерімен танылған тігін фабрикасы еліміздің жеңіл өнеркәсібінің өрісін кеңейтуде. «Алтын адам» және Golden Nomad киім бренді еліміздің бірқатар өңірінде кеңінен тарады. 2013 жылы негізі қаланған «Алтын Адам» – іскерлік киімнің алғашқы отандық бренді. Кәсібін классикалық үлгідегі ерлер киімін тігумен бастаған қазақстандық бренд әйелдер костюмі, ер мен әйелге арналған пальтолар және тағы басқа өнімдер шығарды.
«Өзбекстаннан костюм-шалбар әкеліп сататын танысым ой тастады. Зерттеп қарасам, базарлар мен сауда орталықтарында «түрік костюмі» деп сатылып жатқанның барлығы Өзбекстаннан әкелінеді екен. Көрші елдегі кәсіпорындарға бірнеше рет барып, осы істің қыр-сырына қаныға түстім. Сол кездің өзінде Наманган облысында тек костюм тігетін 24 зауыт жұмыс істеп тұрды. Оның жиырмасының шығарып жатқан өнімі Шымкентке келеді. Сосын басқа қалаларға тарайды. Ойлана келе, өзімізде осындай тігін фабрикасын ашып, отандық киім өндірісін қолға алмақ болып шештім. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының бағдарламасы бойынша 110 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, Түркиядан арнайы құрал-жабдықтар алдырттым. Мемлекет бөлген қаржы қолға тигенде доллар бағамы 150 теңгеден 180 теңгеге шарықтап кетті. Шегінерге жол жоқ. Бар ақшамызды осы іске құйдық. Соңғы үлгідегі қондырғылар мен техникаларды сатып алдық. Классикалық үлгідегі киімдер тігетін тігіншілер тапшы болды. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін шетелден мамандар алдырып, қызметкерлерді оқытуға кірістік. Сөйтіп, 2013 жылдың наурыз айында тігін фабрикасы өз жұмысын бастады», – деп еске алады фабрика басшысы Балжан Оразәліқызы.Өнімдері алғашқыда Шымкентте, кейіннен еліміздің өзге де бірқатар өңірде сатылды. Кәсіпорын қолданылатын ең соңғы үлгідегі автоматтандырылған тігін машиналарының тігісі жатық, теп-тегіс. Еуроүлгідегі киімдер дизайнымен ерекшеленді, әр тұтынушының дене бітімі мен талғамына орай әрбір өлшемге мән беріліп, киімнің қонымды болуын есепке алынды. Дизайны мен тігісі шетелдік костюм-шалбарлардан кем түспейтін отандық өнімнің матасы да сапалы. Түркия, Италия елдерінен арнайы тапсырыспен әкелінген маталар түтілмейді, бояуы ақпайды. Ал бағасы шеттен тасымалданатын костюмдерден әлдеқайда арзан. Кейінгі жылдары осы өнімге тапсырыс азайған соң, фабрика мектеп формасын тігуге көшті. 8 жылдан бері тұрақты түрде бірыңғай мектеп формасына тапсырыс алып, жыл сайын 30 мың дана мектепке арналған киім жинағын дайындайды. Мектеп формасының ұл және қыз балалар үшін бір жинағы – 14500 теңге. Оның ішінде жейде – 3 мың, костюм – 5,5 мың, шалбар – 4,5 мың, жилет – 3,5 мың, белдемше 3 мың теңге тұрады. Фабрика басшысы Балжан Халмұратованың айтуынша, биыл фабрика Алматы облысындағы 4 мектеппен келісім жасап, 10 мың дана мектеп формасын дайындауға тапсырыс алған.
«Тауар өнімін дайындауға үш айдай уақыт кетеді. Тапсырыс берушімен келісім жасалған соң, екі айдай қажетті матаны таңдап, сатып аламыз. Матаны Түркия, Қытай елдерінен аламыз. Шикізатты шетелден тапсырыспен алатын болғандықтан, көп уақытымыз кетеді. Ал киімді пішіп, тігуге бір ай жұмсаймыз. Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Кез келген ата-ана баласына сапалы әрі ыңғайлы мектеп формасын іздейді. «Алтын адам» мектеп формалары Оқу-ағарту министрлігі бекіткен стандарттарға сай тігілген. Қою көк түсті, қыз балалардың белдемшесі тізеден келеді. Костюмі, ішінде жакеті және ұлдарға шалбар, қыздарға белдемшесі бар. Егер ата-аналар тарапынан ұсыныс түсер болса, белдемшенің ұзындығын өзгертуге болады. Суыққа жұқа, ыстыққа қалың болмас үшін матасы арнайы таңдалған», – дейді Балжан Оразәліқызы.Өнім өте сапалы, ыңғайлы, мектеп формасына қойылатын талаптар толық сақталған. Фабрика тапсырыстан бөлек, дайын өнімдерін сатылымға шығарады. Шымкент, Нұр-Сұлтан қалалары мен еліміздің басқа өңірлеріндегі ресми және келісім бойынша дүкендерде сатады, сондай-ақ түрлі жәрмеңкелерге қатысады. Кәсіпорын мектеп формасынан бөлек, теміржол, қорғаныс істері қызметкерлері үшін арнайы жұмыс киімін дайындайды. Пандемия кезінде 30 мың данадан артық бетперде тікті. Фабрикада жеке лекалдар базасы бар. Соның арқасында киім өнімдері жаңа сән үлгілеріне сай дизайнда жасалады. Өндірісте жоғары дәрежелі мамандар істейді. Фабрика қызметінің арқасында жергілікті тұрғындардан 70-80 адам жұмыспен қамтылған. Тапсырыстың көбеюіне байланысты алдағы уақытта 200-ге жуық адам жұмысқа тартылуы мүмкін. «Алтын Адам» тігін фабрикасында киім өндірісінің толық циклі – дизайнын әзірлеуден бастап қаптамаға дейін жүзеге асады. Барлық жұмысты шеберлер жоғары технологиялық жабдықтар арқылы атқарады. Фабрикада орнатылған шетелдік заманауи жабдықтар сапасы әлемдік брендтерден еш кем түспейтін өнім өндіруге мүмкіндік береді.
«Алдағы мақсат – осы ішкі нарықты қамтып, елімізде сатылымдағы отандық өнім мөлшерін ұлғайту. Мектеп оқушыларын сапалы, сәнді, бағасы да қолжетімді мектеп формаларымен қамтамасыз ету. Осы орайда ата-аналар мен мектеп ұжымдарына отандық өндірушіні қолдап, отандық киім киюге шақырамыз. Себебі отандық өнімді тұтынудың ел экономикасына пайдасы зор», – дейді Балжан Оразәліқызы.
Асыл ТҰМАР