Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы – WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы. Спорттық порталдар мен спорт мамандары осылай жарыса жариялап жатыр. Өйткені оның басты қарсыласы және чемпиондық белдіктің иегері Деметриус Андраде титулдан бас тартты деген ақпарат бар.
Америкалық боксшы оны салмағын ауыстыратынын, яғни екінші орта салмаққа көтерілетінімен түсіндірді. Мұндай жағдайда белдік автоматты түрде Жәнібекке беріледі. Өйткені ол дәл осы тұжырым бойынша уақытша чемпиондық белдіктің иегері және титулға басты үміткер саналады. Осының алдында ғана қазақстандық боксшы Андрадеге қашпауға кеңес берген болатын. Жәнібек жекпе-жексіз чемпион болу жақсы, ал чемпионды нокаутқа жіберу одан да жақсы екенін айтты.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы соңғы рет мамыр айында жұдырықтасты. АҚШ төрінде британдық Дэнни Дигнумды нокаутпен ұтты. Осының арқасында кәсіпқой бокстағы көрсеткішін 12 жекпе-жек, 12 жеңіске жеткізді.