Футболдан Қазақстан біріншілігінің алдағы әрбір туры еліміздің белгілі футболшыларының құрметіне арналады. Бұл жөнінде Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Рохус Шох мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір еліміздің жас жанкүйерлері кезінде жасыл алаңда көзге түскен көптеген ардагер футболшыларды біле бермейді. Атап айтқанда, Анатолий Ионкин, Сейілді Байшақов, Евстафий Пехлеваниди, Құралбек Ордабаев, Виктор Абгольц сияқты футболшылар жоғары деңгейде ойын көрсетті. Енді оларды жастардың арасында дәріптеуіміз қажет. Алдағы 17-тур Фанас Сәлімовты еске алуға арналады. Ол КСРО біріншілігінде алматылық «Қайрат» сапында өнер көрсетіп, танымал болған. Одақ ыдырағаннан кейін Ф.Сәлімов Украина чемпионатына ауысып, ол елдің «Ворскла», «Нива», «Элвис», «Кривбасс» және «Николаев» командаларында өнер қөрсетті. Қазақстанда «Екібастұз», «Жігер», «Жетісу», «Шахтер», «Тараз» және «Ордабасы» сынды клубтардың намысын қорғады.
Ойын мансабын аяқтағаннан кейін Фанас Нагимович төреші және инспектор ретінде футболдағы қызметін жалғастырды. Тура бір жыл бұрын футбол ардагері өмірден озды. Алдағы 17-тур 29 және 30 тамыз күндері өткізіледі.
Айта кету керек, футболдан ел біріншілігінде «Ақтөбе» көш басына шықты.