Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға сапарын бауырлас жұрт көп күткендей көрінді. Әйтеуір, Әзербайжан медиасы да, бұқарасы да бұл сапарға тәуір даярланғаны байқалды. Президенттер болса жаһандағы геосаяи ахуал сан құбылып тұрған қазіргі кезде «сөзіміз бір жерден шықсын» дейтін ұстанымды ту еткен сияқты. Ал мұндай ұстанымнан әрісі күллі түркі әлемі, берісі Қазақстан мен Әзербайжан ұтады.
Кейде біз дипломатия, саясат дейтін ілімдердің ұңғыл-шұңғылы көп болатынын, елдің сыртқы саясаты «екі шоқып, бір қарауды» қажет ететінін аңғармай да қалатынымыз бар. Содан ғой, басшымызды кімнің күтіп алғанын, оған көрсетілген құрмет қандай болғанын талқылауға әзір тұрамыз. Кейде өзге жұртқа өкпелейміз, кейде Президентке көрсетілген құрметке қуанамыз. Сочиде Тоқаевты вице-губернатор күтіп алғанына күйінсек, Бакуде вице-премьер қарсы алғанына разы болдық. Ара-тұра «Президент бәлен елге неге бармады?» дейтін сауалды көлденең тартып, «бәлен жұртпен одақтасуымыз керек» дейтініміз бар. Баладай халықпыз ғой негізі. Ал мемлекет саясатының жан-жақты ойластырылған, жүйелі болмағы керек. Тіпті, стрататегиялық серіктес, мықты әріптес саналатын елдердің басшылары да бір-біріне ұзақ уақыт сапар жасамауы мүмкін. Өйткені мәселе барыс-келісте емес, қарым-қатынастың тұрақты, кедергісіз болуында. Бәлкім содан да шығар, өте өзекті тақырыптар болмаса Президенттер араласа бермейді, ондай шаруаларды миинистрлер, дипломаттар шешсе керек.
Ал тілеулестіктің жөні бөлек. Әзербайжан жұрты да қазаққа ұдайы тілеулес. Біз тілдескен әзербайжан әріптестердің Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакуге сапарын көп күткенін айтатыны сол тілеулестіктің белгісі болса керек. Бәлкім 2020 жылы Қарабақта жан алысып, жан берісіп жатқанда Әзербайжанның аумақтық тұтастығын жақтаған Қазақстан басшысын бауырлас халықтың Баку төрінен көргісі келгені қазаққа деген құрметі шығар, бәлкім «тәуелсіз түркі елдерінің бәріне барғанда, бізге неге келмейді?» деген базына ма, кім білсін?!
Ұрымтал сәтте ұтылмауды көздейді
Негізі осы жолы Қ.Тоқаевтың сапары тәуелсіз түркі мемлекеттерін түгендегенмен бірдей еді. Президент бұдан бұрын Ташкент, Ашхабад, Бішкек пен Анкараға мемлекеттік және ресми сапармен барған. Ал осы жолы өзі айтқандай, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде тұңғыш рет Әзербайжанға сапар жасады. Қос тараптың да сапарға тыңғылықты даярлануының сыры осында болса керек. Бірақ сапардан бұрын да екі елдің көптеген ұстанымдары алдын ала үйлестірілген еді. Әсіресе сауда-экономикалық қатынастар, көлік-логистика салаларында көптеген бағыттар пысықталған болатын. Біздің пайымдауымызша, бұрын да тәп-тәуір болған екі жақты қатынастар Украина мен Ресей арасы шиеленіскен соң Қазақстан Президенті Каспийдің арғы жағасында бауыр жұрттың басшысымен кейбір мәселелерді пысықтап алуды көздеген сыңайлы. Шамасы Қ.Тоқаев Қазақстанның ең ірі стратегиялық серіктесі батыс мемлекеттерінің санкциясына ұшыраған соң әлемге ашылатын өзге «терезелерді» кеңейтуге көңіл бөлгенге ұқсайды. Каспий бағыты да сондай «терезелердің» бірі еді. Ал бұл бағытта Әзербайжанмен қарым-қатынас жоғары деңгейде болмайынша қандайда да бір табысқа жету оңай емес. Тіпті, Әзербайжанды айтпағанның өзінде Қ.Тоқаев ұстанған сыртқы саясат шынымен де көпвекторлы болып тұр. Бұрын бұл ұғымды декларативті сипаттау көптеу болған сыңайлы. Оны енді аңғарып жатырмыз.
Екіншіден, мұндай сапарлардың түрлі қауіп-қатердің алдын алуға да азды-көпті септігі тиетіні бар. Кәдімгідей сес болуға жарайды. Әсіресе медиа кеңістікте Қазақстанның тәуелсіздігіне, аумағының тұтастығына күмән келтіретіндер үшін «Біз – біргеміз!» дейтін айбат бұл. Дипломатия дейтін ілімнің, оны жақсы меңгерген қайраткердің бір қыры осында жатыр.
Мемлекет басшысының Бакуге сапарында 10 құжатқа қол қойылды. Соның ішінде бір құжаттың салмағы ерекше көрінді бізге. Ол – «Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация» деген құжат. Ондағы «стратегиялық қатынастар» және «одақтастық өзара іс-қимыл» деген ұғымдардың астын сыза отырып қарастыруға болады. Қ.Тоқаевтың БАҚ-қа арнаған мәлімдемесінде «Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипаты туралы айтуымызға нақты негіз бар. «Стратегиялық» деген сөз бізді көп нәрсеге міндеттейді, біз бұл бағыттағы ортақ ісіміге нақты мағына, нақты мазмұн беруіміз керек», – деп стратегиялық қатынастарға айырықша тоқталғаны да содан. Біз «одақтастық» дегенге де назар аудардық. Былтыр Өзбекстанмен арада «одақтастық» туралы Декларацияға қол қойылғанын ескерсек, түркі халықтарының ынтымақтастығы одақтастыққа қарай қадам басқан-ау деп топшылаймыз. Тек жаһанға жар салып жүрген жоқпыз. Енді Әзербайжанмен де «одақтастық іс-қимыл» жасаймыз. Өзгеге «айбат» деуіміздің сыры осында.
Одан соң бұл сапардың әлбетте экономикалық тиімділігі бар. Әдетте елдің сауда-экономикалық байланыстарының жан-жақты болуы түрлі деңгейдегі дағдарыстар зардабын азайтуға да септігін тигізеді. Әрі қосымша мүмкіндіктер ұсынатыны да бар. Маусымда Петерборда өткен саммитте Қ.Тоқаев «Дағдарыс сөзі екі иероглифтен құралады, олардың қалай жазылатыны әлі есімде. Бірінші иероглиф – қауіп, екінші иероглиф – мүмкіндік. Әр дағдарыста қатер де, мүмкіндік те бар» деген-ді. Қазір біз осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұмтылып жатырмыз. Бір қызығы өзге бағыттарды айтпағанның өзінде, түркі әлеміндегі сауда-саттық, алыс-беріс көлемі былтырдан бері өте жақсы қарқынмен өрбіп келеді.
Айталық, Президент өзі атап өткендей, Әзербайжан мен Қазақстанның тауар айналымы 3 есеге жуық өсіпті. Ал 2022 жылдың алғашқы 5 айында бұл көрсеткіш 164,1 млн долларға жетіпті. Сол сияқты Өзбекстанмен арадағы сауда айналымы биылғы бірінші тоқсанның өзінде
1 млрд доллардан асып, былтырғы сондай кезеңмен салыстырғанда 27,1 пайыз өскен. Түркиямен 2022 жылдың алғашқы тоқсанында 1,5 млрд долларлық сауда айналымы қалыптасты. Мақсат – жылына 10 млрд доллар! Былтыр түріктер Қазақстанға рекордтық деңгейде инвестиция салған. 685 млн доллар. Бір жылда.