«Сенім қуатты еселейді»
17 тамызға қараған түні сағат 00:20 шамасында Нұр-Сұлтандағы «АСИ» тұрғын үй кешенінде өрт шықты деген хабар түсе салысымен, №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің мамандары оқиға орнына тез жетеді.– Пәтерде екі ағайынды жасөспірім болған, өрт шыққанда үлкені сыртқа шығып үлгергенімен, кішісі іште қалып қойған. Інісін құтқармақ болған ағасы қою түтіннен ішке өте алмаған. Бөлімше командирі Жалғас Жауынбай екеуіміз пәтерге кірсек, жасөспірім терезе жаққа тығылып қалыпты. Әл-дәрмені құрыған. Дереу құтқару маскасын кигізіп, таза ауаға алып шықтық, – дейді сол күнгі екінші ауысымның қарауыл бастығы Дамир Төлегенов.Біз мұндай төтенше оқиғалар жайлы ілуде бір естігенімізбен, өрт сөндірушілер ондай жағдаймен күн сайын дерлік ұшырасады. Содан да болар, қандай қорқынышты апат болғанымен, салқынқандылық танытып, еппен қимылдауға еттері үйренген.
– Ондайда қорқып тұруға уақыт болмайды. Жұрттың сені күткені, саған сенгені бойыңдағы күш-қуатты он еселеп жібереді. Қысылтаяң шақта бір жағынан, сол үлкен сенімнің, екінші жағынан, ағзаңда мөлшері күрт артқан адреналиннің арқасы болар, шалт қимылдап, нендей кедергі болса да еңсеріп әкетесің, – деп ағынан ақтарылды бөлімше командирі Жалғас Жауынбай.
Бір минуттық әзірлік
Бұл бөлімшеде бас-аяғы 120 шақты қызметкер бар. Елорданың Сығанақ, Мәңгілік ел, Ұлы Дала көшелерінен басталып, мына қиыры Қабанбай батыр және Жұбан Молдағалиев көшелеріне дейінгі аумақта орналасқан ғимараттарда өрт шыға қалса, оны сөндіруге осы бөлімше мамандары жұмылдырылады. Қандай нысан отқа оранса да, мұндағылар оны тез арада өшірудің тетігін беске біледі. Өйткені қолдарында әр нысанның жедел жоспары бар.– Жедел жоспардың ішінде нысанның нақты мекенжайы, байланыс телефоны, ішіндегі адам саны, ғимаратты салуда қолданылған құрылыс материалы, неден салынғаны, жертөле жолдары, кіру есігі, айналасындағы гидранттар сияқты ең өзекті ақпараттар көрсетілген. Сол нысанға жетудің ең төте әдісін, жолға жұмсалатын уақытты, өрттің өршуіне байланысты сатылай қолданылатын тәсілдерді де осы жоспарда кесіп-пішіп қоямыз. Жоспардың бәрі диспетчердің кабинетінде сақталады. Дабыл түскен сәтте жиналып, оқиға орнына барамыз, – дейді Дамир Төлегенов.Әр ауысымның жұмысы таңғы сегізде басталып, бір тәулікке жалғасады. Өрт туралы дабыл қағылған секундта мамандар құрал-сайманын сайлап, аттанып кетуге дайын тұрады. «101» телефон нөміріне хабарласқан тұрғындардың 90 пайызы стрестік жағдайда болады екен: яғни, жылап жатуы мүмкін немесе абдырап, қорыққанынан тұтығып қалуы да ғажап емес. Диспетчерлердің міндеті – хабарласқан адамнан өртеніп жатқан үйдің мекенжайын, биіктігін, ішінде адам бар-жоғын және телефон нөмірін қалайда сұрап білу. Телефон нөмірі сол кісімен кері байланыс орнату үшін қажет. Бұл нәрселердің бәрін нақтылап алу үшін диспетчерге бір-ақ минут беріледі. Тұтқаны қойған соң ол рациямен бөлімшеге бұйрық жібереді. Бұйрықты естіген өрт сөндірушілерде де құрал-сайманын әзірлеп, көлікке отырына бір-ақ минут уақыт бар.
«Төтеншеліктерге» тосқауыл
Кейбір адамдар өрт сөндірушілерді дер кезінде жетіп үлгермегені үшін жазғырып жатады. Мұның себебі кептелісте деп ойлаушы едік. Сөйтсек, кептеліс өрт сөндірушілерге анау айтарлықтай кедергі емес екен. Жедел қызмет түрі болғандықтан, оларға көбі жол береді. Тіпті бағдаршамның қызыл көзіне өтіп кетуге де рұқсат. Мәселенің көкесі діттеген орынға жеткен шақта басталады. Кей мекеме өкілдері керексіз тұстан шлагбаум қойып, кіреберісті бетонмен бекітіп тастайды. Енді бір тұрғындар көліктерін тура есік аузына не гидранттардың үстіне қаңтарып, өрт сөндіруші машинаның емін-еркін кіруіне, су тасуына қиындық туғызады. Өрт сөндіру барысында бірінші көліктегі су түгесілмей тұрып, екінші көліктегілер жақын маңдағы гидрантты тауып, су жеткізуі тиіс. Гидрантты бөгеп тұрған машинаның иесіне хабарласқанша мамандар біраз уақыт жоғалтады. Өрт сөндірушілерге қойылар талап қатаң. Қызметке кіріспес бұрын талапкерлер норматив тапсырып, психологиялық тест сынды сынақтардан сүрінбеуі керек. Ал ауысымға түсетін әрбір құрамды бөлімше дәрігері күн сайын бақылап, қадағалайды. Әрбір ісі ерлікпен пара-пар осынау мамандық иелерінің өз араларында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар екен. Онысы «өрт болмасын», «су шашатындай себеп болмасын» дегендері болса керек. Бас қаланың батыл қызметкерлерімен қоштасып тұрып, біз де соны тіледік.Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ