Кітап мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Кітап оқымайтын буын пайда болды. Бұрынғыдай кітап құшақтап жүрген жастар көп емес. Смартфонға телмірген буынды кітап оқуға үйрете аламыз ба? Жалпы кітап шығару ісіндегі жаңашылдықтар, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы және сирек қолжазбалар туралы Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы директоры Әділ Қойтановпен сұхбаттасқан едік. – Әділ мырза, ХХІ ғасырда біз неге кітап мәдениетін қалыптастыра алмай отырмыз? Балаларды кітап оқу мәдениетіне қалай үйретеміз? Оқырманды қайтсек қызықтыра аламыз? – Бізде кітап мәдениеті жоқ деп айтсақ, «ауызды қу шөппен сүрткендей» боламыз. Кітап мәдениеті – соңғы оқырман қалғанша өлмейтін шетсіз де шексіз рухани әлем. Рас, нарық жылдары басталғанда кітап мәдениеті тұрмақ баспа ісі, кітап тарату ісі шатқаяқтап, бәрі келмеске кеткендей әсер бергені шындық. Бірақ әупірімдеп жүріп, сол бір шырғалаңнан сытылып, аман өттік. Бір нәрсені білуіміз шарт. Бала болсын, ересек адам болсын, кітап оқу мәдениетін үйретумен тек қана мемлекет немесе осы саладағы ведомствалық мекемелер айналысады десек қатты қателесеміз. Мемлекеттік тұрғыда қолға алынып жатқан, тіпті жемісін беріп отырған бағдарламалар да аз емес. Өкінішке қарай, біріне тартса, біріне жетпей жататын тұстар жетерлік. Біріншіден, мемлекеттік бағдарламалармен жарық көретін кітаптар облыс, аудан орталықтарындағы кітапханаларға жеткенімен дүкендерге түспейді. Баспалар бағдарлама бойынша тиісті тапсырысты орындағанымен, артық таралым қосып кітап дүкендеріне өткізуге онша құлқы жоқ. Осы бір олқылықтың оңтайлы тұсын жан-жақты қарастырып, шешу жолдарын іздестіріп жатырмыз. Екіншіден, кітап оқу мәдениеті – әр жеке адамның ішкі рухани қажеттілігінен туындайтын құбылыс. Кейінгі кездері кітап дүкендерін аралап жүрсеңіз, қазақ тілінде шыққан кітап іздеп жүрген немесе жанындағы баласына кітап сатып алып жатқан ата-аналарды көріп, бір марқайып қаласың. Демек, ең әуелі біз кітап дүкендерін аралау, кітап сатып алу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Балаларымызды кішкентай күнінен кітаппен дос болуға үйретуіміз қажет. Сонда көптеген мәселенің түйіні өзінен өзі-ақ тарқатылып қоя береді. Үшіншіден, оқырманды кітап оқуға қызықтыру үшін баспагерлер сұранысқа қарай, заман талабына сай қызмет еткені жөн. Туындыны автордан алдың, баспадан кітап етіп шығардың, осымен іс бітті десең, ісіңнің кері кеткені. Кітап тарату ісі, оны жарнамалау, тұщымды туындыларды оқырмандарға тарту ету де өзінше бір әлем. Сондықтан осы салада кез келген төбесі қылтиған мәселенің бәрін қатар алып жүрсе, Кітап мәдениетін қалыптастыра аламыз. – Байқасаңыз, «Ғылым академиясындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры жойылудың аз-ақ алдында тұр» деген пікірлерді жиі естиміз. Сирек кітаптар қоры Кітап палатасында да сақталған ба? Сақталса, ол кітаптардың жағдайы қалай болып жатыр? – Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасында төте жазумен, латын графикасымен, кириллицамен шыққан кітаптармен қатар, мерзімді басылымдардың да көне нұсқалары қорымызда сарғайған қалпында сақталып тұр. Бес миллионға жуық қорымыз бар. Қордың негізі 1937 жылдан басталады. Яғни, сол жылы Кітап палатасы құрылған болатын. Ал осы жылға дейінгі баспа өнімдері кітап палатасы қызметкерлерінің жан-жақты ізденісі арқылы жинақталған. Бұл ретте ауыз толтырып айтарлықтай қазынамыз жетерлік. Біздің қорымыздағы ең көне кітап 1897 жылы шыққан. Кеңінен тарқатсақ, Ыбырай Алтынсариннің қазақ тілінде оқу үшін жазған «Мактубат» хрестоматиясы (бұл 1899 жылы шыққан, екінші басылым), 1907 жылы Қазанда басылып шыққан С.Көбеевтің «Сарыарқаның кімдікі екендігі» әңгімесі, Ахмет Байтұрсынұлының 1906-1907 жылдары Семей баспаханасынан шыққан «Тіл құралы», 1922 жылы Ташкентте басылып шыққан «Оқу құралы», 1926 жылғы «Тіл танытқыш» кітабы, 1900 жылы Қазан қаласынан шыққан «Біржан сал мен Сара қыздың айтысы», 1922 жылы Ташкент қаласындағы Түркістан мемлекеттік баспасынан шыққан Міржақып Дулатұлының бірінші деңгейге арналған есеп құралы, тағы басқа көптеген құнды мұралар жетерлік. Осы құнды жәдігерлерді көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз. Әлбетте, осындай асыл қазыналарымызды көзден таса, жасырып ұстаудан аулақпыз. Тарихқа, әдебиетке қатысты ғылыми еңбек жазуға талаптанып жүрген студенттер, жас ғалымдар болсын, егер керек дүниесі біздің қордан табылып жатса, әрқашан есігіміз айқара ашық. Тіпті, сол сирек кітаптар мен қолжазбалардың бір бөлігін биыл мамыр айында Алматы қаласында өткен кітап жәрмеңкесіне шығардық. Көпшілік көзбен көріп, көзайым болды. Сол кезде халық пен оқырмандардың құтты қазынамызға деген ықыласын байқадық. – Соңғы жылдары авторларға қаламақы төлеу мәселесі жолға қойылып келеді. Дегенмен, бұл мәселеде әлі де шикіліктер бар секілді. Авторлардың қаламақасына көңілі толмайтын тұсы көп. Мұны шешудің жолы бар ма? – Қаламақыға қатысты біздің қоғамда әлі де кемшін тұстар баршылық. Бірақ қазір авторлар да бар жайтты ұғынып қалған. Қолынан келгенше кітап ретінде ұсынған туындысына қаламақы алғысы келеді. Бұл өте орынды, жаңды құбылыс. Ой еңбегі, шығармашылық еңбек әрқашан бағалануы тиіс. Өйткені кітабына қомақты қаражат алған қаламгер әрі қарай келесі шығармасын алаңсыз жазуға мүмкіндік алады. Әрине, жекелеген баспалар автормен келісімшарт арқылы қаламақы көлемін өзара шешеді. Ал жыл сайын мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың саны шектеулі. Барлық автордың қолы жете бермейді. Сондықтан баспа ісін мықтап қолға алған мамандар кітапты сатудың көзін таба білсе, түскен қаржыдан авторға қаламақы төлеуге шамасы жетеді. Бұл – әлемдегі қалыптасқан жағдай. Өкінішке қарай, мұндай межеге жете алмай отырмыз. Оған аудиторияның аздығы да кері әсер етуі ғажап емес. Өйткені халқымыздың саны өте аз. Баспалар сол себепті тәуекелге барғысы келмейтін секілді. Бұдан басқа, мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар әдебиеттерді шығаруға қатысты атқарылып келе жатқан екі үлкен келелі іс бар. Біреуінде қаламгердің туындысы сатып алынып, оған миллиондаған қаламақы төленеді. Көптеген қаламгерлер соның игілігін көріп те жүр. Өкінішке қарай, сол қаламгерлер қаламақы алғанын айта бермейді. Барды бар деп көрсетуіміз керек қой. Екінші бағдарлама бойынша авторлардың кітабы мемлекет қаржысына 3 мың тиражбен жарық көріп, еліміздің кітапханаларына таратылады. Осылайша жыл сайын 100-ге жуық ақын-жазушы қаламақысын алып, кітаптарын шығарып, бір марқайып қалады. Жас қаламгерлерге көп көңіл бөлінеді. Комиссия мүшелері жастардың да жарқырап көрінуіне өте мән береді. – Сіз айтқан осы олқылықтарды жойып, әдебиетті алға жылжытудың жолы бар ма? – Әдебиетті алға жылжытудың бағыт-бағдары көп. Автордан бастап баспаға дейінгі, одан соң баспадан оқырманға дейінгі аралықта түрлі жол бар. Біз ешқашан бұйығы, қоршауда қалған қала секілді өмір сүре алмаймыз. Әдебиет саласында да әлемдік үдерістен, әлемдік көштен қалмауымыз керек. Бұл бағытта аударма саласының алар орны зор дер едім. Біз өз таланттарымызды шет елдерге аударма арқылы танытпақ түгілі, кейінгі кездері әлемдік әдебиеттің озық үлгісіне айналып үлгерген алыптарды қазақ тіліне аудара алмай жатырмыз. Әдеби агенттер көптеп шығып, осы бағытта жақсы жұмыс істесе, өзімізді өзгеге аударып көрсетсек, өзгенің асылын өз тілімізде оқысақ, нұр үстіне нұр емес пе?.. Сондықтан аударма саласын дамытуымыз керек. Ол бір күннің, бір жылдың шаруасы емес. Мемлекет белгілі бір жұмысты жүйеге қойып, аяғынан тік тұрғызып беруі мүмкін. Бірақ, әрі қарай нарық заңдылығына сүйенсек, автор мен баспагерлер қысылтаяң шақтан шығудың жолын қарастыру қажет. Келер жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттің әдеби сыйлығын бекітті. Бұл сыйлық 18-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерге «проза», «поэзия», «драматургия», «балалар әдебиеті» номинациялары бойынша бұрын жарияланбаған шығармаларға беріледі. Мұны мемлекет тарапынан жас қаламгерлерге көрсетілген керемет қолдау, тамаша мүмкіндік дер едім. Одан бөлек, биыл «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы жарияланды. Өте ауқымды, ұлт руханиятының көкжиегіндегі елеулі іс деп айтуға болады. Жеті номинация бойынша әр жеңімпазға 5 миллион теңгеден беріледі. Қомақты қаржы. Мақсатымыз – ұлт әдебиетінің тынысын ашатын сүбелі дүниелердің өмірге келуіне жағдай жасау. Қазір «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына аталған номинациялар бойынша өтінімдер қабылданып жатыр. Шығармалар қазан айының 1-не дейін қабылданып, байқаудың қорытындысы желтоқсан айында жарияланады. – Еліміздегі баспа нарығына қандай баға бересіз? Нарыққа ілесе алды ма? – Егер «жоқ» деп бір сөзбен түйіндесек, отыз жыл ішінде талмай еңбектенген баспагерлердің жемісті еңбегін түгел жоққа шығарамыз. Қазіргі таңда «Қазақстанның баспагерлер, полиграфистер және кiтап таратушылар қауымдастығы» жұмыс істейді. Іргелі ұйым еліміздегі маңдайалды деген 50-ге жуық баспаның басын қосып отыр. Әр баспа қал-қадірінше күнін көріп, шама-шарқынша қимылдап жатыр. Өкініштісі, кітап дүкендеріне бара қалсаң қазақша авторлардың кітаптарын сирек көреміз. Әрине, соңғы жылдары жекелеген, тек қазақ тілінде кітап сататын дүкендер желісінің қатары артып келеді. Шынын айту керек, біздің елде кітап шығаруға деген қолдау да өте жоғары. Мемлекеттік тапсырыспен мыңдаған кітап жарыққа шығады. Десек те нарықты толық қолға алуға не кедергі? Баспа ісі дегеніміз – тұтастай бір өндіріс секілді. Қазір техника, технология дамыған заман. Бірақ, бәрін бірдей соған тіреп қоюға болмайды. Баспагерлер кітапты безендіру жұмыстарынан бастап менеджмент жұмыстарын жете игеруі тиіс. Сонда ғана нарықтағы бәсекелестікке төтеп беріп, шығарған кітаптарын сатып, пайда көре алады. – Шетел тәжірибесіне үңіліп көрдіңіз бе? – Маусым айында Бішкек қаласында өткен «Искусство книги» халықаралық байқауына қатысып қайттым. Мерзімді баспасөз, кітап шығару, кітап тарату және полиграфия саласындағы ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық кеңес өткізетін бәйгенің биылғы ерекшелігі – Әзірбайжан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының қатысуы болды. Бұл байқауға Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Әзірбайжан, Өзбекстан, Армения, Беларусь, Тәжікстан Республикасы қатысқан болатын. Бір қуанарлығы, осы байқауда қазақстандық баспалар толағай табысқа қол жеткізіп, бірінші, екінші орындарды иеленді. Байқау қорытындысы халықаралық Мәскеу кітап көрме-жәрмеңкесі қарсаңында салтанатты түрде жарияланады. Осындай деңгейдегі дәргейі биік шаралар еркін тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік береді. Ал, әлемдік тәжірибеге тоқталсақ, немістердің полиграфиясы мықты дамыған. Олар шығарған кітаптардың сапасы да, дизайны да ерекше. Сондықтан біз үйренуден, жатпай-тұрмай тәжірибе алмасудан жалықпауымыз керек. – Кітап оқыту үшін кітап көрмесінен басқа не істеу керек? – Кітап жәрмеңкесін, кітап көрмесін өткізудің маңызы зор. Бұл баспагерлерге өз өнімін оқырманға тікелей ұсынуға үлкен мүмкіндік жасайды. Қаламгер мен оқырман арасындағы байланыс та нығаяды. Мәселен, биыл 28-30 мамыр аралығында Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы Алматы кітап жәрмеңкесін өткізді. Үш күн бойы жәрмеңкеге келушілердің қатары азайған жоқ. Кітап жәрмеңкесіне 60-қа жуық баспа мекемесі мен кітап дүкені қатысты. Сол жерге әкелінген 14 мың кітаптың 9 мыңнан астамы сатылып кетті. Ресей, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстаннан арнайы қонақтар келді. Қаламгерлер оқырмандармен кездесіп, қолтаңба берді. Жырдан шашу шашылып, түрлі кітаптардың тұсауы кесілді. Баспа өкілдері тәжірибелерімен бөлісіп, өз өнімдері туралы жәрмеңке қонақтарына жан-жақты мағлұмат таратты. Мұндай іс-шаралар ай сайын өткізілсе де артық етпейді. Ал көрмеден басқа не істеуге болады десек, енді кітап тарату ісін мықтап қолға алатын кез жетті. Жекелеген кітап дүкендерінің саны арта түссе, ол да осы салаға алға жылжуына ықпал етеді деп айта аламын. Қазір кітаптарды онлайн сатып алуға мүмкіндік бар. Кейбір дүкендер жеткізу қызметін тегін жасап қойған. Мұның бәрі оқырманның кітап оқуға деген ынтасын еселей түсетініне сенімдімін. – Алаш мұрасы мен архив материалдары қаншалықты зерттелді? Кезінде алаштықтар шығарған оқулықтар мен басқа да құнды кітаптарды қайта басуға не кедергі? – Бұл бағытта алаштанушы ғалымдар талай еңбек сіңірді. Әрине, Алаш мұрасын зерттеу, зерделеу жұмыстары мұнымен біткен жоқ. Алаш ардақтылары тек саяси бағытта емес, елдің ертеңі үшін түрлі салада өнімді еңбек етіп, ұлтты оятуға, халықтың көкірегіне сәуле жағуға ұмтылды. Бір қуанатыны, бүгінгі таңда Алаш ардақтыларының мұрасын жинақтау барысында белгілі әдбиетші, тарихшы ғалымдардан өзге жекелеген азаматтар да белсенді іс жасап жүр. Мысалы, «Отбасы хрестоматиясы» қорының жігіттері соңғы кездері Алаш ардақтылары кезінде аударған әлем әдебиетінің жауһарларын қайтадан кітап етіп шығарып жатыр. Жоғарыда айтып өткен «Алматы кітап жәрмеңкесінде» сол жігіттер аталған кітаптарды таныстырып өтті. Демек, Алаш ардақтыларының артында қалған мұрасына деген қызығушылық күн санап артапса, еш кеміген емес. – Кітап палатасында не жаңалық, не өзгеріс бар? – Биылғы үлкен жоба – «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы. Осы бір ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосатын ауқымды жобаны абыроймен өткізу – басты мақсатымыз. Одан кейін, Кітап палатасының пандемия алдында басталған «Асыл сөз» атты жобасы бар. Онда аузы дуалы тұлғалармен еркін форматта сұхбат құрып, тұщымды ойларды ортаға салуға тырыстық. Осы кезге дейін қазір арамыздан кеткен қаламгерлер – Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов және Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовпен, сондай-ақ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов, Бексұлтан Нұржекеұлы, Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімовпен мазмұнды сұхбаттар жасалды. Одан өзге, қорымыздағы сирек кітаптар мен қолжазбаларды елге таныту мақсатында да бір жоба ойластырып отырмыз. Тағы бір ауқымды жобамыздың бірі – bookfund.kz порталы. Бұл Қазақстан Республикасының кітап ісі, кітап қорының статистикасын анықтау мақсатында, кітапханалар, баспалар және кітап сауда ұйымдары үшін, жас және бастаушы авторларды қолдау мақсатында жасалған интерактивті алаң. Осы порталдан еліміздегі кітапханалардың кітап қоры туралы мәлімет алуға болады. Портал арқылы баспагерлер, кітапханалар, кітап дүкендері мен авторлар тікелей байланысқа шыға алады. – Әңгімеңізге, рақмет!